Шеннен биік жауапкершілік

836
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Кейде адамның өмір жолын бір ғана шешім айқындайды. Ал кейде сол шешімнің ар жағында әкенің өнегесі, балалық шақтағы көргені, туған жердің тәрбиесі жатады. 2-сынып сержант Бақытжан Қамысбеков әскери қызметке келу жолы да осындай сабақтастықтан басталған. Ерен еңбек пен қажымаз қайраттың арқасында кейіпкеріміз қызмет жолында  2021 және 2023 жылдары Қазақстанның үздік старшинасы атанған.

 

1983 жылдың 24 желтоқсанында Түркістан облысы, Бәйдібек ауданына қарасты Ақбастау ауылында дүниеге келген Бақытжан Райымбекұлының балалық шағы ауылдың қарапайым тіршілігімен өтті. Туған жердің топырағында түлеп, сол ауылдағы Шоқан Уәлиханов атындағы №9 мектептен білім алды. Мектептен кейін колледжде салық қызметкері мамандығын меңгерді. Өмірінің келесі белесі оны Жамбыл облысы Қордай ауданы, Гвардейск гарнизонына мермізді әскери қызметке алып келді. Ал Отан алдындағы борышын өтеу оның кәсіби өмірінің жаңа бағытын айқындады.

Әскерден кейін азаматтық өмірге қайта оралуына да болар еді. Алайда әскери орта, тәртіп, жауапкершілік пен қызметтің өзіндік рухы Бақытжан Райымбекұлын осы жолда қалдырды. Ол келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастырды. Содан бері бірнеше жыл емес, тұтас ғұмыр әскери формамен біте қайнасып келеді.

Оның әкесі де өмірін әскери қыз­метпен байланыстырған. Кеңес дәуі­рінде әскери салада қызмет еткен, бүгінде запастағы подполковник, зейнеткер. Әкенің формасы, тәртібі, қызметке деген көзқарасы баланың санасында ерте қалыптасты. Сондықтан әскери өмір кейіпкеріміз үшін бөтен дүние емес еді. Ол үшін бұл – әкеден балаға жалғасқан жауапкершілік жолы.

Әкеден көрген тәртіпті өмірде ұстану, Отанға қызмет етудің мәнін түсіну, әскери адамның сөзінде тұруы – кейін Бақытжан Райымбекұлының да басты ұстанымдарына айналды.

Әскери қызмет – сырт көзге форма киіп, белгіленген уақытта қызметке келіп, бұйрықты орындау сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның ішкі салмағы әлдеқайда ауыр. Әсіресе старшина қызметі тек міндетті орындаумен шектелмейді. Старшина – сарбаздың күнделікті тыныс-тіршілігіне жақын адам. Оның көңіл күйін, жағдайын, қажетіне дейін білуі керек. Кейде командирдің бұйрығын орындаушы ғана емес, жас жауынгерге ақыл айтатын аға, қиын сәтте сүйеніш болатын азамат болуы шарт.

Бақытжан Райымбекұлы сарбаздарды бөліп-жармайды. Қызметте кімнің қай өңірден келгеніне, мінезінің қандай екеніне немесе отбасындағы жағдайына қарамастан, барлығына бірдей қарайды. Оның түсінігінде әділдік – старшинаның беделін қалыптастыратын негізгі қасиеттердің бірі.

Сарбаздың көңілін түсірмей тәртіпке шақыру, талап қоя отырып адамдығын жоғалтпау – үлкен шеберлікті қажет етеді. Тәртіп қатал болуы мүмкін, бірақ қарым-қатынас адамдық шеңберден аспауы тиіс. Сондықтан Бақытжан Райымбекұлы үшін старшина болу – шен немесе лауазым емес. Бұл – үлкен жауапкершілік.

Әскери бөлімдегі тәртіпті ол үлкен дүниелерден емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден көреді. Өз орныңды таза ұстау, белгіленген уақытта дайын болу, берілген тапсырманы соңына дейін орындау, әскери мүлікке ұқыпты қарау – мұның бәрі жауынгердің жалпы мәдениетін қалыптастырады.

Әскери қызметке алғаш келген жылдары отбасы үшін де бұл өмірге бейімделу оңай болмаған. Себебі әскери адамның қызметі белгіленген жұмыс уақытымен ғана шектелмейді. Жауапкершілік жоғары. Кейде жоспардан тыс міндеттер шығады. Қызметтің өз тәртібі бар. Алайда, уақыт өте келе бәрі орнына келді. Жақындарының түсіністігі мен қолдауы Бақытжан Райымбекұлына қызметте өз міндетін алаңсыз атқаруға мүмкіндік берді. Қазір жанұясы оның әскери қызметіне оң көзқараспен қарайды.Үйдегі тәрбие де әскери қызметтің өзіндей тәртіпке негізделген. Балаларына Бақытжан Райымбекұлы үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуді үйретеді. Адамның кім екеніне қарамастан, сыйластық көрсету керек деген ұстаным отбасындағы тәрбиенің өзегіне айналған. Кейіпкеріміз үшін отбасы – қызметтегі жауапкершілігін түсінетін, әрдайым жанынан табылатын үлкен тірек.

Қызмет жолындағы әр адамның есінде ерекше қалған сәттер болады. Біреу  алғашқы әскери ант, енді біреу  қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдаған күнін ұмытпайды. Ал Бақытжан Райымбекұлы үшін марапаттарының орны бөлек. Ол – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысынан алған марапатын зор мақтаныш санайды. Марапат – сырт көзге кішкентай ғана белгі болуы мүмкін. Бірақ әскери адам үшін оның салмағы бөлек. Өйткені оның артында күнделікті  тәртіп, уақытпен санаспай қызмет ету, сарбаздармен жұмыс, жауапкершілік пен жылдар бойғы тәжірибе тұрады.  Жоғарыда айтып өткендей, Бақытжан Райымбекұлының қызмет жолындағы маңызды белес – 2021 және 2023 жылдары Қазақстанның үздік старшинасы атануы. Аталмыш жетістікке осы жылдарда Ұлттық ұлан бөліністерінің арасында ең үздік рота шашушылығы жағынан жүлделі 1-орынды жеңіп, қол жеткізген. Старшинаның жұмысы көбіне көзге көріне бермейді. Ол үлкен шараларда мінберге шықпауы мүмкін. Бірақ бөлімдегі күнделікті тәртіптің сақталуынан, сарбаздың уақытында тамақтануынан, тыныш ұйықтауынан, қажетті жағдайының жасалуынан оның еңбегін көруге болады.

Бақытжан Райымбекұлы бүгінгі әскери қызметті бұрынғы кезеңмен салыстыра отырып, қазіргі сарбаздардың жағдайына қуанатынын жасырмады. Оның айтуынша, қазір әскерде сарбаздардың тамақтануына, тынығуына, ұйқысының тыныштығына аса мән беріледі. Үйіндегі жақындарымен телефон арқылы сөйлесуге, бейнебайланыс арқылы дидарласуға мүмкіндік бар. Кеше мен бүгіннің айырмашылығы осындай қарапайым дүниелерден де байқалады. Сарбаз үшін анасының дауысын есту, әкесінің жағдайын сұрау, үйіндегі адамдарды экраннан көрудің өзі үлкен демеу. Ал старшина үшін сарбаздың көңілі тыныш болуы – қызметтің дұрыс ұйымдастырылғанының бір белгісі. Сондықтан ол қазіргі сарбаздардың жағдайын көріп, қуанады. Кейде тіпті өзінің де мерзімді әскери қызметке қайта барып, сол кезеңді бастан өткергім келеді деп әзіл-шыны аралас айтқаны тағы бар.

Әскери жолдың қиындықтары да аз болған жоқ. Қызметте әр күн бірдей өтпейді. Жауапкершілігі мол міндет, сарбаздармен жұмыс, тәртіпті сақтау, қызмет пен отбасын қатар алып жүру – мұның бәрі адамның сабырын сынайды. Әсіресе қызметтің алғашқы жылдары отбасымен бірге тепе-теңдік сақтау қиын болған. Бірақ кез келген қиындықты жеңудің бір жолы бар. Ол – уақыт пен түсіністік. Уақыт өте келе қызметтің қыр-сырын меңгеру, отбасының әскери өмірді түсінуі, өз міндетіңе бейімделу – барлығын орнына келтіреді. Бақытжан Райымбекұлы да осы жолдан өтті. Бүгінде оның бойындағы сабырлылық пен тәжірибе жылдар бойғы қызметтің нәтижесі.

Оның әскери қызметке көзқарасын бір нәрсе анық көрсетеді: егер өмірді қайта бастау мүмкіндігі берілсе, ол тағы да осы жолды таңдар еді. Бұл – кез келген маман үшін маңызды жауап. Өйткені жылдар өте келе адам өзінің таңдаған жолына баға береді. Кейде «басқа жолды таңдасам қалай болар еді?» деген ой келеді. Ал Бақытжан Райымбекұлы үшін мұндай күмән жоқ. Ол әскери қызмет жолын тағы да таңдар еді. Өйткені бұл жол оның өмірінің бір бөлігіне айналды. Балалық шақтағы әке өнегесінен басталған жол оны старшиналық қызметке алып келді. Қызмет барысында марапаттар мен кәсіби жетістіктерге жетті. Ең бастысы – адамдармен жұмыс істеуді, жауапкершілікті, тәртіпті үйренді. Енді бұл жолдың жалғасын өз баласынан көргісі келеді.

Әке жолын жалғау – әр отбасында кездесе бермейтін ерекше сабақтастық. Отбасы тірегінің туған ұлы да Ұлттық ұлан Академиясына түсіп, тарихи жолды жалғауды армандайды. Бұл – әке үшін үлкен қуаныш. Бір кездері Бақытжан Райымбекұлы әкесінің әскери жолына қарап бой түзесе, бүгінде оның ұлы әке қызметіне қарап болашағын таңдауға ниетті. Осы жерде әскери әулеттің жалғастығы көрінеді. Әкеден балаға берілетін ең үлкен мұра кейде дүние-мүлік емес, өмірлік ұстаным болады. Тәртіп, адалдық, Отанға қызмет ету, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу – осындай құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Үздік старшина да баласына ең алдымен осыны үйретті.  Егер ұлы шынымен Ұлттық ұлан Академиясына түсіп, әскери мамандықты таңдаса, әкесінің жолы жаңа буында жалғасады. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас бір отбасының тарихы.

Старшина Қамысбековтың өмір жолына үңілсек, оның негізінде бір ғана ұғым жатқанын аңғаруға болады. Ол – тәртіп. Бірақ бұл тәртіп құрғақ талапқа айналмаған. Оның жанында адамға деген құрмет, сарбазға деген қамқорлық, отбасыға деген жауапкершілік бар.

Старшина – әскери бөлімдегі тәртіптің сақшысы ғана емес, жас жауынгердің бойына азаматтық қасиеттерді сіңіруге ықпал ететін аға буын өкілі. Әр сарбазға өз баласындай қарау деген ұстаным да осыдан шыққан. Жылдар өте келе адамның қызметтік атағы өзгеруі мүмкін. Шен өседі, марапат көбейеді, лауазым ауысады. Бірақ адамдық өлшем өзгермеуі керек. Үздік старшинаның әскери жолы осыны аңғартады.

Ақбастау ауылынан басталған қарапайым баланың өмір жолы бүгінде Ұлттық ұлан қатарындағы ұзақ жылғы қызметпен сабақтасып жатыр. Ал бүгін ол өзі көрген тәрбиені жас сарбаздарға беріп келеді. Бұл – бір күнде жазылған жетістік тарихы емес. Бұл – жылдар бойы қалыптасқан еңбек жолы. Мүмкін, нағыз старшинаның бейнесі де осында шығар.

Міне, Бақытжан  Райымбекұлының әскери портреті осындай. Туған жерден басталған жол оны үлкен жауапкершілікке алып келді. Ал сол жолдың соңында емес, жалғасында енді тағы бір есім тұр. Ол – әкесінің әскери формасына қызығып, Ұлттық ұлан Академиясына түсуді армандаған ұлының есімі. Демек, бұл әңгіме әлі аяқталған жоқ. Өйткені кейбір тағдырлар бір адамның өмірімен шектелмейді. Олар әкеден балаға жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа өтетін қызмет жолына айналады.

 Диас ҚОЙШЫБАЙ, Астана қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -