Ақша сәл арзандай түсті.
Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені бірден 50 базистік тармаққа төмендетіп, 16,25% деңгейінде белгіледі. Алайда реттеуші ақша-кредит саясатын одан әрі жұмсартуға мүмкіндік шектеулі екенін ескертті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шешімді 4 қыркүйекте Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті қабылдады. Ұлттық банктің ресми мәліметіне сәйкес, тамызда жылдық инфляция ұзақ уақыттан кейін алғаш рет 10%-дан төмен түсіп, 9,8% болды.
Инфляция 11 ай қатарынан баяулады
Ұлттық банк үшін мөлшерлемені төмендетуге негізгі себептердің бірі бағаның өсу қарқынының бәсеңдеуі болды.
Тамызда азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға дейін төмендеді. Бұған көкөніс пен жеміс-жидек бағасының арзандауы және импорттық бағалардың түсуі әсер етті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,4%-ға дейін бәсеңдеді. Ұлттық банк мұны теңгенің нығаюымен байланыстырады. Сонымен бірге жанар-жағармай бағасының өсуі мен тұрақты сұраныс инфляцияның жылдам төмендеуіне кедергі келтіріп отыр.
Қызмет көрсету саласындағы инфляция 8,9%-ға дейін төмендеді.
Айлық инфляция тамызда 0,6% деңгейінде қалды. Базалық инфляция 0,7%, маусымдық факторлардан тазартылған инфляция 0,9% болды.
Халықтың инфляциялық күтулері де төмендеді. Шілдеде бір жылға арналған инфляциялық күтулер 13,4%-дан 12,1%-ға түсті.
«Инфляцияның бір таңбалы деңгейге дейін төмендеуі — маңызды нәтиже. Бұл жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты, базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде ұстау кезеңінде жинақталған қатаңдық, сондай-ақ Үкіметпен бірлескен шаралар нәтиже беріп жатқанын және экономиканың біртіндеп дезинфляциялық траекторияға қайта оралып келе жатқанын көрсетеді», — деді Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов.
Базалық мөлшерлеме үшінші рет қатарынан төмендеді
2026 жылдың басында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірнеше ай бойы 18% деңгейінде ұстап тұрды.
Кейін төмендету циклі басталды: маусымда мөлшерлеме 17%-ға, шілдеде 16,75%-ға, ал қыркүйекте 16,25%-ға дейін түсті.
Осылайша, маусымнан бері базалық мөлшерлеме 1,75 пайыздық тармаққа төмендеді.
Бірақ қыркүйектегі шешім тек ақша-кредит саясатын жұмсарту дегенді білдірмейді. Ұлттық банк келесі жылға қатысты инфляциялық тәуекелдердің жоғарылағанын да көрсетті.
2027 жылға арналған инфляция болжамы нашарлады
2026 жылға арналған инфляция болжамы бұрынғыдай 9–11% деңгейінде сақталды.
Ал 2027 жылға болжам 6,5–8,5%-ға дейін көтерілді.
Ұлттық банк мұны сыртқы инфляцияның өсуімен, реттелетін бағаларға қатысты болжамдардың өзгеруімен және Үкіметтің бұрынғы әлеуметтік-экономикалық даму болжамымен салыстырғанда фискалдық импульстің күшеюімен түсіндіреді.
Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі Ресейдегі инфляцияның баяу түсуі де қосымша әсер етуі мүмкін.
Ұлттық банк инфляцияны шамамен 5% мақсатты деңгейге 2028 жылы жақындатуды көздеп отыр.
«Біздің мақсатымыз — инфляцияны 10%-дан төмен түсіру ғана емес. Біздің мақсатымыз — 2028 жылы инфляцияны тұрақты түрде шамамен 5% деңгейінде қалыптастыру», — деді Сүлейменов.
Мөлшерлемені одан әрі төмендетуге мүмкіндік шектеулі
Ұлттық банк алдағы шешімдерде асығыстық болмайтынын ашық білдірді.
Ішкі тәуекелдер қатарында инвестициялық сұраныстың өсуінен туындауы мүмкін сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік, инфляциялық күтулер, фискалдық тәртіп, коммуналдық тарифтер реформасының іске асуы және жанар-жағармай бағасы аталды.
Сыртқы қысым әлемдік азық-түлік пен энергия бағасының өсуіне, сондай-ақ геосаяси ахуалға байланысты.
«Қазіргі динамика сақтықпен оптимизмге негіз береді, бірақ қырағылықты төмендетуге емес. Проинфляциялық факторлар мен тәуекелдер күшейіп отырған жағдайда мөлшерлемені әрі қарай төмендету кеңістігі шектеулі», — деді Ұлттық банк төрағасы.
Нарық үшін қыркүйектегі шешімнің басты сигналы да осы. Мөлшерлеме бірден 0,5 пайыздық тармаққа төмендеді, бірақ Ұлттық банк мұндай қарқынның автоматты түрде жалғасатынын меңзеп отырған жоқ.
Келесі шешім инфляцияға, ішкі сұранысқа, тарифтерге, бюджет шығыстарына және халықтың инфляциялық күтулеріне байланысты болады.
Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өсті
Жоғары базалық мөлшерлеме экономикалық белсенділікті тоқтатқан жоқ.
2026 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстанның ЖІӨ-сі жылдық есеппен 4,1%-ға өсті. Тау-кен секторын есептемегенде өсім 5,4% деп бағаланып отыр.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,7%-ға артты. Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылған инвестицияларды алып тастағанда өсім 19%-ды, шикізаттық емес секторда 25%-ды құрады.
Бөлшек сауда нақты мәнде 4,1%-ға өсті.
Тұтынушылық кредиттердің жылдық өсімі шілдеде 11,3% болды. Кепілсіз тұтынушылық кредиттер 8,2%-ға ұлғайды.
Ұлттық банк дәл осы ішкі сұраныс пен инвестициялық белсенділікті алдағы шешімдер кезінде мұқият бақылайтынын көрсетті.
Ұлттық банк нарықтан 7 трлн теңгеге дейін өтімділік алып отыр
Инфляциямен күрес базалық мөлшерлемемен ғана шектелмейді.
Қыркүйектен бастап ең төменгі резервтік талаптарды арттырудың үшінші, қорытынды кезеңі іске қосылды. Ұлттық банк резервтер көлемі 4,3 трлн теңгеге дейін өседі деп күтеді.
Басқа құралдарды қоса есептегенде, реттеуші ақша нарығынан 7 трлн теңгеге дейін бос өтімділікті алып отыр.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешімі 2026 жылғы 23 қазанда жарияланады.
Бұған дейін біз Қазақстандағы базалық мөлшерлеменің төмендеуі кредиттердің құнына қалай әсер етуі мүмкін екенін жазған едік. Енді нарық үшін негізгі сұрақ басқа: инфляцияның қазіргі қарқыны Ұлттық банкке келесі қадамды қаншалықты тез жасауға мүмкіндік береді?