Оларға еліміздің ұлттық қолөнер саласындағы 10 үздік шебері тәлім берді.

Елордада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырған «Ұлттық қолөнер мектебі» білім беру жобасы қорытындыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

208 қатысушы тегін білім алды
Жоба 27 шілде мен 12 тамыз аралығында өтті. Осы уақыт ішінде 8-20 жас аралығындағы 208 қатысушы дәстүрлі қолөнердің технологиялары мен қыр-сырын үйренді.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысушыларды жобаның сәтті аяқталуымен құттықтап, тәлімгер шеберлерге, ұйымдастырушыларға, ата-аналар мен қатысушыларға алғыс білдірді.
Ол бүгінде дизайн, сән, сәулет, туризм және креативті индустриялардың басқа да бағыттарында ұлттық нақышқа қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті. Бұл үрдіс шеберлер мен жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

«Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтар мен тарихи-мәдени мұраны сақтауға, шығармашыл жастарды қолдауға және креативті индустрияларды дамытуға ерекше назар аударып келеді. Қолөнер – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымы мен көркем талғамын танытатын асыл қазына. Сондықтан ұлттық қолөнерді сақтау жекелеген бұйымдарды жинақтап, көрмеге қоюмен ғана шектелмейді. Оның ең сенімді жолы – өнердің қыр-сырын шеберден шәкіртке үйретіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғау. «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы осы маңызды міндетке нақты үлес қосып отыр. Ендігі маңызды міндет – дәстүрлі қолөнерді сақтап қана қоймай, оған заманауи дем беру. Дәстүр өткеннің жәдігері болып қалмай, қазіргі дамудың қуатты ресурсына айналуы керек», – деді Аида Балаева.
Жастар қолөнердің 10 бағытын меңгерді
Қатысушылар ұлттық қолөнердің 10 бағыты бойынша тәжірибелік білім алды. Оқу бағдарламасына дәстүрлі қолданбалы өнердің бірнеше түрі кірді:
- зергерлік өнер;
- ағаш өңдеу;
- тері өңдеу;
- киіз басу;
- қыш өнері;
- кілем тоқу;
- сүйек ою;
- дәстүрлі қолөнердің өзге де бағыттары.
Сабақтарда жастар тек теориялық білім алып қана қоймай, қолөнер бұйымдарын өз қолымен жасап, шеберлердің тәжірибесін тікелей меңгерді.

Ерекше балаларға арнайы топ ашылды
«Ұлттық қолөнер мектебінде» инклюзивті білім беруге де ерекше көңіл бөлінді.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы топ ұйымдастырылды. Сабақтар олардың шығармашылық қабілетін ашуға, ұсақ моторикасын жетілдіруге және практикалық еңбек дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.

Қорытынды іс-шарада тәлімгер шеберлер мен жоба түлектеріне сертификаттар табысталды. Қатысушылардың авторлық жұмыстары да көпшілік назарына ұсынылды.
450-ден астам өтінім түсті
Жоба жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Қатысуға 450-ден астам өтінім келіп түскен.
Конкурстық іріктеу қорытындысында 208 бала мен жасөспірім тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Тәлімгерлерді іріктеуге де еліміздің барлық өңірінен жүздеген шебер қатысты:
- 331 өтінім қабылданды;
- 271 өтінім техникалық іріктеуден өтті;
- конкурстық комиссия 10 үздік шеберді таңдады.
Олар жоба барысында өз тәжірибесі мен кәсіби шеберлігін жас буынға үйретті.

Дәстүрлі өнер креативті индустрияның бір бөлігіне айналмақ
«Ұлттық қолөнер мектебі» ұлттық мәдени мұраны сақтап, оны жас ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Сонымен бірге жоба дәстүрлі қолөнерді заманауи креативті индустрияның маңызды бағыттарының бірі ретінде дамытуға мүмкіндік береді.
Жобаның тағы бір мақсаты – балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін ашу, ұлттық өнерге қызығушылығын арттыру және болашақта осы саланы кәсіпке айналдыруына мүмкіндік жасау.
Ұлттық нақыштың сән, дизайн, сәулет және туризмде кеңінен қолданылуы дәстүрлі қолөнерге жаңа нарық пен жаңа аудитория қалыптастыра алады.