Зейнетақы қаржысын басқару тәсілі өзгереді.
Қазақстанда жеке басқарушылардың зейнетақы активтеріне қолжетімділігін кеңейтіп, салымшының жасына қарай инвестициялық стратегияларды кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жаңа тәсіл Капитал нарығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасы жобасында көзделген. Құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық Банкпен, нарық қатысушыларымен және сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп әзірледі. Капитал нарығын 2030 жылға дейін дамыту жұмысы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізілуде. Агенттік бұған дейін реформаның негізгі бағыттарын таныстырған.
Ұлттық Банк зейнетақы активтерінің 99,7%-ын басқарады
Қазіргі жүйедегі ең маңызды көрсеткіштің бірі — 99,7%. Зейнетақы активтерінің дәл осындай үлесі Ұлттық Банктің басқаруында.
Инвестициялық портфельдің басым бөлігі консервативті құралдардан тұрады. Оның 61%-ы мемлекеттік бағалы қағаздарға, 22,5%-ы корпоративтік облигацияларға, 12%-ы акцияларға салынған.
Жеке басқарушылардың сенімгерлік басқаруында 88,6 млрд теңге немесе барлық зейнетақы активтерінің шамамен 0,3%-ы ғана бар.
Ұсынылып отырған реформа лицензиясы бар инвестициялық портфельді басқарушылардың рөлін кезең-кезеңімен арттыруды көздейді. Бұл бүкіл зейнетақы жүйесін жеке компанияларға беру дегенді білдірмейді. Әңгіме жекелеген инвестициялық мандаттарды басқаруға беру туралы болып отыр.
Басқарушыларды конкурстық негізде таңдау жоспарланған. Оларға белгілі бір активтер санатын басқару құқығы беріліп, әр компания өз портфелінің нәтижесіне жауап береді.
Алғашқы кезеңде мемлекеттік облигациялар портфелі бөлінуі мүмкін
Жаңа модельді зейнетақы активтерінің барынша сенімді бөлігінен бастау ұсынылып отыр.
Бірінші кезеңде мемлекеттік бағалы қағаздардан жеке субпортфель қалыптастыру жоспарланған. Кейін мұндай тәсіл корпоративтік облигациялар мен акцияларға да қолданылуы мүмкін.
Бұл әртүрлі басқарушылардың бірдей инвестициялық мандаттар бойынша нәтижесін салыстыруға және зейнетақы активтерін бір орталықтан басқаруға балама бірнеше стратегияны қолдануға мүмкіндік береді.
Реформаның мақсаты — зейнетақы жинақтарының ұзақмерзімді кірістілігін арттыру және қазақстандық компаниялардың бағалы қағаздарына ішкі сұранысты күшейту.
Қазақстанның қор нарығы үшін бұл елеулі мәселе. Өйткені зейнетақы активтері ел ішіндегі ұзақмерзімді капиталдың негізгі көздерінің бірі саналады. Институционалдық инвесторлар санының артуы нарық өтімділігін көтеріп, қазақстандық бизнестің ел ішінде қаржы тарту мүмкіндігін кеңейтуі ықтимал.
БЖЗҚ сақталады, міндетті жарналар бұрынғыдай түседі
Салымшылар үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негізгі қағидалары өзгермейді.
Міндетті зейнетақы жарналары бұрынғыдай БЖЗҚ-ға түсіп, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарында есепке алынады. Қор жинақтарды есепке алу және төлемдерді ұйымдастыру қызметін жалғастырады.
Ұлттық Банк те зейнетақы активтерін басқару, инвестициялық саясатты қалыптастыру және инвестициялау тиімділігін бағалау функцияларын сақтайды.
Сонымен бірге салымшылардың жеке басқарушыны таңдау мүмкіндігі кеңейіп келеді. Қазір міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтың 50%-ына дейінгі бөлігін жеке басқарушыға беруге болады. 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап бұл шек 100%-ға дейін ұлғаяды, деп БЖЗҚ ресми түрде түсіндірген.
Бұл зейнетақы ақшасын шоттан шешіп алу деген сөз емес. Қаражат зейнетақы жүйесінің ішінде қалады, тек оны басқаратын компания мен инвестициялық стратегия өзгереді.
Басқарушының өз ақшасы мен зейнетақы активтері бөлек сақталады
Бәсекелі басқару үлесінің артуымен бірге жинақтарды қорғау тетіктері де күшейтіледі.
Зейнетақы активтері басқарушы компанияның өз қаражатынан және басқа клиенттердің активтерінен бөлек сақталуы тиіс. Әрбір операция тәуелсіз кастодиандық бақылаудан өтеді.
Сондықтан басқарушы компания банкрот болған жағдайда оның кредиторлары зейнетақы қаражатын компанияның қарыздарын өтеуге пайдалана алмайды.
Басқарушыларға капитал жеткіліктілігі, тәуекелдерді басқару жүйесі, ішкі бақылау және ақпаратты ашу бойынша күшейтілген талаптар қойылады.
Инвестициялық саясат зейнетақы активтерін басқарушы компаниямен байланысты қаржы құралдарына салуды шектейді. Егер инвестициялық мандатты бұзу немесе басқарушының жосықсыз әрекеті салдарынан шығын келсе, ол өтелуге тиіс.
Жастардың жинағы тәуекелі жоғары активтерге көбірек салынуы мүмкін
Реформаның тағы бір маңызды бөлігі салымшының жасын ескеретін инвестициялық стратегияларға қатысты.
Жас салымшылардың жинақтарын әлеуетті кірістілігі жоғары қаржы құралдарына көбірек инвестициялау ұсынылып отыр. Мұндай активтердің инвестициялық тәуекелі де жоғары болуы мүмкін.
Адам зейнет жасына жақындаған сайын портфель біртіндеп консервативті бола түседі. Тәуекелі жоғары құралдардың үлесі азайып, зейнетақы төлемдері басталар алдындағы нарықтық құбылмалылықтан жинақты қорғауға басымдық беріледі.
Яғни еңбек жолын енді бастаған азамат пен зейнетке шығуына бірнеше жыл қалған салымшы үшін бірдей инвестициялық стратегия қолданылатын қазіргі тәсіл біртіндеп өзгеруі мүмкін.
Жеке басқарушыларға әзірге активтердің 0,3%-ы ғана берілген
Қазіргі таңда салымшыларға басқарушыны таңдау мүмкіндігі берілгенімен, Ұлттық Банктің басқаруындағы қаражаттың айтарлықтай азаюы байқалмаған.
2023 жылдан бері мүмкіндіктер кезең-кезеңімен кеңейтілгеніне қарамастан, жеке басқарушылардың қарамағында небәрі 88,6 млрд теңге, яғни зейнетақы активтерінің шамамен 0,3%-ы бар.
Реформаның келесі кезеңі тек салымшының жеке таңдауын кеңейтумен шектелмейді. Енді зейнетақы жүйесінің жекелеген ірі инвестициялық мандаттарын бәсекелі ортада басқару тетігін дамыту ұсынылып отыр.
Барлық өзгеріс кезең-кезеңімен енгізіліп, әрбір кезеңнің нәтижесі мен ықтимал тәуекелдері тұрақты бағаланбақ.
Бұған дейін біз 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар міндетті зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін жеке басқарушыларға бере алатыны туралы жазған едік. Ендігі өзгерістің ауқымы кеңірек: мәселе тек салымшының басқарушы таңдауында емес, болашақта елдегі ірі зейнетақы активтерін кім және қандай стратегиямен басқаратынында болып отыр.