Жұмыс іздеуге көбірек уақыт беріледі. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыссыз азаматтарға қызмет көрсетудің жаңа тәртібі пилоттық режимде іске қосылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Басты өзгеріс — жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін лайықты жұмыс іздеу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзарады. Жаңа модельде мансап орталығының міндеті азаматты тіркеумен шектелмей, оны нақты жұмысқа орналастыруға дейін сүйемелдеуге бағытталады.
13 күн ішінде азаматқа жұмыс табуға тырысады
Қазіргі тәсілді өзгертетін негізгі тетік — жұмыс іздеу кезеңінің ұзаруы.
1 қазаннан бастап мансап орталығының мамандары 13 күн ішінде азаматтың еңбек тәжірибесін, кәсіби дағдыларын және қажеттіліктерін егжей-тегжейлі анықтайды.
Осы кезеңде:
- азаматтың кәсіби бейіні айқындалады;
- біліктілігі мен еңбек тәжірибесі ескеріледі;
- лайықты бос жұмыс орындары ұсынылады;
- жұмыс берушілермен байланыс орнатылады;
- қажет болған жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары қолданылады;
- азамат жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелденеді.
Мұндағы түпкі мақсат — адамға жұмыссыз мәртебесін беру емес, оның тәжірибесі мен кәсіби жоспарына сәйкес келетін жұмыс табуына көмектесу.
Мансап орталығына жүгіну жай тіркеу болмайды
Жаңа тәсіл азаматтың мансап орталығымен қарым-қатынасын да өзгертпек.
Бұған дейін жұмыс іздеуші үшін негізгі кезеңдердің бірі тіркелу болса, пилоттық модельде жеке жұмысқа басымдық беріледі. Маман азаматтың қандай тәжірибесі барын, қандай жұмыс іздейтінін және еңбек нарығында оған қандай ұсыныстар сәйкес келетінін анықтауға тиіс.
Азамат үшін бұл жеке кеңес алуға, өзіне сәйкес вакансияларды қарауға және біліктілігі мен тәжірибесіне сай жұмысты таңдауға қосымша уақыт береді.
Нәтижесінде мемлекеттік жұмыспен қамту қызметінің тиімділігі тіркелген жұмыссыздар санымен ғана емес, азаматтың нақты жұмысқа орналасуымен бағалануға тиіс.
Мансап орталықтарының мамандары қайта оқытылады
1 қазаннан басталатын пилоттық кезең жұмыспен қамту жүйесінің өзін жаңа модельге дайындау үшін де қажет.
Мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалдарының мамандары қосымша оқудан өтеді.
Оқыту кезінде бірнеше бағытқа басымдық беріледі: азаматтың бейінін дұрыс анықтау, сәйкес бос жұмыс орындарын таңдау, адамды жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу және жұмыстың нәтижесін ақпараттық жүйелерде дұрыс көрсету.
Пилоттық кезең жаңа тәртіптің әлсіз тұстарын толық енгізілгенге дейін анықтауға мүмкіндік береді. Оның қорытындысы бойынша қосымша реттеуді қажет ететін мәселелер белгіленіп, өңірлер жаңартылған жұмыс форматына дайындалмақ.
1 қазаннан әлеуметтік төлем тәртібі өзгермейді
Бұл жерде екі мерзімді ажырату қажет.
2026 жылғы 1 қазаннан жұмыспен қамту қызметінің жаңа моделі пилоттық режимде басталып, лайықты жұмыс іздеу мерзімі 13 күнге дейін ұзартылады.
Пилоттық жоба кезінде жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем қолданыстағы тәртіппен төлене береді. Оны алуға құқығы бар азаматтар заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес төлем алу мүмкіндігін сақтайды.
Яғни 1 қазандағы өзгеріс ең алдымен жұмыс іздеу және азаматты мансап орталығы арқылы сүйемелдеу тәртібіне қатысты.
2027 жылдан төлемнің ең ұзақ мерзімі үш ай болады
Келесі кезең 2027 жылғы 1 қаңтарда басталады.
Осы күннен бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес үш айға дейін болады.
Тиісті өзгерістер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілетін түзетулерде қарастырылған. Олар 2026 жылғы 11 маусымда бекітілген заңға сәйкес енгізіледі.
Сондықтан азаматтар үшін екі негізгі күн бар:
1 қазан 2026 жыл — лайықты жұмыс іздеу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзарады.
1 қаңтар 2027 жыл — жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі үш айға дейін болады.
Қазақстандықтарға өзгерістер алдын ала түсіндіріледі
Жаңа ережелер толық күшіне енгенге дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
2026 жылғы қазан-желтоқсан айларында азаматтармен кездесулер, консультациялар, мамандардың түсіндірулері және басқа ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Қазақстандықтарға жұмыс іздеудің жаңа тәртібі, әлеуметтік төлемдерді алу шарттары және жұмыспен қамту жүйесі арқылы қандай мүмкіндіктерді пайдалануға болатыны түсіндіріледі.
Жаңа модельдің негізгі нәтижесі азаматтың жұмыссыз мәртебесін алуы емес, мансап орталығының көмегімен біліктілігіне, тәжірибесіне және кәсіби жоспарына сәйкес тұрақты жұмыс табуы болмақ.