QAIRU алғашқы оқу жылын бастады: оқу үш жыл, студенттерге 20 GPU берілді

924
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: QAIRU

QAIRU ауқымнан емес, сападан бастады.

Астанадағы жаңа AI-университет жыл сайын небәрі 400 бакалавр мен 100 магистрант қабылдауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бакалавриат үш жылға созылады, ал студенттер алғашқы курстан бастап бір AI-жобаны дипломдық өнім деңгейіне дейін жеткізеді.

Qazaq AI Research University-дің алғашқы оқу жылы Астанадағы EXPO аумағында басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған университет жасанды интеллектке бағытталған жаңа білім беру моделін сынақтан өткізбек.

Университет басшылығы мен салалық министрліктер өкілдері оқу бағдарламасы, суперкомпьютер қуаты, халықаралық серіктестік және студенттерге қойылатын талаптар туралы айтты.

QAIRU жыл сайын 500 студенттен артық қабылдамайды

Университет алғашқы жылдан-ақ студент санын күрт көбейтуден бас тартып отыр.

QAIRU ректоры Сапар Тоқсановтың айтуынша, жыл сайын 400 бакалавр мен 100 магистрант қабылдау жоспары сақталады. Биыл өтініш саны бірнеше есе көп болғанымен, университет қабылдау көлемін арттырмайды.

«Біз санға емес, сапаға ұмтыламыз», — деді QAIRU ректоры Сапар Тоқсанов.

Қазір университетте 24 оқытушы жұмыс істейді. Бұл шамамен 12 студентке бір оқытушыдан келеді.

Олардың арасында Назарбаев Университеті мен шетелдік жоғары оқу орындарының түлектері бар. Кейбір оқытушылар Carnegie Mellon University-де тағылымдамадан өтіп жатыр.

QAIRU-да мамандарды бағалау кезінде олардың сабақ беру қабілетімен қатар, нақты жазған код көлеміне де назар аударылады.

Бакалавриат төрт емес, үш жылға созылады

QAIRU-дың басты ерекшеліктерінің бірі — үш жылдық бакалавриат.

Университет бағдарламаны қысқартпайтынын, керісінше оқу қарқынын арттыратынын айтып отыр.

Бірінші проректор Серік Өмірбаевтың сөзінше, технологиялардың өте жылдам өзгеруі дәстүрлі төрт жылдық модельді қайта қарауға мәжбүр еткен.

«Классикалық университеттер төрт жыл оқытады, бізде — үш жыл. Бірақ бағдарлама қысқармайды, керісінше тығыз болады: әлем тез өзгеріп жатыр, кейбір дағдылар студент оқуын аяқтағанша ескіріп қалуы мүмкін. Оқу бағдарламалары Google және Samsung-пен интеграцияланған. Қазақстанда мұндай модельді 2019 жылдан бері Astana IT University қолданып келеді, Ұлыбританияда да ұқсас тәжірибе бар. Үш жыл бойы студент бір AI-жобамен жұмыс істейді: бірінші курста — мәселені анықтап, MVP жасайды, екінші курста — жұмыс істейтін AI-сервис құрады, үшінші курста — толыққанды AI-өнім дайындайды. Сол өнім дипломдық жұмыстың негізіне айналады», — деді QAIRU бірінші проректоры Серік Өмірбаев.

Яғни студент дипломдық жобасын соңғы курста ғана бастамайды.

Бірінші жылы идея мен мәселені анықтайды, екінші жылы оны жұмыс істейтін сервиске айналдырады, ал үшінші жылы толыққанды өнім деңгейіне жеткізеді.

Бұл модельдің нәтижесінде түлек жұмыс берушіге тек дипломын емес, үш жыл бойы әзірлеген нақты өнімін көрсете алады.

Әр студенттің цифрлық профилі болады

QAIRU өзін AI-Enabled University моделіндегі университет ретінде дамытпақ.

Мұнда жасанды интеллект жеке пән ретінде ғана емес, бүкіл оқу және басқару процесіне енгізіледі.

Ректор Сапар Тоқсанов университет төрт негізгі блоктан тұратын AI-экожүйе құратынын айтты: академиялық бағыт, зерттеу, бизнес-блок және ұлттық AI-платформа.

«Біз университетті ғана емес, төрт блоктан тұратын тұтас AI-экожүйені дамытып жатырмыз: академиялық блокта жеке оқу траекториялары мен микробіліктіліктер болады, зерттеу бағыты Lenovo, Huawei және Samsung секілді серіктестермен жұмыс істейді, бұдан бөлек бизнес-блок пен ұлттық AI-платформа бар. Университет бастапқы кезден эксперименттік режимде жұмыс істейді. Ғылым және жоғары білім министрлігі тиісті бұйрыққа, соның ішінде AI+X бағдарламасы бойынша қол қойған», — деді Сапар Тоқсанов.

AI жөніндегі проректор Азамат Жұмахметтің айтуынша, әр студентке жеке цифрлық профиль жасалады.

Онда өткен курстары, тәжірибесі және басқа да оқу нәтижелері белгіленеді. AI-ассистенттер студенттерге ғана емес, оқытушылар мен зерттеушілерге де көмектеседі.

Университет сыртқы бағалау үшін халықаралық Advisory Board құрған. Оның құрамына серіктес жоғары оқу орындарының ректорлары мен ірі IT-компаниялардың өкілдері кіреді.

Алғашқы отырыс 1–2 қазанда Астанада өтеді.

QAIRU-ға суперкомпьютерден 20 GPU бөлінді

Жасанды интеллект саласындағы білім мен зерттеу үшін есептеу қуаты шешуші рөл атқарады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, QAIRU-ға Alem Cloud суперкомпьютері аясында 20 GPU бөлінген.

Жүктеме артқан сайын университетке берілетін квота да ұлғайтылмақ.

«Жасанды интеллектті есептеу инфрақұрылымынсыз дамыту мүмкін емес. Былтыр Alem Cloud суперкомпьютерін іске қостық, ол Top-500 әлемдік рейтингінде 86-орынға енді. Оның аясында QAIRU-ға қазірдің өзінде 20 GPU бөлінді, жүктеме артқан сайын квотаны көбейтеміз. Ал екі ай бұрын NVIDIA және Presight компанияларымен қуаты 250 мегаватт болатын дата-орталық салу туралы келісімге қол қойдық», — деді вице-министр Ғиззат Байтұрсынов.

Студенттер үшін бұл тек техникалық инфрақұрылым емес.

GPU қуаты AI-модельдерді оқытуға, зерттеу жүргізуге және оқу барысында жасалатын өнімдерді сынауға мүмкіндік береді.

Қытай, Корея және Финляндиямен нақты бағдарламалар дайындалып жатыр

QAIRU халықаралық серіктестікті тек меморандумдармен шектемек емес.

2026 жылғы қазанда университетке Shanghai Innovation Institute ғалымдары дәріс оқуға келеді. Бұл институт Қытай үкіметінің бастамасымен 2024 жылы құрылған.

Тараптар бірлескен докторантура бағдарламасын да талқылап жатыр.

Tsinghua SIGS-пен QAIRU бакалавриатынан кейін Tsinghua-да магистратура мен докторантурада білім алуға мүмкіндік беретін бағыт құру көзделген.

Shanghai Jiao Tong University және Korea University-мен бір семестрден бір жылға дейін созылатын академиялық алмасу бағдарламалары қарастырылып жатыр.

HY+ және University of Helsinki-мен QAIRU оқытушыларына AI Education бағыты бойынша магистр дәрежесін алуға мүмкіндік беретін сертификаттық бағдарлама әзірленуде.

«Жасанды интеллект саласындағы зерттеу университеті болғандықтан, біз жалғыз дами алмаймыз. Сондықтан AI бойынша күрделі зерттеу жүргізіп отырған университеттермен байланыс орнату біз үшін маңызды. Студенттердің алдында алғаш сөйлеген күні-ақ сұрақтар көп болды: бәрі қос диплом, бір семестр шетелде оқу немесе халықаралық зерттеулерге қатысу мүмкіндігін сұрайды», — деді QAIRU-дың халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Мадина Тыныбаева.

Оқу ақысы 2 млн теңгеден басталады

QAIRU-да бакалавриаттың бір жылдық оқу ақысы 2 млн теңгеден, ал магистратура шамамен 3 млн теңгеден басталады.

Қазір мемлекеттік гранттар бакалавриатта ғана бар.

Университет магистратураға лицензияны шілдеде, мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлініп болғаннан кейін алған. Сондықтан магистратураға гранттарды келесі оқу жылынан енгізу жоспарланып отыр.

Қазан айында QAIRU докторантураны лицензиялау үшін құжат тапсыруды көздейді.

«Мидың сыртқа кетуін» қалай тоқтатпақ

Университеттің тағы бір мақсаты — Қазақстанда білім алған немесе шетелде тәжірибе жинаған жас мамандарды ел ішінде ұстап қалатын орта қалыптастыру.

QAIRU бұл бағытта EXPO аумағындағы университет, Astana Hub және AI-орталықты бір экожүйеге біріктіруге сүйенеді.

Ректор кеңесшісі Айдын Сабитовтың айтуынша, студент университетте білім алып, кейін сол ортада тағылымдамадан өтіп, жобасын іске асыра алады.

«Шетелде оқу проблема емес, егер мамандар кейін елге қайтып келсе. EXPO аумағы — университет, Astana Hub және AI-орталық бір жүйеде жұмыс істейтін экожүйе. Түлек бізде білім алады, тағылымдамадан өтеді және жобаларын осы ортаның ішінде іске асырады. Жас кәсіпкерлер үшін жобаларын қаржыландыратын бағдарламалар да бар. Біздің міндетіміз — мамандарды елге қайтару және Қазақстанның ішінде бәсекеге қабілетті университеттер, компаниялар мен стартаптар құру», — деді Айдын Сабитов.

QAIRU үшін негізгі сынақ енді басталады.

Үш жылдан кейін алғашқы толық оқу циклі аяқталғанда, университеттің 400 бакалавр, бір сквозной AI-жоба және суперкомпьютердің GPU қуаты формуласы нақты өнім жасай алатын мамандар даярлауға қаншалықты тиімді болғаны көрінеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -