Медициналық деректер базасы тазартыла бастады. Шашыраңқы ақпараттық жүйелерді біріктіру жүздеген мың ескірген пациент картасын анықтап, 31 млрд теңге көлеміндегі шығынның алдын алуға мүмкіндік берді.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Жиында денсаулық сақтау саласын цифрландыру, бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе құру және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жүйеден 400 мың ескірген пациент картасы алынып тасталды
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстанда 23 бөлек медициналық ақпараттық жүйеден бірыңғай e-Densaulyq экожүйесіне көшу жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
Қазір 21 мыңнан астам медициналық ұйым, 221 мың медициналық техника бірлігі және 257 мың медицина қызметкері туралы дерек цифрландырылған.
Деректерді біріктіру нәтижесінде жүйеден 400 мың ескірген пациент картасы алынып тасталды. Олармен 1,4 млн рецепт байланысты болған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осының арқасында 31 млрд теңге көлеміндегі шығынның алдын алынды.
Цифрлық бақылау негізсіз медициналық қызмет тұтынуды 7,1%-ға, яғни шамамен 7 млрд теңгеге қысқартқан. Қателерді анықтау тиімділігі 3,5 есе артқан.
Дәрігерлер дерек енгізуге 40% аз уақыт жұмсайды
Президент тапсырмасымен Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құрылып жатыр. Ол жеке медициналық ақпараттық жүйелерді біріктіріп, дәрігер үшін ортақ жұмыс құралына айналуы тиіс.
Қазір министрліктің 12 жүйесінің жетеуі біріктірілген. Дерек бір рет енгізіледі, ал қажетті құжаттар автоматты түрде қалыптасады.
Ведомство мәліметінше, бұл дәрігерлердің ақпарат енгізуге жұмсайтын уақытын 40%-ға қысқартқан.
Бірыңғай медициналық деректер қоймасына 12 жеке медициналық ақпараттық жүйеден, реестрлер мен анықтамалықтардан ақпарат жинақталған. Сонымен бірге ол мемлекеттік органдардың 50-ден астам жүйесімен интеграцияланған.
2012 жылдан бері жиналған деректер 1 шілдеден бастап медициналық көмекті төлеу кезінде автоматты форматтық-логикалық бақылау үшін пайдаланылып келеді.
38 медициналық ұйымнан лицензия мәселесі анықталды
Базаларды біріктіру бұрын шашыраңқы жүйелерде байқалмай қалуы мүмкін заң бұзушылықтарды да анықтаған.
Цифрлық бақылау 38 медициналық ұйымда медициналық қызмет көрсету лицензиясы болмағанын көрсетті. Оның 27-сінің қызметі тоқтатылған.
Сондай-ақ сертификаттарының мерзімі аяқталған 2 188 медицина қызметкері уақытша жұмыстан шеттетілген.
Жүйелерді интеграциялау күмәнді және жалған медициналық қызметтер үшін төлем жүргізуге жол бермеуге мүмкіндік береді. Министрлік мұндай жағдайлардың қатарына қайтыс болған адамдарға қызмет көрсету, бір дәрігердің әр өңірдегі бірнеше мекемеде бір уақытта жұмыс істеуі және жалған тіркеулерді жатқызады.
10 мыңға жуық жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылды
Қазақстанда азаматтың бірыңғай цифрлық профилі қалыптастырылған. Ондағы медициналық деректер адамның тұрғылықты жері немесе қай емханаға тіркелгеніне қарамастан сақталады.
Дәрігерге онлайн жазылу қызметін 5,6 млн адам пайдаланған.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап скринингтен өту қажеттігі туралы автоматты хабарламаларды іске қосу жоспарланып отыр.
Медициналық жүйелер мен ішкі істер органдарының деректерін біріктіру көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдерді анықтау үшін де қолданылып жатыр.
Ұсынылған мәлімет бойынша, қазірдің өзінде 10 мыңға жуық жүргізуші куәлігінің қолданылуы тоқтатылған.
Бір миллиардтан астам дәрі қаптамасы таңбаланды
Цифрландырудың тағы бір бағыты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты.
Қазақстанда 1 млрд-тан астам дәрі қаптамасы таңбаланған, ал мониторинг 3 мың дәрі атауын қамтиды.
1 595 препараттың, яғни бақыланатын тізімнің 52%-ының бағасы тұрақты. Тағы 800 атау бойынша, яғни 26%-ында баға төмендеген.
Жалпы экономикалық әсер 42,5 млрд теңге деп бағаланған.
1 қыркүйектен бастап таңбалау жүйесі биологиялық белсенді қоспаларға да енгізілді.
ЖИ КТ, МРТ және маммография нәтижелерін талдайды
Кеңесте Олжас Бектеновке жасанды интеллект элементтері енгізілген бірнеше цифрлық жоба таныстырылды.
Орталықтандырылған телерадиология жүйесі Қазақстан бойынша 400-ден астам медициналық ұйымды байланыстырады. Жасанды интеллект алгоритмдері КТ, МРТ және маммография кескіндерін талдауға қолданылады.
Ұсынылған дерекке сәйкес, технология диагностика уақытын төрт еседен астам қысқартып, патологияларды ерте кезеңде анықтау көрсеткішін 32,2%-ға арттырған.
Тағы бір жоба — AKYLMED.AI медициналық коммуникациялар жүйесі. Ол пациенттерді тәулік бойы онлайн тіркеуге, скрининг пен профилактикалық тексерулерге шақыруға және қабылдау сапасы туралы кері байланыс жинауға арналған.
AI-көмекшілерін пайдалану емханаға келмей қалатын пациенттер санын үш есеге жуық азайтып, тіркеу бөлімдеріне түсетін жүктемені төмендеткен.
Телемедицина 655 ауылдық медициналық нысанды қамтыды
Жыл басынан бері Қазақстанда 1 млн-нан астам телеконсультация өткізілген.
Қашықтан медициналық қызметті 2,1 млн-нан астам адам алған. Олардың 39%-ы ауыл тұрғындары.
Жоба ауылдардағы 655 фельдшерлік-акушерлік пункт пен дәрігерлік амбулаторияны, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің 72 мекемесін қамтиды.
1 қыркүйектен бастап телемедицина мектеп оқушыларын профилактикалық тексеруден өткізу кезінде де енгізіле бастады. Алдағы уақытта шамамен 8 мың мектепті қамту жоспарланған.
Қашықтан ЭКГ жасау, экспресс-талдаулар өткізу және цифрлық медициналық құралдар арқылы тексеру қазірдің өзінде қолжетімді. Тізімді УДЗ, офтальмоскопия және басқа зерттеулермен кеңейту жоспарланып отыр.
Вакцина қоймадан ауруханаға дейін бақыланады
«Суық тізбек» жобасы вакциналарды сақтау және тасымалдау жағдайларын автоматты бақылауға арналған.
Температура датчиктері препараттардың сақтау жағдайын, ал GPS-мониторинг арнайы көліктің қозғалысын бақылайды.
Жобаның пилоттық нұсқасы 2025 жылы Қарағанды облысында өткізілген. 1 қазаннан бастап оны ел бойынша кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.
Жүйе 3,5 мыңнан астам нысан мен 800 арнайы көлікті қамтуы тиіс.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін «Қазақтелеком» АҚ шешімдері негізінде смарт-бейнежетондар да енгізіліп жатыр. Шабуыл немесе қауіп туындаған жағдайда құрылғы полиция департаментінің жедел басқару орталығына автоматты түрде сигнал бере алады.
Жоба Шымкент қаласы мен Жамбыл облысында іске қосылған. Жыл соңына дейін 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы мен 3,8 мыңнан астам медицина қызметкерін қамту жоспарланған.
Астана, Шымкент және Жамбыл облысындағы стационарларда бейнеталдау жүйесі мен SOS түймелері де енгізіліп жатыр. «Ақылды» камералар медицина қызметкерлеріне бағытталған агрессияны анықтап, ақпаратты полицияға, медициналық ахуал орталығына және мекеме күзетіне жібереді.
Бектенов барлық медициналық жүйені біріктіруді тапсырды
Кеңес қорытындысында Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық шешімдер пациенттер мен денсаулық сақтау жүйесі үшін нақты нәтиже беруі қажет екенін айтты.
«Президент нақты мақсат қойды: біз шашыраңқы ақпараттық жүйелерден бас тартып, денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық контурын құруымыз керек. Бұл міндетті іске асыруға мүмкіндік беретін шешімдер мен технологиялар қазірдің өзінде бар екенін көріп отырмыз. Енді басталған жұмысты соңына дейін жеткізу қажет. Барлық жүйелер біріктіріліп, деректер қолжетімді әрі өзекті болуы, тиімді ЖИ-шешімдер бүкіл сала мен өңірлерге кеңінен енгізілуі керек. Біз нақты нәтиже алуымыз қажет: сапалы медициналық қызметтер, шығындарды оңтайландыру, әкімшілік кедергілерді жою. Жаппай цифрландыру азаматтарға көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыра отырып, жүйені жетілдіруге мүмкіндік береді», — деді Олжас Бектенов.
Келесі ірі кезеңнің мерзімі де белгіленген: 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақстандықтарға медициналық скринингтен өту туралы автоматты еске салу хабарламалары жіберіле бастайды деп жоспарланған.




