Қазақстандық ансамбль бас жүлдені жеңіп алды.
«Гүлдер» Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы халықаралық «Этно-би» байқауында Гран-при иеленді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының құрамындағы «Гүлдер» мемлекеттік ансамблі Nomad Fest фестивалі аясында өнер көрсетті.
Гран-при үшін бірнеше елдің кәсіби ұжымдары бақ сынады
Байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Болгария, Үндістан, Пәкістан, Тыва Республикасы, Саха Республикасы (Якутия) және басқа елдердің кәсіби шығармашылық ұжымдары қатысты.
«Гүлдер» байқауға екі қойылым ұсынды. Әртістер TURAN ансамблінің музыкасына қойылған «Ер Туран» және STEPPE SONSE тобының музыкасына жазылған «Қорқыт» қойылымдарын орындады.
Қазылар алқасы әртістердің орындаушылық шеберлігімен қатар балетмейстерлердің кәсіби жұмысын да бағалады.
Байқау қорытындысында Гран-при Анвара Садықова мен «Гүлдер» ансамбліне олардың бірлескен шығармашылық жұмысының нәтижесі ретінде берілді.
Байқау бағдарламасына төрт хореографтың қойылымдары енді
Ансамбльдің конкурс бағдарламасына Анвара Садықова, Алмат Шәмшиев, Ернұр Қарықбол және Дана Мұсаның қойылымдары кірді.
Бұл бағдарламада этникалық музыка мен заманауи хореографиялық шешімдер тоғыстырылып, қазақ би өнерінің әртүрлі сахналық қырлары көрсетілді.
Гала-концертте «Замана жаңғырығы» этно-балеті орындалды
«Гүлдердің» фестивальдегі бағдарламасы тек байқау нөмірлерімен шектелген жоқ. Ұжым фестиваль күндері кеңейтілген хореографиялық бағдарлама ұсынды.
Ал гала-концертте ансамбль Морис Равельдің музыкасына қойылған «Замана жаңғырығы» этно-балетін орындады.
Бұл жеңіс қазақстандық хореографиялық ұжымның халықаралық деңгейдегі бәсекеде жоғары бағаланғанын көрсетті. Әсіресе қазылар шешімінде әртістердің орындаушылық деңгейімен бірге балетмейстерлердің еңбегі де ескерілгені ерекшеленді.