Қазақстанда банк реформасы аяқталды.
Енді реттеуші банктер жинақтаған капиталды экономика мен бизнесті қаржыландыруға белсендірек бағыттауды көздеп отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сонымен қатар несие беру тәртібі мен қаржы ұйымдарының клиенттермен жұмыс істеуіне қойылатын талаптар күшеймек.
Қаржы нарығындағы жаңа модель туралы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында айтты.
Банк активтері 74,2 трлн теңгеге жетті
Реформаның басты өзгерістерінің бірі — банктерді қадағалау тәсілінің түбегейлі жаңаруы.
Бұған дейін негізгі күш банк секторындағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталса, енді тәуекелдер банк жағдайы нашарламай тұрып анықталуы тиіс.
Реттеуші тәуекел жоғарылаған жағдайда банктен қосымша капитал талап етіп, дивиденд төлеуге шектеу қоя алады.
«Тәуекелдер проблемаға айналмай тұрып анықталуы тиіс, ал олар үшін ең алдымен банктің меншік иелері мен менеджменті жауап беруі керек», — деді Мадина Әбілқасымова.
Жыл сайынғы қадағалау цикліне SREP, AQR және стресс-тестілеу біріктірілген. Бұл жүйе банк секторы активтерінің 85%-дан астамын қамтиды.
Алты жыл ішінде банктердің капиталы шамамен 7 трлн теңгеге өскен. Бұдан бөлек, қаржы ұйымдары шамамен 1,4 трлн теңгені қадағалау үстемелері ретінде тұрақты ұстап отыр.
90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің үлесі 2019 жылғы 8,1%-дан 2025 жылдың қорытындысында 3,6%-ға дейін төмендеді.
Банктердің проблемалық активтері де екі еседен астам қысқарып, 7,7 трлн теңгеден 3,1 трлн теңгеге түскен. Ал 902 млрд теңгенің мүлкі қайтадан экономикалық айналымға енгізілді.
2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша Қазақстан банктерінің активтері 74,2 трлн теңгеге жетті. Капитал жеткіліктілігі 20,5%-ды құрайды, ал ең төменгі норматив — 8%.
Жекеменшік банктің мәселесін салық төлеушілер өтемеуі тиіс
Реформаның ең маңызды жаңалықтарының бірі — төлем қабілетін жоғалтқан банктерді реттеудің жаңа жүйесі.
Енді қаржы ұйымының жағдайы күрт нашарлағаннан кейін ғана емес, проблема ертерек байқалған кезде шара қолдану көзделген.
Алдымен күшейтілген қадағалау енгізіліп, банктің қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіруге мүмкіндік беріледі. Егер бұл мүмкін болмаса, банк арнайы реттеу рәсіміне өтеді.
Жүйелік маңызы бар банктер үшін мұндай жағдайға арналған жоспарлар алдын ала әзірленеді. Шығынды ең алдымен акционерлер мен инвесторлар көтеруі тиіс.
«Жекеменшік банктің проблемалары салық төлеушілердің есебінен шешілмеуі керек», — деді Әбілқасымова.
Мемлекеттік қолдау тек қаржы тұрақтылығына қауіп төнген жағдайда соңғы шара ретінде қолданылмақ. Оның өзінде мемлекеттің шығынын кейін банк секторы өтеуі тиіс.
Қазақстанда 15 жылдан кейін алғаш рет жаңа банктер ашылды
Жаңа заң банк нарығындағы бәсекені де күшейтуге бағытталған.
Қазақстанда базалық және әмбебап банк лицензиялары енгізілді. Бұл талаптарды әр банктің көлеміне, бизнес-моделіне және тәуекел деңгейіне қарай белгілеуге мүмкіндік береді.
Сенімді шетелдік банктердің нарыққа кіруі жеңілдетіліп, ірі микроқаржы ұйымдарын банкке айналдыру тетігі енгізілді.
2025 жылы BNK Commercial Bank пен KMF Банк банк лицензияларын алды. Агенттік төрағасының айтуынша, бұл Қазақстан нарығына соңғы 15 жылда келген алғашқы жаңа банктер.
2026 жылдың соңына дейін Abu Dhabi Commercial Bank әмбебап банк лицензиясын алуы тиіс. Ол «исламдық терезе» арқылы исламдық қаржы қызметтерін де ұсына алады.
Жаңа заң алғаш рет бір әмбебап банк аясында дәстүрлі және исламдық банкингті қатар жүргізуге мүмкіндік береді.
Кейбір қарыз алушыларға жаңа несие алу қиындайды
Реттеуші тәуекелі жоғары тұтынушылық кредиттеуге де шектеу енгізіп жатыр.
Қазір мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға жаңа несие беруге тыйым салынған.
Сондай-ақ соңғы үш жылда қарызы толық кешірілген немесе соңғы 12 айда қайта құрылымдау жасалғанымен, төлем тәртібі қалпына келмеген азаматтарға қатысты шектеулер қолданылады.
2027 жылдан бастап қарыз алушының жалпы қарызының табысына арақатынасын есептейтін жаңа коэффициент енгізіледі.
Ірі банктерде берілгеннен кейін бір жыл ішінде дефолтқа түсетін жаңа несиелердің үлесі 5%-дан 2,5%-ға дейін азайған.
Кепілсіз тұтынушылық кредиттердің өсу қарқыны да күрт баяулады. 2024 жылы көрсеткіш 30% болса, 2025 жылы 14,6%-ға түскен. 2026 жылдың алғашқы жеті айында өсім небәрі 3,5%-ды құрады.
Банктер енді клиентпен қалай жұмыс істейтіні үшін де тексеріледі
2026 жылғы шілдеден бастап Қазақстанда мінез-құлықтық қадағалау енгізіле бастады.
Бұл жүйе банктің қаржылық тұрақтылығын ғана емес, клиентпен қаншалықты әділ жұмыс істейтінін да бағалайды.
Реттеуші қаржы өнімінің шарттары түсінікті ме, жарнама тұтынушыны адастырмай ма, қосымша қызметтер мәжбүрлі түрде ұсыныла ма — осының бәрін бақылайды.
Тексеру қаржы өнімін әзірлеу кезеңінен басталып, оны жарнамалау, сату, клиентке қызмет көрсету және шағымдарды қарау процесіне дейін жалғасады.
«Қаржылық тұрғыдан тұрақты банк клиентпен міндетті түрде әділ жұмыс істейді деген сөз емес», — деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы.
Азаматтардың шағымдары да қадағалаудың маңызды бөлігіне айналады.
Агенттікке жыл сайын шамамен 180 мың өтініш түседі. Оның 80%-ға жуығын өңірлік басқармалар қарайды.
Шағымдарды талдау үшін жасанды интеллект қолданатын «Өтініштер фабрикасы» құрылған. Жүйе өтініштерді өнім, қаржы ұйымы және проблема түрі бойынша топтастырып, қайталанатын бұзушылықтарды анықтайды.
Жыл соңына дейін бірыңғай қаржы омбудсманы құрылмақ. Ол банктермен, микроқаржы және сақтандыру ұйымдарымен дауларды сотқа дейін шешетін бірыңғай жүйеге айналады.
Бизнеске берілген кредит екі еседен астам өсті
Қазақстанда банк секторын реформалаудың келесі кезеңі бизнесті қаржыландырумен тікелей байланысты.
2021–2025 жылдары кәсіпкерлерге берілген несиелер жыл сайын орта есеппен 15,3%-ға өскен.
2020 жылдан бері бизнесті кредиттеу көлемі екі еседен астам артып, 16,1 трлн теңгеге жетті.
Қарыз алған кәсіпкерлердің саны одан да айтарлықтай өсті: 57 мыңнан 597 мыңға дейін.
«Бәйтерек» холдингімен бірлесіп жалпы құны 10,7 трлн теңге болатын инвестициялық жобалар пулы жасақталған.
Қазірдің өзінде банктердің қатысуымен жалпы сомасы 2,5 трлн теңге болатын тоғыз жоба мақұлданған.
«Банк секторы сауықтыру кезеңінен өтті. Келесі міндет — жинақталған тұрақтылық қорын бизнесті, инвестицияларды және экономикалық өсімді қаржыландыруға көбірек бағыттау», — деді Мадина Әбілқасымова.
Жасанды интеллект банк тәуекелдерін бақылауға кірісті
Қаржы нарығындағы келесі үлкен бағыт — жасанды интеллект.
Агенттік FinAI платформасын әзірледі. Ол 20-дан астам цифрлық құралды біріктіреді, оның ішінде жасанды интеллект негізіндегі оннан астам шешім бар.
Платформаға SREP, AQR, стресс-тестілеу және басқа да негізгі қадағалау процестері енгізілген.
Мақсат — банктердің есептілігін белгілі бір кезең сайын тексеруден үздіксіз цифрлық мониторингке көшу.
Банк қадағалауын цифрландыру негізінен аяқталған. Енді мұндай модель сақтандыру нарығы мен капитал нарығына енгізілмек.
Киберқауіпсіздікке де жеке назар аударылған. QAINAR цифрлық орталығы құрылып, қаржы ұйымдары үшін жыл сайын салалық кибержаттығулар өткізіліп келеді.
Шамамен 100 қаржы ұйымының цифрлық жетілу деңгейі тоғыз бағыт бойынша бағаланған. Олардың қатарында деректер, технологиялар, инфрақұрылым және кадрлық құзыреттер бар.
5,2 млн брокерлік шоттың тек 276 мыңы белсенді
Банк реформасы қаржы нарығын жаңғыртудың бір бөлігі ғана.
Қазақстанда ашылған брокерлік шоттар саны 5,2 млн-ға жеткенімен, оның шамамен 276 мыңы ғана белсенді.
Зейнетақы активтері 27 трлн теңгеден асты. KASE-дегі акциялар нарығының капитализациясы мен айналымдағы корпоративтік облигациялар көлемі шамамен 64,5 трлн теңгені құрайды.
Соған қарамастан, капитал нарығы әзірге бизнесті қаржыландырудың толыққанды көзіне айналған жоқ.
Реттеуші компаниялардың облигация шығаруын бірыңғай цифрлық терезе арқылы жеңілдетуді, базалық проспект енгізуді және листинг демеушілері институтын дамытуды жоспарлап отыр.
Сонымен бірге ТОО мен АҚ арасындағы жаңа ұйымдық-құқықтық нысан қарастырылуда. Ол компанияларға акционерлік қоғамдарға қойылатын барлық талаптарды орындамай-ақ капитал тартуға мүмкіндік беруі тиіс.
2030 жылға дейінгі капитал нарығын дамыту бағдарламасына жеті стратегиялық бағыт пен 35 бастама енгізілген.
«Капитал нарығы туралы» жаңа заң жобасы 11 кодекс пен 24 заңға өзгеріс енгізуді көздейді. Оны жыл соңына дейін Құрылтайға енгізу жоспарланып отыр.
Тұрғын үйді жер сілкінісінен сақтандыруға басымдық беріледі
Өзгерістер сақтандыру нарығын да қамтиды.
Қазақстандағы сақтандыру ұйымдарының активтері 4 трлн теңгеден асқан.
Ендігі мақсат — саланың міндетті сақтандыру мен банктік несиелерге байланысты өнімдерге тәуелділігін азайтып, азаматтар мен бизнестің мүлік, денсаулық, өмір және кәсіпкерлік тәуекелдерді өз еркімен сақтандыруын дамыту.
Азаматтарды апаттық тәуекелдерден қорғау жеке бағыт ретінде қарастырылып отыр.
Тұрғын үйді жер сілкінісі, су тасқыны және өрттен сақтандыру төтенше жағдай болғанға дейін қаржылық қорғаныс қалыптастыруға және кейін бюджеттен төленетін көмектің көлемін азайтуға бағытталған.
2030 жылға дейінгі сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасы алты стратегиялық бағыт пен 18 бастамадан тұрады.
Жаңа «Сақтандыру нарығы туралы» заң 12 кодекс пен 34 заңға өзгерістер енгізуді көздейді.
Сақтандыру қызметтері толық цифрлық циклге көшірілмек: полисті рәсімдеуден бастап сақтандыру төлемін алуға дейінгі бүкіл процесс онлайн форматта жүргізіледі.
Сонымен бірге сақтандыру компаниялары біртіндеп Solvency II талаптарына көшеді. Бұл модельде компания капиталы оның қабылдайтын тәуекел деңгейіне байланысты есептеледі.
Қазақстанның қаржы секторы бірнеше жылға созылған сауықтыру кезеңінен кейін жаңа міндетке көшіп отыр. Енді банктердің тұрақтылығы ғана емес, жинақталған капиталдың бизнеске, инвестицияға және экономикалық өсімге қаншалықты жұмыс істейтіні негізгі көрсеткіштердің біріне айналмақ.