Сақтандырудың 80%-ын мемлекет төлейді. Диқандар неге асықпайды?

660
Арман Қоржымбаев Бас редактор

Мол өнім алған диқан банктегі қарызын өтеп, тұқым мен тыңайтқыш жеткізушілермен есеп айырысады, келесі егіске қамданады. Ал егін шықпай қалса, осының бәрі қиындайды. Мемлекет сақтандыру полисі құнының 80%-ын субсидиялағанымен, Қазақстандағы көптеген шаруашылық үшін агросақтандыру әлі де үйреншікті шығынға айналған жоқ.

Мұның себебі неде? Бұрынғы жүйеден қалған сенімсіздік пе, сақтандыру шарттары ма, әлде ауа райы қолайлы болады деген үміт пе? Осы мәселелерді DKNews.kz тілшісімен сұхбатында «Freedom Insurance» сақтандыру компаниясы» АҚ агросақтандыру басқармасының басшысы Диас Ерғалиев түсіндірді. Біз егістік туралы есептік деректердің нақты өнімнен неліктен алшақтауы мүмкін екенін, полис қандай шығындарды өтемейтінін және сақтандырушылардың ауыл шаруашылығы үшін ауыр жылға қаншалықты дайын екенін сұрадық.

— Диас, мемлекет сақтандыру құнының 80%-ын субсидиялап отыр. Соған қарамастан, диқандардың көбі егінін сақтандыруға неге асықпайды?

— Бұған жауап беру үшін бұрынғы тәжірибені ескеру керек. 2019 жылға дейін бізде міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істеді. Менің бағалауымша, ол жүйеде ашықтық жеткіліксіз болды, ал сақтандыру төлемдері тиісті деңгейде жасалмады.

Мемлекет төлемдерге қолдау көрсетті. Бірақ бұл жүйеде сақтандыру компанияларымен қатар, аудандық және облыстық деңгейдегі өзара сақтандыру қоғамдары да жұмыс істеді. Сол кезеңдегі тәжірибе диқандардың көзқарасына әлі де әсер етіп келеді. Сенімсіздік жалпы агросақтандыруға тарады.

Қазір негізгі мәселенің бірі — сақтандырудың пайдасын түсіндіру. Диқан төлеген ақшасына қандай қорғаныс алатынын, қолайсыз жылы полистің шаруашылығына қалай көмектесетінін білуі керек. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз: өнімдердің шарттарын түсіндіреміз, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесеміз. Адам полистің не үшін қажет екенін түсінбесе, субсидияның өзі жеткіліксіз.

— Диқан егінінің қурап қалғанын көріп тұр, ал жүйе немесе спутниктік деректер сақтандыру жағдайын растамайды делік. Мұндайда не болады?

— Өнімділіктің төмендеуінен сақтандыратын өніміміз нарыққа енді шығып жатыр. Осы өнім аясында әзірге мұндай жағдай тіркелген жоқ. Дегенмен сақтандыруда базистік тәуекел деген ұғым бар. Ол есептік көрсеткіштер мен шаруашылықтағы нақты жағдайдың бір-біріне сәйкес келмеуін білдіреді.

Біз топырақ, климат және агротехника жөніндегі деректерге сүйеніп, өнімділікті модельдейміз. Бірақ түпкі нәтижеге диқанның өз әрекеті де әсер етеді. Мысалы, сапасыз тұқым себу, агротехнология талаптарын сақтамау, гербицидті дұрыс таңдамау немесе оны белгіленген мөлшерден артық не кем қолдану егіске зиян келтіруі мүмкін. Осындай әрекеттерден болған шығындарды біз өтемейміз.

Басқа да шектеулер бар. Біз айтып отырған өнімде су тасқыны, өрт және бұршақ тәуекелдері сақтандыруға кірмейді. Сондықтан шаруашылықтың нақты неден сақтандырылғанын және қандай оқиғалар бойынша шығын өтелмейтінін түсіну қажет.

— Деректер бір нәтижені көрсетіп, диқан егістіктегі жағдай мүлде басқа екенін айтқан кездер болды ма? Сонда кімдікі дұрыс болып шықты?

— Нақты өнімділік есептік көрсеткіштен жоғары болуы мүмкін. Мәселен, диқан қосымша тыңайтқыш енгізіп, басқа агротехнология қолданып, модель көрсеткеннен көбірек өнім алады.

Жоғарыда айтқанымыздай, керісінше жағдай да кездесуі мүмкін. Өндіріске салғырт қарап, агротехнологияның қарапайым талаптарын орындамаса, өнімділік төмендейді.

Дегенмен біздің бақылауымызша, алынған деректер егістіктегі нақты жағдайға жалпы сәйкес келеді. Аздаған айырмашылық болуы мүмкін. Ал осы өнім бойынша елеулі алшақтық болған нақты мысалды қазір келтіре алмаймын.

— Компанияңыз агросақтандыру бойынша ең көп қанша төлем жасады? Сол кезде шаруашылық қандай жағдайға тап болды?

— Бұл өнім бойынша тәжірибеміз әзірге көп емес. Былтыр пилоттық жоба ретінде күздік бидай егетін бір шаруашылықты сақтандырдық. Биыл оның өнімділігі қалыпты деңгейде, тіпті одан да жоғары болды.

Жаздық дақылдарды алғаш рет биыл сақтандырдық. Сұхбат беріп отырған сәтте қорытынды деректерді әлі күтіп отырмыз. Сондықтан төлем сомасын әзірге айта алмаймын. Кейін қай дақылдар бойынша төлем жасалғанын және оған не себеп болғанын айтып бере аламыз.

Қазірдің өзінде елдің кейбір бөліктерінде өсімдіктің өсу кезеңіндегі жауын-шашын тапшылығы мен жоғары температура өнімнің қалыптасуына әсер еткенін айтуға болады.

— Диқандар арасында «сақтандыру компаниялары ақшаны қуана алады, ал төлем жасайтын кезде бас тартуға себеп іздей бастайды» деген пікір бар. Бұл қаншалықты орынды?

— Сақтандыруда алаяқтық тәуекелі де бар. Түрлі айламен төлем алуға тырысатын жағдайлар кездеседі. Бұл тек Қазақстанға тән мәселе емес. Мұндай әрекеттерді толық жоққа шығара алмаймыз.

Өз өнімімізде диқанға шығынды растайтын қосымша дәлел жинаудың қажеті болмайтындай тәртіп құруға тырыстық. Деректерді тәуелсіз үшінші тарап береді. Ол мәліметті бұрмалауға мүдделі емес және өз беделін бағалайды.

Бұл — параметрлік сақтандыру. Өткен жылдардағы өнімділік көрсеткіштері биылғы есептік көрсеткіштермен салыстырылып, олардың арасындағы ауытқу бағаланады. Сақтандыру жағдайының туындағаны осы деректер негізінде анықталады.

Яғни диқанға растайтын құжаттарды өзі іздеп, егістікте не болғанын дәлелдеудің қажеті жоқ. Біз деректерді өзіміз аламыз да, сақтандыру жағдайы туындағанын оған хабарлаймыз.

— Егер мемлекет полис құнының 80%-ын субсидиялауды тоқтатса, Қазақстанда агросақтандыру мұндай қолдаусыз жұмыс істей ала ма?

— Жалпы, жұмыс істей алады. Бірақ шарттары өзгереді. Тарифтерді төмендетудің жолдарын қарастыруға болады, алайда сонымен бірге сақтандыру қандай тәуекелдерді және қандай көлемде өтейтінін де қайта қарауға тура келеді.

Агросақтандыруды мемлекеттік қолдау ауқымды міндетпен — азық-түлік қауіпсіздігімен байланысты. Мемлекет үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық тұрақтылығын сақтауы маңызды. Сақтандыру — соған көмектесетін құралдардың бірі.

Сондықтан диқандарды жеткілікті деңгейде қорғағымыз келсе, менің ойымша, мемлекеттің қатысуы қажет.

Сақтандыруды өз шығындарына алдын ала енгізетін шаруашылықтар бар. Бірақ бәрі бірдей олай істемейді. Полистің пайдасын түсінетіндер көбейген кезде мемлекеттік қолдау үлесін белгілі бір деңгейге дейін біртіндеп азайтуды талқылауға болады.

— Климаттың өзгеруінен кейбір дақылдарды, тіпті жекелеген өңірлердегі егістікті сақтандыру тым қымбатқа түсетін кез тууы мүмкін бе?

— Климат қазірдің өзінде өзгеріп жатыр. Ауа райының біз үйренген сипаты да бұрынғыдай емес. Мысалы, Қазақстанның батысын әдетте қуаң өңір деп қабылдаймыз. Бірақ біздің бақылауымызша, биыл онда өсімдіктің өсу кезеңінде жауын-шашын едәуір мол болды.

Бұл бізге сақтандыру өнімдерін жаңа жағдайға бейімдеу қажет екенін көрсетеді. Төлем жасауға негіз болатын шекті көрсеткіштерді өзгертуге, басқа тәуекелдерді қамтитын өнімдер әзірлеуге болады.

Мен агросақтандыруға деген қажеттілік сақталады деп ойлаймын. Бірақ ол шаруашылықтар жұмыс істейтін жағдаймен бірге өзгеруге тиіс. Ал ауыл шаруашылығының өзі үшін климаттың өзгеруіне бейімделу және ресурстарды ұқыпты пайдалану барған сайын маңызды болып келеді.

— Болашақта диқанның сақтандыру тарихы кредиттік тарих сияқты рөл атқара ала ма? Банк соған қарап, кімге арзан, кімге қымбат несие беретінін анықтауы мүмкін бе?

— Біз шаруашылықтар бойынша талдау жүргізіп жатырмыз. Сақтандырылған ауыл шаруашылығы алқаптарын зерттейміз, диқанның жерді қалай пайдаланатынын, ауыспалы егіс пен агротехнология талаптарын қаншалықты сақтайтынын қараймыз.

Сонымен қатар қаржы ұйымдарымен жұмысты бастадық. Оның аясында агросақтандыру кредиттік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету құралдарының бірі болмақ.

Бұл жұмыс жүріп жатыр және әрі қарай дамиды. Бірақ сақтандыру тарихы несие құнын автоматты түрде анықтайтын жүйе қалыптасты деуге әлі ерте.

— Мемлекетке қайсысы тиімді: сақтандыруды алдын ала субсидиялау ма, әлде құрғақшылық пен басқа да апаттардан кейін диқандарға көмек ретінде қомақты қаржы бөлу ме?

— Мұнда өзара байланыстың бәрін ескеру керек. Мемлекет ауыл шаруашылығын қаржыландыруға, соның ішінде қаржы ұйымдары арқылы, елеулі қаражат бағыттайды. Ал олар диқандарға несие береді.

Егер шаруашылық сақтандырылмаса және өнім ала алмаса, ауыртпалық алдымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге түседі. Ол кредитор алдындағы міндеттемесін орындай алмайды. Ал қаржы ұйымының өзі тартқан қаражатты қайтару міндеті сақталады.

Бұдан бөлек, тұқым, тыңайтқыш және пестицид жеткізушілер бар. Олардың көбі тауар ақысын кейін төлеуге мүмкіндік береді және ақшасын егін жиналған соң алуды күтеді. Диқан өнім ала алмаса, оның салдары жеткізушілерге де тиеді.

Агросақтандыру осы тәуекелдердің бір бөлігін бөлісуге мүмкіндік береді. Мемлекет, диқан, қаржы ұйымы және шартта белгіленген тәуекелдерді өзіне алатын сақтандыру компаниясы жауапкершіліктің өз үлесін көтереді.

Сондықтан сақтандыру сыйлықақысын субсидиялау осы өзара байланысты жүйенің тұрақтылығын сақтауға көмектеседі. Оның пайдасы өнімінен айырылған бір шаруашылықпен ғана шектелмейді.

— Жасанды интеллект қазірдің өзінде орасан көп деректі талдайды. Бірнеше жылдан кейін қай шаруашылықтың өнім жоғалту қаупі жоғары екенін егіс басталмай тұрып болжай ала ма?

— Жасанды интеллект болжам жасай алады. Бірақ ол болжамның міндетті түрде орындалатынын білдірмейді. Біз жүйенің көбірек дерек өңдеп, ауыл шаруашылығының ерекшеліктерін дәлірек ескеруі үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Мысалы, күз бен қыстағы ауа райының жазғы жағдайға қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіну қажет. Табиғи циклдерді, әртүрлі факторлардың өзара ықпалын ескеру керек.

Біз талдау жұмысында жасанды интеллект пен машиналық оқыту элементтерін қолданып жүрміз. Цифрлық платформалар мен сақтандыру өнімдерін жетілдіру үшін оларды әрі қарай да пайдаланамыз.

Дегенмен көп нәрсе шаруашылықтың өзіне байланысты. Агротехнология талаптарын сақтау тұрақтырақ өнім алуға көмектеседі. Тәуекелді болжау мен жерді сауатты игеру бірін-бірі толықтыруы керек.

— Өзіңіз «Сізге қазір сақтандырудың қажеті жоқ» деп айта алатын диқандар бар ма?

— Бұл бізді алғашқы сұраққа қайта әкеледі. Диқан: «Бәрі жақсы болып жатыр, сақтандырудың не қажеті бар?» деуі мүмкін. Бірақ әр жыл осындай болады деп ешкім кепілдік бере алмайды.

2024 және 2025 жылдары өнім мол болды. Алайда бұрынғы нәтиже келесі маусым да міндетті түрде қолайлы өтеді деген сөз емес.

Агросақтандырудың мәні — қиын жылы шаруашылықтың жұмысын тоқтатпай, ең болмағанда келесі маусымда қайта егін егуге мүмкіндігін сақтап қалуына көмектесу.

— Егер Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін шынымен ауыр жыл туса, агросақтандыру жүйесі оған төтеп беруге дайын ба? Әлде негізгі ауыртпалық тағы да мемлекет пен диқандарға түсе ме?

— Өз компаниямыз туралы айтар болсам, біздің меншікті резервтеріміз және қайта сақтандыру қорғанысымыз бар. Тәуекелдердің бір бөлігін халықаралық қайта сақтандыру компаниялары қабылдайды. Олар өз жауапкершілігі шегінде төлемдерге қатысады.

Тәуекелдерді сақтандыруға қабылдамас бұрын бағалаймыз. Соған сүйеніп қорғаныс тетіктерін құрамыз және міндеттемелерімізді орындауға дайын екенімізді айта аламыз.

Бірақ нарық біртіндеп өсуі керек. Қабылданатын тәуекелдер көлемінің күрт ұлғаюы қолайсыз салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан агросақтандыру ауқымының кеңеюімен бірге сақтандыру компанияларының мүмкіндігі мен қайта сақтандыру қорғанысы да нығаюы қажет.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -