Жасанды интеллектке кадр даярлау күшейеді.
Nazarbayev University-де Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект мектебінің (School of Computing and Artificial Intelligence, SCAI) ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жаңа мектеп компьютерлік ғылымдар, жасанды интеллект, математика, деректер ғылымы мен робототехниканы бір академиялық ортаға біріктіреді. Университет SCAI-ды 2026 жылғы 3 тамызда құрған, ал 26 қыркүйектегі NU Fest: Generation AI ашық есік күні мектепті кең аудиторияға таныстыру алаңына айналды.

Саясат Нұрбек: бұл — Қазақстанның технологиялық өзгерістерге жауабы
SCAI ашылуына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Ол жасанды интеллектінің ықпалы енді цифрлық сервистермен ғана шектелмей, экономика, өндіріс және еңбек өнімділігіне тікелей әсер ететінін айтты.
«Қазақстан үшін жасанды интеллектіні жаңа фактор, күш деп айтуға болады. Ол ұлттық экономикамыздың, өндірісіміздің, еңбек өнімділігінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бүгінгі мектептің ашылуы біздің ұлттық жауабымыз деп айтуға болады. Генеративті жасанды интеллектінің негізінде тағы екі революциялық бағыт қалыптасып келеді: Agent AI, яғни алгоритмдер автономды түрде көп күрделі нәрселерді жасай алады. Екіншісі — Physical AI, жасанды интеллект физикалық әлемімізді өзгерте бастады. Сондықтан осы өзгерістерге дайын болуымыз керек. Ал оларға дайындық тұрғысынан NU өте қолайлы алаң деп айтуға болады», — деді Саясат Нұрбек.
SCAI-дың құрылуы университеттің 2026–2027 оқу жылына арналған академиялық құрылымын жаңартудың бір бөлігі. Мектептің алғашқы деканы болып профессор Атакан Варол тағайындалған.
SCAI-да 2 100-ден астам студент білім алып жатыр
Жаңа мектептің ауқымы бірден бірнеше көрсеткіштен байқалады.
Қазір SCAI-да:
- 2 100-ден астам студент білім алады;
- 281 студент магистратурада оқиды;
- 99 студент докторантурада білім алады;
- 2026 жылы тағы 608 студент қабылданды;
- оқу үдерісіне 70-ке жуық профессор қатысады.
Университеттің ресми мәліметінде SCAI бакалавриаттан докторантураға дейінгі бағдарламаларды біріктіріп, теориялық дайындықты практикалық дағдылар және зерттеу жұмыстарымен байланыстыратыны көрсетілген.

Жасанды интеллект бойынша жаңа бакалавриат ашылмақ
Мектеп білім беру бағдарламаларын кеңейтуді жоспарлап отыр. Соның ішінде Гонконг политехникалық университетімен (The Hong Kong Polytechnic University, PolyU) бірлескен жасанды интеллект бойынша бакалавриат бағдарламасы қарастырылған.
Бұдан бөлек:
- әртүрлі ғылым салаларында AI қолдануға бағытталған «AI for X» PhD бағдарламасы;
- киберқауіпсіздік бойынша магистратура бағдарламасы әзірленеді.
SCAI деканы Атакан Варолдың айтуынша, киберқауіпсіздік саласының өзінде мамандарға қойылатын талап жасанды интеллектінің дамуымен бірге өзгеріп жатыр.
«Бүгінде бұл сала жасанды интеллектінің ықпалымен түбегейлі өзгеріп жатыр. Қазақстанның цифрлық қауіпсіздігін нығайту үшін генеративті жасанды интеллектіні терең түсінетін және оның мүмкіндіктерін практикада қолдана алатын киберқауіпсіздік мамандары қажет», — деді Атакан Варол.
Physical AI-дан есептеу қаржысына дейін
SCAI тек маман даярлаумен шектелмейді. Мектептің негізгі зерттеу бағыттарына физикалық жасанды интеллект (Physical AI), қалалық деректерді талдау, есептеу қаржысы және AI технологияларын әртүрлі салаларда қолдану кіреді.
Зерттеушілер NU-дың Shabyt, Muon және Irgetas суперкомпьютерлерін пайдаланады. Берілген мәліметке сәйкес, олардың ішіндегі ең қуаттысы — NVIDIA H100 графикалық процессорларымен жабдықталған есептеу тораптарын қамтитын Irgetas жүйесі.
SCAI университет жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтымен (ISSAI) да бірлесіп жұмыс істейді. Бұл әріптестік тек жоспар күйінде емес: қыркүйекте SCAI мен ISSAI математика және жасанды интеллект бойынша алғашқы халықаралық конференцияны бірге өткізді. Оған Қазақстан мен шетелден 90 қатысушы жиналды.
Математика неге AI мектебінің өзегіне айналды
SCAI құрылымындағы ерекшеліктің бірі — математиканың компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллектпен бір мектепке біріктірілуі.
«Мектепті құру кезінде біз ұзақ мерзімді нәтижелерге басымдық бердік. Оның құрылымына математиканы да енгіздік. Бұл – әлемдік тәжірибеде сирек кездесетін тәсілдердің бірі. Біз үшін барлық студенттердің мықты іргелі білім алғаны маңызды. Бүгінде жасанды интеллект саласындағы жетекші компаниялардың зерттеу топтарына қарасақ, олардың көптеген мүшесі кезінде Халықаралық математикалық олимпиадалардың жүлдегері болғанын көреміз», — деді профессор Атакан Варол.
Университеттің ресми сипаттамасында да SCAI математика, компьютерлік ғылымдар, деректер ғылымы, робототехника және жасанды интеллектіні бір академиялық қауымдастыққа біріктіретіні көрсетілген.

2030 жылға дейін 30-дан астам deep-tech стартап
Мектептің тағы бір міндеті — зертханалық әзірлемелерді практикалық өнімдерге жеткізу.
SCAI индустриямен байланысты күшейтіп, студенттердің технологиялық жобаларын қолдауды және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды жоспарлап отыр. 2030 жылға дейін мектеп 30-дан астам deep-tech стартаптың құрылуына ықпал етуді мақсат етеді.
Халықаралық бағыт та кеңеймек. SCAI-дың компьютерлік ғылымдар, математика және робототехника бойынша үш білім беру бағдарламасы ABET халықаралық аккредитациясынан өткен.
Келесі меже — 2030 жылға қарай компьютерлік ғылымдар бойынша Times Higher Education пәндік рейтингіндегі үздік 250 университеттің қатарына ену.