Астанада Халықаралық жастар күніне арналған ауқымды мерекелік шара өтіп, оған еліміздің барлық өңірінен 3 мыңға жуық жас қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды мерекемен құттықтап, елдің болашағы, жасанды интеллект, жаңа Конституция және жастарға көрсетілетін қолдау туралы айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Елордада өткен жиынға волонтерлер, жас ғалымдар мен кәсіпкерлер, спортшылар, өнер өкілдері, жастар ұйымдары мен ресурстық орталықтардың мамандары, мемлекеттік қызметшілер және қоғам белсенділері жиналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға арналған құттықтауын Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.

Мемлекет басшысы өз үндеуінде жастарды қоғамды алға бастайтын негізгі күштердің бірі деп атады. Оның сөзінше, қазақстандық жастар бүгінде халықаралық білім және ғылым байқауларында, спорттық додаларда жоғары нәтиже көрсетіп жүр.
«Жастарды қолдау саясаты мемлекетіміз үшін әрдайым негізгі басымдық болып қала береді. Қазіргі таңда республикамыздың әр аймағында көптеген мектептер, спорт нысандары, даму орталықтары салынып жатыр. Ауқымды жобалар қолға алынып, дарынды жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде», – деді Президент.
«Тәуелсіздік ұрпақтары»: жастарға берілетін мүмкіндік
Құттықтауда Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына да ерекше тоқталды.
Президент бұл жобаны белсенді, білімді әрі өз идеясын жүзеге асыруға дайын жастарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың нақты мысалы ретінде атады.
«Бүгін табысталатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – соның жарқын көрінісі. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарды» анықтайтын үздіктер сайысы озық ойлы, отаншыл, білімді әрі еңбекқор азаматтардың басын қосып отыр».
Мемлекет басшысы жастарға ерекше жауапкершілік жүктеліп отырғанын да атап өтті.
«Қастерлі Отанымыздың болашағы – Сіздердің қолдарыңызда!»
Президент жаңа Конституция туралы не айтты?
Тоқаев елде жүріп жатқан реформаларға тоқталып, жаңа Конституцияның Қазақстанның әрі қарай дамуына мүмкіндік беретін маңызды негіз болғанын айтты.
«Қазір елімізде барлық салада түбегейлі реформалар жасалып жатыр. Халқымыз жалпыұлттық референдумда бірауыздан қабылдаған жаңа Конституция еліміздегі ауқымды өзгерістерге тың серпін берді, Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашты».
Президенттің айтуынша, Ата Заңда адам капиталын дамытуға, білім мен ғылымға, инновацияға басымдық берілген.
Сонымен қатар волонтерлік қызметті мемлекеттік деңгейде қолдау мәселесі де алғаш рет нақты көрініс тапқан.
«Ата Заңымызда адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде айқындалды. Сонымен қатар, бас құжатта алғаш рет волонтерлік қызметке мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні нақты жазылды. Осылайша, біз қоғамда өркениетті ұлтқа тән жаңа этиканы орнықтырып, «Таза Қазақстан», «Адал азамат» қағидаттарын ұлт санасына сіңіре бастадық».
Жасанды интеллект дәуіріндегі жастар
Президент үндеуіндегі назар аударарлық тақырыптардың бірі – цифрландыру мен жасанды интеллект.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа технологияларды барлық салаға белсенді енгізіп жатқанын айтып, мұның ел дамуы үшін стратегиялық маңызы бар екенін жеткізді.
Бұл тұста жастардың рөлі айрықша. Себебі технологиялық өзгерістерге ең жылдам бейімделетін, жаңа мамандықтарды меңгеретін және тың идеяларды іске асыратын буын – бүгінгі жастар.
«Қазақстан беделі жоғары мемлекет ретінде дамудың даңғыл жолына түсіп, тарихи өрлеу кезеңіне қадам басты. Еліміз жаппай цифрландыру ісін қарқынды жүргізіп, жасанды интеллект технологияларын барлық салаға белсенді енгізіп жатыр».
Тоқаев Қазақстанның түпкі мақсатын да атады.
«Түптеп келгенде, біздің мақсатымыз – экономикасы қуатты, Заң мен Тәртіп үстемдік ететін, Әділетті, Озық, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру».
«Жастар кез келген белесті бағындыра алады»
Президент жастарды жаңашылдықтан қорықпауға, елдегі маңызды бастамалардың бел ортасында болуға шақырды.
«Жаңашылдыққа ұмтылған, игі бастамалардың бел ортасында жүрген жалынды жастар кез келген белесті бағындыра алады. Мен бұған кәміл сенемін! Баршаңызға табыс тілеймін! Жолдарыңыз ашық болсын! Қастерлі Отанымыз – Қазақстан көркейе берсін!» – делінген Президент құттықтауында.
Халықаралық жастар күні аясындағы шарада «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты байқауының жеңімпаздары да марапатталды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен аяқталды.
Биылғы жастарға арналған үндеудің негізгі ойы бір: мемлекет жас буынды тек әлеуметтік қолдаудың нысаны ретінде емес, Қазақстанның алдағы экономикалық, технологиялық және қоғамдық өзгерістерін жүзеге асыратын күш ретінде қарастырып отыр.