Астана Энрикемен бірге ән шырқады.
Қазақстандағы алғашқы концертінен кейін Энрике Иглесиас музыкалық эстафетаны Алматыға тапсырады. 5 қыркүйекте әнші Орталық стадион сахнасына шығады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Астанадағы концерт 3 қыркүйекте Astana Arena-да өтті. Бұл Иглесиастың Қазақстандағы алғашқы жеке концерті болды. Енді араға екі күн салып, әлемдік поп-жұлдыз Алматыда өнер көрсетеді.
Enrique Iglesias Press office
Мыңдаған білезік Astana Arena-ны жарық инсталляциясына айналдырды
Шоудың ең әсерлі бөлшектерінің бірі көрермендердің қолындағы мыңдаған жарық білезік болды. Олар музыкамен, сахналық жарықпен және бағдарламаның жекелеген сәттерімен синхрондалды.
Композициялардың бірінде стадиондағы жарық бір мезетте сөніп, артынша мыңдаған білезік бір ырғақпен жанды. Бірнеше минут ішінде Astana Arena трибуналары алып жарық инсталляциясына айналды.
Шоуды от эффектілері мен ауқымды сахналық қойылым толықтырды.
Стадионның ортасына негізгі сахнамен ұзын подиум арқылы жалғасқан қосымша алаң орнатылды. Иглесиас концерт барысында бірнеше рет сол алаңға өтіп, көрермендерге барынша жақындады.
Осының арқасында үлкен стадиондық шоу кей сәттерде әлдеқайда жақын әрі жанды форматқа ауысты.
Enrique Iglesias Press office
Hero әні бір отбасының ширек ғасырлық тарихын қайта жаңғыртты
Концерт көптеген көрермен үшін тек танымал әндерді жанды дауыста тыңдайтын кеш болған жоқ. Кей композициялар оларды жастық шағына қайта алып барды.
Астаналық ерлі-зайыпты үшін Hero әнінің орны ерекше. Болашақ жұбайлар мектепте оқып жүргенде дәл осы композицияға бірге би дайындаған.
«Біз үшін бүгінгі концерт — өте жеке тарих. Жолдасым екеуміз мектептен бері таныспыз. 10-сыныпта Hero әніне бал биін дайындадық, дәл сол жаттығулар кезінде арамызда сезім пайда болды. Кейін тоғыз жыл кездесіп, үйлендік, қазір үш баламыз бар, ал тура бір апта бұрын некеміздің 15 жылдығын атап өттік. Бүгін, араға ширек ғасырға жуық уақыт салып, Hero әнін алғаш рет жанды дауыста бірге тыңдауға келдік. Біз үшін бұл Энрике Иглесиастың жай ғана әні емес — отбасымыздың тарихы басталған ән», — деді музыканттың жанкүйері.
Иглесиастың Hero, Bailamos, Escape секілді хиттері 1990-жылдардың соңы мен 2000-жылдары жастық шағын өткізген буын үшін бұрыннан таныс.
Көптеген композицияны көрермендер әншімен бірге басынан аяғына дейін орындады. Иглесиас та алғашқы минуттардан-ақ залмен байланыс орнатып, сахнаның шетіне жиі шығып, трибуналарға үн қатты.
Enrique Iglesias Press office
Екі концерт үшін Қазақстанға шетелден де жанкүйерлер келді
Астанадағы концертке Қазақстанның әр өңірінен, Орталық Азия елдерінен және басқа мемлекеттерден көрермендер жиналды.
Кейбір жанкүйерлер Қазақстандағы екі концертке де баруды жоспарлаған.
Қырғызстаннан келген көрермендердің бірі Астанадағы концерттен кейін Алматыға аттанатынын айтты.
«Мен Энрике Иглесиастың концертіне баруды көптен бері армандадым. Сондықтан Қазақстанға келіп, оның екі концертіне де қатысуды шештім. Астанадағы концерт керемет эмоция сыйлады. Енді екінші концерт үшін Алматыға ұшып барамын және осының бәрін тағы бір рет сезінуді асыға күтіп жүрмін», — деді жанкүйер.
Қазақстандағы концерттік бағдарлама екі қаланы қамтиды: алғашқы шоу 3 қыркүйекте Астанада өтті, екіншісі 5 қыркүйекте Алматыда ұйымдастырылады.
Enrique Iglesias Press office
Энрике Иглесиастың Алматыдағы концерті 5 қыркүйекте өтеді
Энрике Иглесиас 5 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өнер көрсетеді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Қазақстандағы концерттер қарсаңында әртістің бағдарламасы толық жаңартылған. Жаңа сахналық қойылымды концерттік продакшн саласындағы америкалық мамандар әзірлеген.
Астанадағы көрермендер жарық білезіктерін, қосымша сахнаны, от эффектілерін және Иглесиастың танымал хиттерін жанды дауыста тыңдап үлгерді.
Енді осы концерттік эстафетаны Алматы қабылдайды.
Энрике Иглесиастың Алматыдағы концертіне билеттер Freedom SuperApp пен Ticketon.kz арқылы қолжетімді.
Бұған дейін Қазақстандағы концерттер үшін мыңдаған синхрондалған жарық білезік пен стадион ортасындағы қосымша сахна дайындалғаны туралы жазған едік.
Enrique Iglesias Press office