Авиациялық білім практикаға жақындап келеді. Қазақстандағы болашақ авиация мамандары енді кәсіби пәндермен қатар жасанды интеллект құралдарын, командалық жұмысты және іскерлік коммуникацияны халықаралық индустрия өкілдерімен бірге меңгеріп жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Азаматтық авиация академиясында Boeing және Istanbul Technical University мамандарының қатысуымен Upskilling Project халықаралық білім беру бағдарламасы өтіп жатыр. Оның негізгі мақсаты — академиялық білімді авиация еңбек нарығында қажет болатын практикалық құзыреттермен толықтыру.
100-ге жуық студент AI мен цифрлық құралдарды меңгерді
Бағдарлама екі негізгі бағытқа бөлінген — Digital Tools және Soft Skills.
Digital Tools модуліне Академияның 100-ге жуық студенті қатысты. Олар заманауи цифрлық құралдармен, соның ішінде жасанды интеллект негізіндегі шешімдермен танысып, технологияларды оқу барысында және болашақ кәсіби қызметінде қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.

Бұл бағыт Академияда жүргізіліп жатқан жалпы цифрлық трансформациямен де сәйкес келеді. Оқу орнында AI-Sana бағдарламасы бойынша жасанды интеллектіні білім беру процесіне енгізудің жол картасы әзірленген. Қазір «Авиациядағы ЖИ», «Ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған машиналық оқыту» және «Әуе қозғалысын басқарудағы жасанды интеллект» сияқты элективті пәндер дайындалып жатыр.
Яғни AI авиациялық білімде жеке IT-курс ретінде емес, инженерлік және операциялық мамандықтардың бір бөлігі ретінде енгізіле бастады.
25 студент коммуникация мен командалық жұмыстан өтті
Екінші Soft Skills модуліне 25 студент қатысты.
Практикалық сабақтарда олар:
- тиімді коммуникация;
- командалық жұмыс;
- презентация жасау;
- кәсіби ортада өзара іс-қимыл жасау дағдыларын дамытты.
Авиация үшін мұндай құзыреттердің маңызы техникалық білімнен кем емес. Ұшқыштар, инженерлер, диспетчерлер және жердегі қызметтер жұмыс барысында бір-бірімен тұрақты ақпарат алмасады. Сондықтан маманның кәсіби білімімен бірге ойын нақты жеткізуі, командада шешім қабылдауы және күрделі жағдайда коммуникация құра білуі қажет.
«Авиация мамандарын заманауи даярлау білім беру стандарттарының талаптарына ғана емес, саланың нақты сұраныстарына да сәйкес келуі тиіс. Сондықтан студенттерге жетекші халықаралық компаниялар мен университеттердің өкілдерінен тікелей практикалық тәжірибе алу мүмкіндігін ұсыну біз үшін маңызды. Мұндай бастамалар студенттердің кәсіби ой-өрісін кеңейтуге, цифрлық және коммуникативтік құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ қарқынды өзгеріп жатқан авиация саласында жұмыс істеуге дайын болуына мүмкіндік береді», — деді Азаматтық авиация академиясының академиялық қызмет жөніндегі проректоры Қайрат Жақыпов.
Boeing Қазақстанды Орталық Азия авиациясының маңызды буыны деп санайды
Бағдарламаны Istanbul Technical University профессоры, PhD Hülya Cebeci және Boeing компаниясының Анкарадағы мемлекеттік органдармен байланыс, стратегиялық және бизнесті дамыту жөніндегі директоры Filiz Hayirli Tepebasi үйлестіреді.
Boeing өкілі Қазақстанның өңірлік авиациядағы әлеуетіне жеке тоқталды.
«Орталық Азияда авиация саласы қарқынды дамып келеді. Бұл үдерісті одан әрі ілгерілету үшін білімі терең, білікті әрі болашақ талаптарына сай мамандар қажет. Қазақстан Орталық Азиядағы авиация саласының дамуына серпін беріп, өңір елдерін байланыстыратын маңызды буынға айнала алады деп сенеміз. Сондықтан Boeing білім беруді дамытуға және авиация саласына қажетті білікті мамандар даярлауға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді», — деп атап өтті Filiz Hayirli Tepebasi.
Қазақстанда авиация мамандарына сұраныстың өсуі кадр даярлау көлемінен де байқалады. 2022–2023 оқу жылында авиациялық мамандықтарға 180 мемлекеттік грант бөлінсе, 2025–2026 оқу жылында олардың саны 618-ге жеткен.
Азаматтық авиация академиясының қазіргі ресми дерегінде түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 84 пайыз деп көрсетілген. Академияда бакалавриат, магистратура және докторантураны қосқанда 17 білім беру бағдарламасы бар.
Қазақстан авиациясына тек ұшқыштар емес, жаңа құзыреттер қажет
Авиация нарығының кеңеюі кадрға деген талапты да өзгертеді. Ұшақ санын көбейту немесе жаңа бағыт ашу үшін тек ұшқыштарды даярлау жеткіліксіз — инженерлер, техникалық персонал, әуе қозғалысын басқару мамандары және цифрлық жүйелермен жұмыс істей алатын кадрлар қажет.
Академияның өзінде авиациялық персоналды даярлау орталығы теориялық және практикалық курстар өткізіп, ICAO және EASA талаптарына сәйкес бірқатар оқыту мен тестілеу бағдарламаларын қолданады.
Осы тұрғыдан Upskilling Project негізгі кәсіби білімді алмастырмайды. Оның міндеті — студенттің мамандығын цифрлық құралдармен және жұмыс беруші күтетін қосымша дағдылармен толықтыру.
Hülya Cebeci де бағдарламаның осы ерекшелігіне назар аударды.
«Техникалық білім тиімді коммуникация, ынтымақтастық және мәселелерді шешу қабілетімен ұштасуы тиіс. Сондықтан бағдарлама аясындағы екі модуль студенттерге болашақ кәсіби қызметінде қажетті құзыреттерге жаңаша көзқараспен қарауға көмектеседі деп үміттенеміз. Бұл Қазақстанның авиация саласы мен экономикасын дамыту үшін аса маңызды», — деді ол.
Халықаралық тәжірибе аудиторияға кіріп жатыр
Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі — студенттердің халықаралық компания мен университет мамандарынан тікелей білім алуы.
Бұл бағыт Академия үшін жаңа емес. Оқу орны ICAO талаптарына сәйкес авиациялық персоналды кәсіптік даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын жүргізеді, ал оның базасындағы ICAO авиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы 2013 жылдан бері жұмыс істейді.
Upskilling Project осы модельді басқа қырынан толықтырады: студенттер салалық техникалық стандарттармен ғана емес, жұмыс берушілердің цифрлық және коммуникативтік талаптарымен де танысады.
Оқу қорытындысында қатысушылар халықаралық бағдарлама бойынша тиісті құзыреттерді меңгергенін растайтын сертификаттар алды.
Қазақстанда авиациялық кадрларға сұраныс артып отырған кезеңде мұндай бағдарламалардың негізгі нәтижесі сертификат санымен емес, түлектің оқу орнынан жұмыс орнына келген кезде жаңа технологиямен қаншалықты тез жұмыс істей алатынымен өлшенбек.
Бұған дейін біз Қазақстанда авиациялық мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік гранттар саны үш еседен астам өскені туралы жазған едік. 2022–2023 оқу жылындағы 180 гранттың орнына 2025–2026 оқу жылына 618 грант бөлінген.