Қазақстан қоржынына бір күнде 24 медаль түсті.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші жарыс күнінде ұлттық құрама 12 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жарысқа әлемнің 113 елінен 3000-ға жуық спортшы қатысып жатыр.
Армрестлингшілер 12 медаль жеңіп алды
Үшінші жарыс күніндегі ең көп жүлдені Қазақстанның армрестлинг құрамасы әкелді. Спортшылар жеті алтын, төрт күміс және бір қола медаль иеленді.
90 келіге дейінгі салмақта Нұрдәулет Айдархан оң және сол қол сайысында да чемпион атанды. 90 келіден жоғары салмақта Медет Құттымұратов та екі бірдей алтын медаль жеңіп алды.
80 келіге дейінгі салмақта Данил Устинов сол қол сайысында топ жарды. Ал 65 келіден жоғары салмақта Малена Сыдықжан оң және сол қол бәсекесінде екі алтын иеленді.
Армрестлингте оң және сол қол бойынша жарыстар жеке дисциплина ретінде өткізіліп, әрқайсысында бөлек медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Сырым Ізбасаров үшінші рет чемпион атанды
Аударыспақ сайысында Қазақстан құрамасы тағы екі алтын медаль жеңіп алды.
100 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы әрі Көшпенділер ойындарының екі дүркін жеңімпазы Сырым Ізбасаров Қырғызстаннан келген бұрыннан таныс қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Осылайша ол Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында үшінші рет чемпион атанды.
90 келіге дейінгі салмақта Дарын Өткелбай барлық қарсыласын жеңіп, алтын медаль иеленді.
Аса ауыр салмақта Нұржан Еркінұлы қола жүлдеге қол жеткізді.
Жебе атты қаршыға Қазақстанға алтын әкелді
Құсбегілік сайысына Қазақстан атынан тоғыз спортшы қатысып, олардың төртеуі жүлдегер атанды.
Қаршығамен сайыста Серікболсын Жалғасұлы Жебе атты құсымен алтын медаль жеңіп алды.
Арман Қошқаров Алғыр атты бүркітімен күміс жүлдеге ие болды. Бақдәулет Бабажан Ұшқыр атты сұңқарымен күміс алса, Ерлан Кенжетаев Ақбалықпен қола медаль иеленді.
Қазақстан арқан тартыстан тағы да жеңді
Қазақстан құрамасы арқан тартыс жарысында да көш бастады.
Бұған дейін спортшылар «8×8» дисциплинасының финалында Қырғызстан құрамасын жеңіп, алтын медаль алған еді.
Үшінші жарыс күнінде қазақстандықтар «4×4» сайысының финалында Иран спортшыларынан басым түсіп, тағы бір алтынды қоржынға салды.
Самбодан алтын, қырғыз күрөшінен күміс
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына көшпенді халықтардың ұлттық күресінің 14 түрі енгізілген.
Үшінші күні қазақстандық спортшылар самбо және қырғыз күресі бойынша сынға түсті.
98 келіден жоғары салмақта Болат Сапар самбодан алтын медаль жеңіп алды.
79 келіге дейінгі салмақта Еркебұлан Нығметов, ал 64 келіге дейінгі салмақта Жандос Бейсенбаев қола жүлдегер атанды.
Қырғыз күресінен 100 келіден жоғары салмақта белдескен Алмас Жұмағали финалға дейін жетті. Шешуші белдесуде Қырғызстан өкіліне жол беріп, күміс медаль иеленді.
4 қыркүйекте қазақстандықтар 21 спорт түрінен сынға түседі
4 қыркүйекте Қазақстан спортшылары 21 спорт түрі бойынша жарысқа қатысады.
Олардың қатарында көкпар, көк бөрі, аламан бәйге, құнан бәйге, жорға, ұшқыр бәйге, дөнен бәйге, қазақ күресі, гюлеш, гуштини милли гамарбанди, хапсагай, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тартыс, стронгмен және тазы жарысы бар.
Үшінші жарыс күнінің өзінде Қазақстан құрамасы 12 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.