Қазақстанға 3 миллион жұмыскер қажет бола ма? Анықтаймыз!

583
Фотосурет: Gov

Алдағы уақытта Қазақстанның еңбек нарығын жұмыскерлерге қойылатын талаптар тұрғысынан айтарлықтай өзгерістер күтіп тұр. Дүниежүзілік экономикалық форумның (WEF) Future of Jobs Report 2025 баяндамасына сай 2030 жылға қарай ҚР-дағы жұмыскерлерге қажетті негізгі дағдылардың шамамен 40%-ы өзгереді. Бұл 39%-ды құрайтын әлемдік орташа көрсеткіштен сәл жоғары.

Айтарлықтай өзгерістер қарастырылған 55 экономиканың тек 12-сінде ғана күтілуде. Өзгеруге ұшырайтын дағдылардың ең жоғары үлесі Мысыр мен Зимбабведе (48%-дан), сондай-ақ Колумбия, Португалия және Түркияда (44%-дан) болады деп болжануда. Қазақстан 40% көрсеткішімен Сауд Арабиясы мен Мексикамен бір деңгейде тұр. Салыстыру үшін: Өзбекстанда негізгі дағдылар 36%-ға, АҚШ-та — 35%, Германия мен Жапонияда — 34%, Қытайда, Францияда және Ұлыбританияда — 33%-ға өзгереді. Қарастырылған елдердің ішіндегі ең төмен көрсеткіш Данияда болжанады: 28%.

WEF дағдыларға қойылатын талаптардың өзгеруін бірқатар факторлар кешенімен — технологиялардың дамуымен, экономикалық және демографиялық өзгерістермен, геоэкономикалық фрагментациямен және «жасыл» экономикаға өтумен байланыстырады. Бұл ретте тікелей Қазақстан үшін респондент-жұмыс берушілердің 58%-ы цифрлық қолжетімділікті кеңейтуді 2030 жылға қарай өз бизнесін айтарлықтай өзгертудің негізгі факторларының бірі деп санайды. Сонымен бірге сауалнамаға қатысқан компаниялардың 10-нан 7-уі қажетті дағдылардың тапшылығын бизнесті трансформациялаудағы басты кедергілердің бірі ретінде атап өтеді.

Алдағы бес жылда Қазақстанда жұмыс тапсырмаларын орындаудағы технологиялардың рөлі айтарлықтай артады. WEF сауалнамасына қатысқан жұмыс берушілердің бағалауынша, қазіргі уақытта жұмыс тапсырмаларының 43%-ын негізінен адамдар орындайды, 31%-ы адам мен технологияның бірлескен жұмысына, ал 26%-ы негізінен технологияларға тиесілі.

2030 жылға қарай бұл құрылым айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Негізінен адам орындайтын жұмыс тапсырмаларының үлесі бірден 14 пайыздық тармаққа азайып, 29%-ға дейін төмендейді, ал технологиялар орындайтын тапсырмалардың үлесі, керісінше, 13 пайыздық тармаққа өсіп, 39%-ға жетеді. Адам мен технологияның бірлескен жұмысын көздейтін тапсырмалардың үлесі өзгеріссіз қалып, қазіргі 31%-дың орнына 32%-ды құрайды.

Осылайша, 2030 жылға қарай технологиялар Қазақстандағы 10 жұмыс тапсырмасының 4-еуін орындаудың негізгі тәсіліне айналуы мүмкін. Әлем бойынша орташа есеппен негізінен технологиялар орындайтын тапсырмалардың үлесі 22%-дан 34%-ға дейін өсуі, негізінен адам орындайтын тапсырмалардың үлесі 48%-дан 33%-ға дейін қысқаруы, ал адам мен технология бірлесіп орындайтын тапсырмалардың үлесі 30%-дан 33%-ға дейін ұлғаюы мүмкін. Бұл ретте WEF сөз жұмыс орындарының сәйкесінше қысқаруы жайлы емес, орындалатын тапсырмалардың үлесі жайлы болып отырғанын ерекше атап өтеді.

Ішкі отандық бағалаулар да жалпы алғанда төмендегіні растайтынын айта кету керек: демографиялық факторлар, цифрландыру және ЖИ қазірдің өзінде еліміздегі еңбек нарығына айтарлықтай әсер етіп жатыр және алдағы уақытта да ықпалын тигізе бермек. Мәсеклен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 73 мың кәсіпорынды қамтыған зерттеуіне сай 2024-2030 жылдарға арналған Қазақстан экономикасының кадрларға деген қажеттілігі 437,9 мың адамды құрайды. Бұл ретте сұраныстың 55%-ы ТжКБ бар және микробиліктілігі бар мамандарға, ал 45%-ы жоғары білімі бар кадрларға тиесілі.

Quacquarelli Symonds компаниясымен бірлесіп жүргізілген және ЖИ-дің еңбек нарығы мен кадрларды даярлауға тигізетін әсерін бағалайтын бөлек зерттеу ҚР-дағы автоматтандыру әлеуеті 53%-ды, ЖИ есебінен жұмыс күшін күшейту әлеуеті 70%-ды құрайтынын, ал AI-First экономикасында біліктілікті арттыру қарқыны 3 есе жылдамдауы мүмкін екенін анықтады. Басым салалардағы өнімділіктің 14%-ға өсуімен қатар ЖИ-ді қолданудан болатын ықтимал қосымша әсер ЖӨӨ-ге қатысты 80 млрд АҚШ доллары көлемінде бағаланады.

Сонымен бірге, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, ЖИ-дің еңбек нарығының кәсіби құрылымына тигізетін әсерінен 2035 жылға қарай Қазақстанда 562 мамандық түрленеді, яғни тапсырмаларды орындау тәсілдері өзгереді; 46 мамандық сақталады, бірақ жұмыскерлер саны азаяды, тағы 14 мамандық жойылу қаупінде тұр, өйткені оларды толығымен ЖИ автоматтандыруы мүмкін. Сонымен қатар 33 жаңа мамандықтың пайда болуы күтілуде.

Анықтама үшін: 2026 жылдың басынан бері Enbek.kz еңбек биржасында 845 мың бос жұмыс орны жарияланды. Оның ішінде 432 мың немесе 51% жұмысшы мамандықтарға тиесілі болды. Жалпы Қазақстанның жұмыс күші 9,8 млн адамды, жұмыспен қамтылғандар саны 9,4 млн адамды құрайды, оның ішінде 50% немесе 4,7 млн адамның техникалық және кәсіптік білімі, 44% немесе 4,1 млн адамның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі, тағы 6%-ында немесе 0,6 млн адамның орта білімі бар.

Білім беру жүйесін еңбек нарығының өзгеріп жатқан талаптарына бейімдеу қажеттілігін ҚР Үкіметінде де атап өтуде. Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың әрбір саласы заманауи технологияларды қолдану есебінен еңбек өнімділігін арттыра алатын жаңа тұрпатты мамандарға мұқтаж екенін және жұмысшы мамандықтары ерекше назар аударуды қажет ететінін үнемі баса айтатынын атап өтті. Статистика мұны растайды: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағалауы бойынша 2035 жылға дейінгі Қазақстан экономикасының жиынтық кадрлық қажеттілігі, кеткен жұмыскерлердің орнын басуды және жаңа сұранысты қосқанда, 2,9 млн адамды құрайды, бұл ретте 1,8 млн адам немесе 62%-ы жұмысшы мамандықтарына тиесілі.

Бүгінде елде 556 мың студент білім алатын 763 колледж жұмыс істейді. 2026 жылы 160 мамандық бойынша 3 мыңнан астам білім беру бағдарламасы өзектендірілді. ТжКБ-ны қаржыландыру да кеңейді: бюджет есебінен студенттерді қабылдау жылына 93 мыңнан 145 мың адамға дейін, шәкіртақы мөлшері 50%-ға, ал бір студентті оқытуды қаржыландыру екі есеге өсті. Бұл ретте ТжКБ ұйымдарының 70%-дан астамы 40 жылдан астам уақыт бұрын салынған, ал алдағы үш жылда жатақханаларда 7,5 мыңға жуық жаңа орын құру жоспарлануда. ТжКБ инфрақұрылымын дамытудың 2027–2030 жылдарға арналған бағдарламасы Үкіметке 2026 жылғы 1 қарашаға дейін ұсынылуы тиіс.

Кадрларды даярлау жүйесін өндірісті цифрландыруды ескере отырып қайта құру жоспарлануда: мамандар цифрлық басқару жүйелерімен, заманауи технологиялармен және жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істей алуы керек. Сондай-ақ 2026 жылдың соңына дейін Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығы толыққанды жұмыс істей бастауы тиіс, ол жұмыс берушілермен бірге жаңа мамандықтар мен сұранысқа ие құзыреттерді болжауға қатысады.

Бұдан бөлек, әрбір өңірде кадрларды даярлаудың және тәуелсіз сертификаттаудың салалық кластерлерін құру, ал колледждерде микробіліктіліктерді алу үшін қысқа мерзімді бағдарламаларды дамыту көзделіп отыр. Жұмыс орындарының түрлері мен санына деген қажеттілікті өңірлік ерекшеліктерді және жаңа жоғары технологиялық өндірістердің пайда болуын ескере отырып, жыл сайын болжау, ал өзекті деректерді Enbek.kz базасында жариялау жоспарлануда. Солардың негізінде кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс қалыптастырылуы тиіс.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -