660
Фотосурет: Пресс-служба Национальной гвардии МВД РК

5518 әскери бөліміне Семей қаласынан шақыртылған ағайынды Әлішер мен Алдияр Әбдіғалиевтер күні кеше әскери ант қабылдап, бүгін жауынгерлік қаруға да ие болды. Әскерге алғаш болып шақырту Алдиярға келген. Алайда өзінен бір жас кіші інісі Әлішер де ағасымен бірге Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуді жөн көрген. Бұл шешімді ата-анасы да қолдап, қос ұлын бір әскери бөлімге шығарып салған. Аға-інілі сарбаздар құқықтық тәртіп әскеріндегі жауынгерлік қызметтен алған әсерлерімен бөлісті.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Өскемен қаласындағы әскери бөлімге келген екі жүзге жуық жас сарбаздардың ішінде ағайынды Әбдіғалиевтер де бар. Жас айырмашылықтары небары бір жас болғандықтан қайсы үлкен, қайсы кіші екендіктерін аңғару қиын. Тіпті кішісі Әлішер үлкеніне қарағанда сұңғақтау, иықты болып ер жетіпті. Дегенмен, сұхбат барысында сұраққа ағасынан кейін жауап беріп, біртуғанының ым-ишарасын күткендей қас қабағына қарап, інілік ізеттілік танытты.

Қара шаңырақтағы қос ұлда балаң шағынан тұрмыстағы күйбең тірлікке пісіп өскен. Нарық қысқан заманда нәпақа табамын деген ата-ана ала таңнан кешке дейін саяжайға қос құлыншақты қалдырып, қалаға сенделеді. Тете боп өскен екеуі үй шаруасын реттеп, бастауыш сыныптан бастап, тамақ әзірлеуді үйренеді. Осылайша, әлі құрып, жұмыстан келген ата-анасына ас пісіріп қояды.

– Бауырым ет кессе, мен картоп тазалап, тамақ әзірлесек те бірге істейтінбіз. Бір күні анамның туған күні таяп қалған уақыт еді. Екеуіміз анам жұмыстан келгенде алдына тәтті тамақ қоялық деп келістік. Әрине, бәрі ютубтың арқасы. Дүкеннен қажет дәмдеуіштерді алып, анамыздың туған күніне тосын сый жасадық. Қателеспесем ол кезде төрт-бес оқитын шығармыз, – дейді Алдияр Әдбіғалиев.

Алты жастарынан ас әзірлеуді машық қылған ағалы-інілі мектеп бітіргеннен кейін аспаздық мамандықты таңдайды. Колледж оқып жүргенде кондитерлік дүкендерге ауысым бойынша жұмыста жасап жүреді. Мерзімді әскери қызметшілер асханадағы тамақтың құнарлығына тоқталды.

– Екі-үш қасық асап жіберсең, тыңқиып қаласың. Тамақ нәрлі ғана емес, сонымен қатар дәмді. Ұлттық ұлан сапына келгелі бір ай ғана уақыт өтті. Екеумізде салмақ қосыппыз. Әскерге барған сарбаз үшін кез келген ата-ана уайымдайды. Анамыз қайта-қайта уайымдамай, бір рет ғана уайымдайын, оның үстіне бір-бірлеріңе қамқор болып жүресіңдер деп бізді бірге жіберді. Кезінде бір облыстың ішінде болған екі қаланың арасы да қашық емес. Ант қабылдау іс-шарасына ата-ана, туған-туыстардың барлығы келіп, бізге сәттілік тіледі. Біз Ұлттық ұлан сапында Өскемен қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қадағалаймыз. Ол үшін әскери бөлімде құқықтық сауаттылығымызды арттырып, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгерудеміз, – дейді 5518 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі Алдияр Әбдіғалиев.

Әлішер мен Алдиярдың өмір жолы осы уақытқа дейін қатар өрілген. Ұлттық ұлан сапында олар Өскемен қаласының қауіпсіздігін қадағалайтын жауынгерлік қызметті атқарады. Жауынгерлік жасақ қатарында жүрген ағайындылар қала көшелерін алшаң әрі сақ басып, күдік танытқан қайманаларды назарға алып, қажет болған жағдайда тоқтатып жөн сұрасады. Жайшылықта ас үйдің айналасында жүрген ағайындылар қайшылықта тұтқиылдан келгенге тойтарыс беріп, қаша жөнелгенді қуыс басуға дағдыланған. Әсіресе, жеңіл атлетиканы мектеп қабырғасынан серік еткен Әлішер жауынгерлік қызметке тез бейімделіп кетті. Жалпы, ағайындылар үшін туған жерлерінен небары екі жүз шақырымда ғана жүргендері көңілге медеу сыңайлы. Ата-аналары үшін де балаларын демалыс уақытында сейілдемеге алып шығуға қолайлы. Жауынгерлік жасақ қатарында өзен бойындағы көшемен жүрген олар асау ағынды Ертіске де аракідік көз тастайды. Сарқырай аққан өзен бұлардың саяжайының жанынан да бұрала өтеді екен. Отан қорғау ағайындылар үшін бұл тек азаматтық борыш емес, туған ел алдындағы жауапкершілікті бірге арқалаудың жарқын үлгісі. Айта кетейік, Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөліміне мерзімді әскери қызметін жаңа бастаған сарбаздар Абай, Жетісу, Павлодар, Түркістан және Астана қаласынан шақыртылған.

Лейтенет Рүстем Мұхаметрақым

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -