Қазақстанның агросаласы бір жүйеге біріктіріледі.
2028 жылдың соңына дейін субсидиядан бастап мал есебі мен ауыл шаруашылығы жерлерін бақылауға дейінгі цифрлық сервистер бірыңғай Digital Agro Platform экожүйесіне енгізілмек, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің негізгі ақпараттық жүйелері Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкіметтегі жиында таныстырылды.
Субсидия, жер және мал есебі бір экожүйеге біріктіріледі
Қазір агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрлық процестер бірнеше жүйе арқылы жүргізіледі. Gosagro.kz мемлекеттік субсидиялау жүйесі өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, өңдеу, аквакультура және басқа бағыттарды қоса алғанда, 20 бағыт бойынша мемлекеттік қолдауды электронды түрде алуға мүмкіндік береді.
Субсидия көлемі ұсынылған құжаттар негізінде автоматты түрде есептеледі. Жүйе Бірыңғай мемлекеттік кадастр жүйесімен, электронды шот-фактуралармен және ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу жүйесімен интеграцияланған.
Алдағы екі жылда өсімдік шаруашылығы өнімдерін қадағалау және ауыл шаруашылығы жерлерін басқару жүйелері іске қосылмақ. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жүйесін жаңғырту жоспарланған.
Осы жұмыстың түпкі мақсаты — барлық салалық сервистерді Digital Agro Platform жүйесіне біріктіру. Оған АӨК ақпараттық жүйелері, жер ресурстарының цифрлық картасы және Smart Data Agro деректері енгізіледі.
Жер мониторингі 50 мыңнан астам ықтимал заңбұзушылықты тіркеді
Ауыл шаруашылығы жерлерін бақылау цифрландырудың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр.
2023 жылдан бері жұмыс істейтін JerInSpectr платформасы Жерді қашықтан зондтау деректерін пайдаланады. Бұл мемлекеттік органдарға жер телімдерінің іс жүзінде мақсатқа сай пайдаланылып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.
Жүйе іске қосылғаннан бері 50 мыңнан астам инцидент карточкасы қалыптастырылып, өңделген. Олар жер заңнамасының бұзылуы мүмкін екенін көрсететін фактілер мен белгілер туралы ақпаратты қамтиды.
Қазір платформа «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен бірлесіп жаңғыртылып жатыр. Жүйеге жасанды интеллект технологияларын енгізу, соның ішінде ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалық жай-күйін бағалау көзделген.
Серік Жұманғарин бұл процестерді одан әрі автоматтандыруды тапсырды. Негізгі мақсат — шешім қабылдау кезінде адам факторының ықпалын барынша азайту.
Цифрлық базада 39 млн-нан астам ауыл шаруашылығы жануары бар
Мал шаруашылығындағы цифрландыру көлемі де айтарлықтай.
Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру ақпараттық жүйесінде 39 млн-нан астам мал туралы өзекті мәлімет жинақталған. Ақпарат облыстар мен ауылдық округтер деңгейіне дейін нақтыланады.
Әр жануарға бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі. Жүйеде зертханалық зерттеулер мен ветеринариялық рәсімдер тіркеледі, соның арқасында малдың туған сәтінен бастап сойылғанға және өнімнің сатылуына дейінгі бүкіл тарихын бақылауға болады.
Сонымен бірге тірі мал мен ет өнімдерін экспортқа шығару қозғалысын қадағалайтын сервис жұмыс істейді.
Бизнес пен пайдаланушылардың ескертулерінен кейін бұл жүйе де жаңғыртылып жатыр. Оған сауда және қоғамдық тамақтану нысандарын, мектептер мен басқа ұйымдарды қосу жоспарланған. Бұған қоса тағы төрт жаңа цифрлық сервис әзірленбек.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Halyk Bank-пен бірге салалық процестерді оңтайландыру және цифрландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алғашқы кезеңде малды сәйкестендіру, есепке алу, орын ауыстыру және есептен шығару процестері талданған.
Жаңа модельдер қолмен орындалатын операцияларды азайтып, қайталанатын деректерді жоюға бағытталған.
E-Fish сатылымға шыққан әр келі балықты есепке алады
Балық шаруашылығында да толық қадағалау тетігі енгізілген.
E-Fish жүйесінде 1 221 субъект тіркелген. Платформа кәсіпшілік балық аулау нысандары мен балық өсіру шаруашылықтарын қамтиды және өнімнің су айдынынан соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жүйеде сатылымға түсетін әрбір килограмм ауланған балық есепке алынады.
Ведомство ұсынған дерек бойынша, саланың ашықтығы артуының нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысында балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы 7%-ға қысқарған.

Фермер бір деректі бірнеше рет енгізбеуі тиіс
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін реформаның ең сезілетін нәтижесі жаңа платформаның атауы емес, қолмен жасалатын жұмыстың азаюы болуы керек.
QazTech платформасындағы сервистер мен салалық деректер қоймасы мемлекеттік жүйелерге бұрын енгізілген ақпаратты қайта пайдалануға мүмкіндік бермек. Бұл фермерден бір мәліметті бірнеше рет сұрату қажеттілігін азайтады.
Бірыңғай архитектураға жасанды интеллект пен BI-аналитиканы енгізу де жоспарланған. Соның нәтижесінде жер, мал, өнім және мемлекеттік қолдау туралы деректерді бір цифрлық ортада салыстыруға мүмкіндік туады.
Бұған дейін біз Қазақстанда 144 салалық бизнес-процесті цифрландыру және «е-АӨК» экожүйесін қалыптастыру жұмыстары туралы жазған едік.
Енді бұл жұмыстың нақты мерзімі белгіленіп отыр: салалық ақпараттық жүйелерді жетілдіру және интеграциялау алдағы екі жылда жалғасады, ал Қазақстанның бірыңғай цифрлық АӨК платформасын 2028 жылдың соңына дейін толық қалыптастыру жоспарланған.


