Заң жобалары алдын ала сарапталады.
Қазақстан Құрылтайының жанынан стратегиялық маңызы бар заң жобаларын негізгі парламенттік рәсімдер басталғанға дейін ғылыми, сарапшылық және қоғамдық тұрғыдан талқылайтын Қоғамдық палата құру ұсынылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл мәселе Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында қаралды. Сонымен бірге алдағы отырыстың күн тәртібі, заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімдері, Парламентаризм институтымен өзара іс-қимыл және Қоғамдық қабылдау бөлмесін ашу мәселелері талқыланды.
Заң жобалары бірінші оқылымға дейін талқыланады
Қоғамдық палатаның басты ерекшелігі — заң жобаларымен парламенттік талқылаудың ерте кезеңінде жұмыс істеу.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Айдос Сарым Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы бар заң жобаларын сарапшылар қауымдастығымен жан-жақты талқылау қажеттігін айтқанын еске салды.
Осы тапсырманы іске асыру үшін Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құру ұсынылып отыр.
Оның негізгі міндеттері:
- заң жобаларына ғылыми сараптама жүргізу;
- сарапшылардың кәсіби бағасын алу;
- қоғамдық сараптама ұйымдастыру.
Мұның бәрі «нөлдік оқылым» сатысында, яғни заң жобасы негізгі парламенттік рәсімдерден өтпей тұрып жүргізіледі.
Практикалық тұрғыдан бұл даулы нормаларды заң жобасы бірінші оқылымға жеткенге дейін анықтауға мүмкіндік береді. Ал сарапшылар, қоғамдық ұйымдар мен кәсіби қауымдастықтар үшін құжаттың мазмұнына ертерек пікір білдіруге қосымша алаң пайда болады.
Қоғамдық палата бұрын Мәжіліс жанында жұмыс істеген
Қазақстанның парламенттік тәжірибесі үшін Қоғамдық палата мүлдем жаңа институт емес.
Бұған дейін мұндай алаң Мәжіліс жанында жұмыс істеп, депутаттарды, сарапшыларды және азаматтық қоғам өкілдерін заң жобаларын талқылауға біріктірген.
Мәселен, 2024 жылы Қоғамдық палата сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылаған. Сол кезде отырысқа Айдос Сарым төрағалық еткен. (dknews.kz)
Енді бұл тетік жаңа Құрылтайдың жұмысына енгізілмек.
Айырмашылығы — Қоғамдық палатаның миссиясында «нөлдік оқылымға» нақты екпін жасалып отыр. Яғни сараптама дайын заңды бағалаумен шектелмей, оның мазмұны қалыптасып жатқан кезеңге ауысады.
Құрылтайда Қоғамдық қабылдау ашылады
Бюро азаматтардың депутаттармен тікелей байланысына қатысты да шешім қабылдады.
Құрылтайда Қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылады. Вице-спикер Динара Зәкиеваның айтуынша, депутаттардың азаматтарды жүзбе-жүз қабылдауы Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бастамасын жүзеге асырудағы маңызды қадам болмақ.
Осылайша, Құрылтайда қоғамдық қатысудың екі бағыты қатар қалыптасады.
Қоғамдық палата сарапшылар мен азаматтық қоғамды заң жобаларын талқылауға тартса, Қоғамдық қабылдау азаматтарға депутаттарға тікелей жүгінуге мүмкіндік береді.
Бюро сондай-ақ Вице-спикер Нұрлан Бекназаровтың Құрылтай мен Парламентаризм институтының өзара іс-қимылы жөніндегі ұсыныстарын тыңдады.
Қазақстан ДСҰ-ның жаңа қағидаларына қосылмақ
Алдағы отырыста депутаттар халықаралық міндеттемелерге қатысты бірнеше құжатты да қарайды.
Бірінші оқылымда Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын көрсетілетін қызметтер жөніндегі ерекше міндеттемелер тізбесіне енгізілетін өзгерістерді ратификациялау жобасы қаралады.
Өзгерістер қабылданса, Қазақстан ДСҰ-ның қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылады.
Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің төрағасы Наталья Годунованың айтуынша, құжат бірнеше бағытты қамтиды:
- лицензиялау талаптары мен рәсімдері;
- біліктілік талаптары;
- қызмет көрсету саласындағы стандарттар.
Қағидалар қызметтер саудасын реттеудің ашықтығын арттырып, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және қазақстандық әрі шетелдік қызмет көрсетушілер үшін түсінікті жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстан мен Сербия әскери-техникалық ынтымақтастықты кеңейтпек
Депутаттар бірінші оқылымда Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын да қарайды.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Марат Қожаевтың айтуынша, келісім екі ел арасындағы ынтымақтастықты тең құқықтық қағидат негізінде дамытуға арналған.
Құжатта:
- әскери мақсаттағы өнімдерді өзара жеткізу;
- қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету;
- әскери техниканы жөндеу;
- бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу;
- тәжірибелік-конструкторлық жобаларды жүзеге асыру қарастырылған.
Бұл жерде әңгіме нақты қару-жарақ жеткізу жөніндегі мәміле туралы емес, екі елдің әскери-техникалық саладағы ынтымақтастығына құқықтық негіз қалыптастыратын келісімді ратификациялау туралы болып отыр.
Мәжілістен қандай заң жобалары өтті
Бюро отырысында тұрақты комитеттердің төрағалары Мәжілістен Құрылтайға өткен бірқатар заң жобасы бойынша баяндама жасады.
Олардың арасында:
- денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі түзетулер;
- мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы заң жобасы;
- тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа заң жобасы;
- ветеринария мәселелеріне қатысты өзгерістер пакеті;
- нормашығармашылықты жетілдіру жөніндегі түзетулер бар.
Бұл құжаттардың әрқайсысы енді жаңа бір палаталы Құрылтайдағы заң шығару рәсімінен өтеді.
Қоғамдық палата іске қосылғаннан кейін стратегиялық маңызы бар жаңа бастамаларға тағы бір кезең қосылады: сарапшылар мен қоғам өкілдері оларды депутаттар негізгі оқылымдарға кіріспей тұрып талқылай алады.
Бұған дейін біз Парламент жанындағы Қоғамдық палатаның заң жобаларын сарапшылармен бірге қалай талқылағаны туралы жазған едік. Енді осы тәжірибені Құрылтай деңгейінде жалғастырып, стратегиялық заң жобаларын «нөлдік оқылым» сатысында ғылыми, сарапшылық және қоғамдық талқылаудан өткізу ұсынылып отыр.