Дүниежүзілік банк Қазақстандағы әйелдердің мүмкіндіктерін қалай бағалады?

935
Фотосурет: Максима Золотухина/DKNews.kz

2026 жылы Дүниежүзілік банк әлемнің 190 экономикасындағы әйелдердің экономикалық теңдігіне жасалған жағдайларды бағалайтын Women, Business and the Law 2026 жаңа зерттеуін ұсынды.Зерттеу тек заң жүзінде бекітілген құқықтарды ғана емес, бірден үш бағытты қамтиды: заңнамалық базаны, қолдау тетіктері мен институттардың болуын, сондай-ақ заңдардың іс жүзінде қалай қолданылатынын бағалайды.

Жалпы, Қазақстанда әйелдердің экономикалық теңдігіне қатысты заңнамалық жағдайлар айтарлықтай жоғары бағаланған: 100 балдың 73-і. Алайда заңмен бекітілген құқықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қолдау тетіктерінің бағасы едәуір төмен болып, небәрі 57,43 балды құрады.

Мұндай мәселе тек Қазақстанға немесе жекелеген өңірлерге ғана тән емес, ол бүкіл әлемде бар. Заң жүзінде бекітілген құқықтар мен оларды іс жүзінде жүзеге асыруға қажетті жағдайлар арасындағы алшақтық — Дүниежүзілік банк атап көрсеткен негізгі мәселелердің бірі. Women, Business and the Law 2026 деректеріне сәйкес әлем бойынша заңнамалық базаның орташа көрсеткіші 100 балдың 67-сін құраса, қолдау тетіктерінің көрсеткіші небәрі 47 балға тең. Дүниежүзілік банк тең құқықтардың болуы өздігінен тең мүмкіндіктерге кепілдік бермейтінін атап көрсетеді — әйелдердің осы құқықтарды пайдалана алуы үшін институттар, бағдарламалар, қызметтер және басқа да практикалық тетіктер қажет.

Айта кетерлігі, Қазақстанда әйелдерді қолдауға бағытталған кейбір тетіктер тиімді жұмыс істеп келеді және олардың бірқатары бұрыннан жүзеге асырылуда, оларға халықаралық сарапшылар да назар аударған. Осындай тетіктердің бірі — Азия даму банкінің (АДБ) қолдауымен Отбасы банк жүзеге асырып отырған «Ұмай» жеңілдетілген ипотекасы.

Маңызды жайт, активтерге, соның ішінде жеке баспанаға иелік ету — Women, Business and the Law индексін бағалау кезінде ескерілетін негізгі бағыттардың бірі. Бұл фактордың маңызы Дүниежүзілік банктің 2024–2030 жылдарға арналған Гендерлік стратегиясында да көрсетілген: оның мақсаттарының бірі — әйелдердің активтерге иелік етуіне және оларды басқаруына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою. Дүниежүзілік банк әл-ауқатты арттыру және кедейлікті азайту үшін маңызды активтер қатарына тұрғын үйді, жерді және жылжымайтын мүлікті (housing, land and property) жатқызады. Ұйымның мәліметінше, әйелдердің мүліктік құқықтарын нығайту инвестициялар мен қарыз қаражатына қолжетімділікті кеңейтуге, табысты арттыруға және экономикалық күйзелістерге төтеп беру мүмкіндігін күшейтуге ықпал етеді.

«Ұмай» бағдарламасын қаржыландыратын АДБ да әйелдердің жеке баспанаға қол жеткізуі мен тұрғын үй жағдайын жақсартуы олардың қаржылық тұрақтылығы мен дербестігін арттырып, жалпы тұрақты дамуға ықпал етеді деп санайды. Биыл сәуірде даму институты қолжетімді тұрғын үй қаржыландыруын кеңейту және «жасыл» ипотеканы дамыту үшін Отбасы банкке 90 млрд теңге (немесе 173,6 млн АҚШ доллары) бөлуді мақұлдады. Жоба аясында 2 мыңнан астам үй шаруашылығына баспана сатып алуға қаржы бөлу жоспарланған, басымдық әйелдерге беріледі.

АДБ мұндай бағдарламалардың маңызы тек баспана мәселесін шешумен шектелмейтінін атап көрсетеді. АДБ-ның Қазақстандағы директоры Утсав Кумар қолжетімді ипотекалық кредиттер әйелдердің өмірін жақсартып, олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейте алатынын атап өтті.

Естеріңізге салсақ, «Ұмай» ипотекасы алғаш рет 2021 жылы іске қосылды. Алғашқы үш жылда бағдарлама 3,7 мыңға жуық қазақстандық әйелдің жеке баспана сатып алуына көмектесті.

Биыл өтінім қабылдау 31 тамызда басталады. Бағдарламаға 18 бен 65 жас аралығындағы, ресми табысы расталған және кемінде соңғы 6 айда міндетті зейнетақы жарналары төленген жұмыс істейтін әйелдер қатыса алады. Отбасының жиынтық айлық табысы 1,25 млн теңгеден аспауға тиіс.

Мөлшерлеме жылдық 14,8%-ды құрайды (СЖТМ — 16,3%-дан 16,8%-ға дейін). Отбасы банкіндегі жинақ төмен мөлшерлемеге тезірек өтуге мүмкіндік береді: депозитте қарыз сомасының 50%-ы жиналып, бағалау көрсеткіші 16-ға жеткенде, мөлшерлемесі 5% (СЖТМ — 5,1%-дан 6,9%-ға дейін) және одан төмен тұрғын үй қарызына ауысуға болады. Қарыздың ең жоғары сомасы — 50 млн теңге, мерзімі — 6 айдан 25 жылға дейін. Бастапқы жарна Астана мен Алматыда баспана сатып алғанда 20%-дан, басқа елді мекендерде 15%-дан басталады. Қарыз алушы бастапқы жарнаны өз қаражаты есебінен сатушыға өзі төлеуі керек.

Бағдарлама бойынша пайдалануға берілген бастапқы нарықтағы тұрғын үйді, Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының кепілдігімен немесе сақтандыру арқылы салынып жатқан тұрғын үйді, сондай-ақ 2016 жылдан ерте салынбаған қайталама нарықтағы баспананы сатып алуға болады. Бастапқы нарықтағы тұрғын үй «Баспана маркет» маркетплейсі арқылы сатып алынады. Қатысушының меншігінде басқа баспананың болуы бағдарламаға қатысуға кедергі келтірмейді.

«Ұмай» бағдарламасы бойынша қарыз алушы өзі тұрып жатқан баспананы жөндеуге 15 млн теңгеге дейін бөлек заем ала алады.

Естеріңізге салсақ, нақты гендерлік теңдікті қамтамасыз ету — БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірі, Қазақстан да осы мақсаттарды орындауға міндеттеме алған.

Енді статистикаға тоқталайық. 2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы әйелдер саны 10,52 млн адамды немесе ел халқының 51,1%-ын құрады. Экономикалық белсенді әйелдер саны 4,8 млн адамға жетіп, экономикалық белсенді халықтың 48,7%-ын құрады.

Жұмыспен қамтылған әйелдер саны 4,55 млн адамға жетті. Олардың үлесіне экономикада жұмыспен қамтылғандардың 48,5%-ы тиесілі. Ал жалдамалы жұмыскерлер арасында әйелдер мен ерлердің үлесі іс жүзінде тең болды: 3,59 млн әйел жалдамалы жұмыскерлердің жалпы санының 49,5%-ын құрады. Осылайша, әйелдер Қазақстан халқының жартысынан астамын, сондай-ақ жұмыс күшінің, жұмыспен қамтылғандар мен жалдамалы жұмыскерлердің жартысына жуығын құрайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -