Мемлекет басшысы 2023 жылғы қыркүйектегі Жолдауында экономика саласындағы мемлекеттің маңызды мақсаттары мен стратегиясын айқындаған болатын. Президент бүкіл ел бойынша энергия тиімділігі мен ресурс үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды кезең-кезеңімен енгізуді мақсат етіп қойды. Ол 2029 жылға қарай энергия тұтыну мен энергия сыйымдылығының негізгі көрсеткіштерін төмендету талабын алға тартты. Бұл міндет жеке және коммерциялық тұтынушыларға қарағанда, энергетика саласының өндіріс орындарына көбірек қатысты деуге болады.
Сондықтан еліміздің Энергия үнемдеу саласын дамыту және энергия тиімділігін арттырудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында бірінші кезеңде өнеркәсіп пен энергетика секторларына баса назар аударылған. Энергетика секторы үшін негізгі нысаналы индикатор – саланың энергия сыйымдылығын 2029 жылға қарай 2021 жылғы деңгейден 5%-ға төмендеуі.
«Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін «Алматы электр станциялары» негізгі міндеттемелерді мойнына алып, кешенді іс-қимыл жоспарын әзірледі, – дейді «АлЭС» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – Бас инженері Бауыржан Қалиев. – Компанияның негізгі міндеттемелері мен басты бағыттарының қатарында – ЖЭО-ларды табиғи газға көшіру. Қала тұрғындары 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО-те жүргізіліп жатқан ауқымды жаңғырту жұмыстарын жіті бақылап отыр. Бұл жоба аталған алаңдарда табиғи газбен жұмыс істейтін жаңа станциялар салуды көздейді. Көмір станциясымен салыстырғанда, дәл сондай көлемде электр және жылу энергиясын өндірген кезде газ станцияларының зиянды заттар шығарындыларының деңгейі әлдеқайда төмен болады.»
Компания жүзеге асырып жатқан тағы бір бағыт – отынның үлестік шығынын азайту. АлЭС мамандары атап өткендей, 1 кВт∙сағ электр және 1 Гкал жылу энергиясын босатуға жұмсалатын шартты отын шығынын қысқарту жабдықтың жұмыс режимдерін оңтайландыру есебінен жүзеге асады.

Тағы бір тиімді бағыт – станциялардың өз мұқтаждықтарына жұмсалатын энергия шығынын азайту. Осы мақсатта энергия тиімділігі жоғары қосалқы жабдықтар енгізіліп жатыр. Жұмыстың келесі векторы – жабдықты жаңғырту. Бұл шығын мен тозуды азайту үшін қазандық және турбиналық жабдықтарды күрделі жөндеуді қарастырады.
Жол картасы және жоспарлау
Жоспарлар тек қағаз жүзінде қалмайды. Бұл міндетті кешенді түрде шешу үшін (Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің субъектісі ретінде) станцияларға үнемдеу әлеуетін анықтау мақсатында тұрақты түрде міндетті энергоаудит жүргізіліп, ISO 50001 сертификатталған энергетикалық менеджмент жүйесі қолданылады.
Жалпы, «АлЭС»-те энергетикалық аудит нәтижелері бойынша әзірленген Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Рационализаторлық ұсыныстармен жұмыс қайта жанданды. Мәселен, 2024 жылдан бастап рационализаторлардың идеяларымен жұмыс істеу «Самұрық-Энерго» АҚ тобының барлық компаниясы үшін стандартталып, біріздендірілді, сондай-ақ тиімділікті бағалаудың нақты критерийлері мен тәсілдері бар Топ ережелері әзірленді.
Рационализаторлармен жұмыстың жаңа шарттары бұл қызметті күшейтуге бағытталған. 2024 жылы «АлЭС» рационализаторларының 12 ұсынысы мақұлданса, 2025 жылы компания қызметкерлері 19 рационализаторлық ұсыныс беріп, оның 15-і сараптамалық-техникалық комиссия отырысында мақұлданды, ал сегізі қазірдің өзінде іске асырылды. Іске асырылған ұсыныстардан түскен экономикалық тиімділік 3 млн теңгені құрайды. 2026 жылы да мақұлданған 11 ұсыныс бар.
Дегенмен, энергетика секторында энергия үнемдеудің экономикалық және физикалық нәтижесі «теңгемен» есептелетін бірыңғай жалпы сомамен емес, табиғи көрсеткіштер кешенімен және үнемделген шартты отынның құнымен өлшенеді. 2026 жылға энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша жөндеу-сервистік және пайдалану сипатындағы 19 іс-шара жоспарланған. Қазіргі уақытта жөндеу-сервистік іс-шаралардың негізгі бөлігі аяқталды. 2026 жылдың 6 айында іс-шараларды іске асырудан түскен үнем 10,2 млн теңгені және 179,2 тонна шартты отынды құрады.
Өндірістің жалпы тиімділігін арттыруға бағытталған көптеген процестің Кайдзен қағидаттарына сәйкес жүргізілетінін атап өткен жөн. Бұл көптеген мәселені шешудегі тәсілдердің жүйелілігін қамтамасыз етеді. Арнайы дайындықтан өткен мамандар өндірістік цехтармен, бөлімдермен ғимараттарды, жұмыс аймағын, процестерді тиімді ұйымдастыру, рационализаторлық ұсыныстар мәселелерін талқылап, оқыту сабақтарын өткізеді.
«Жалпы, 2025 жылы біз энергия үнемдеуге және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған жөндеу-сервистік, ұйымдастыру-техникалық, пайдалану сипатындағы 24 іс-шараны жүзеге асырдық. Іс-шараларды іске асырудан түскен үнем 252 млн теңгені құрады,» – дейді «АлЭС» АҚ Техникалық басқармасының бастығы Қайнарбек Керімқұлов.
Энергоменеджмент, цифрландыру, оңтайландыру
Жаңа технологиялар 1935 жылдан, яғни алғашқы ОЭС-тен бастау алатын республикамыздың ең ескі Алматы энергокешенін айтарлықтай жақсартып келеді. Мұнда энергия үнемдейтін технологиялық және ұйымдастырушылық шешімдер енгізіліп, белсенді қолданылуда.
Атап айтқанда, ISO 50001 халықаралық энергетикалық менеджмент жүйесі барлық департаменттің: үш ЖЭО, Қапшағай ГЭС, ГЭС каскады және Батыс жылу кешенінің энергия тұтынуын бақылауға, талдауға және оңтайландыруға мүмкіндік береді. Станциялардың жеке энергия тұтынуын оңтайландыру энергия тиімділігі міндеттерін шешуде маңызды рөл атқарады.
«Мысалы, желілік, қоректендіргіш және айналым сорғыларының, сондай-ақ түтінсорғыштар мен желдеткіштердің электр қозғалтқыштарына жиілікті-реттелетін жетектерді (ЖРЖ) орнату олардың қуатын нақты жүктемеге байланысты реттеуге мүмкіндік беріп, станцияның өз қажеттіліктеріне жұмсалатын электр энергиясының шығынын 15–30%-ға дейін төмендетеді. Сонымен қатар, біз жарықтандыру желілерін жаңғыртып жатырмыз: ішкі аумақтарды, цехтар мен әкімшілік ғимараттарды қозғалыс датчиктері мен автоматты реттеуіші бар жарықдиодты (LED) жарықтандыруға көшірудеміз,» – дейді осы жұмыс бағыты туралы «АлЭС» АҚ Батыс жылу кешенінің бас инженері Айбек Шаяхметов.
Жылу мен электр энергиясын өндіруде жаңа технологиялық шешімдер қолданылады. Олардың ең маңыздылары – бу-газ қондырғылары (БГҚ) және станцияларды газға көшіру. Компанияның басты технологиялық қадамы – көмір генерациясынан табиғи газды қолданатын генерацияға ауқымды түрде көшу (2-ЖЭО мен 3-ЖЭО-да заманауи БГҚ қолданып, жаңа газ станцияларын салу). Бұл қондырғылардың электрлік ПӘК-і жоғары (55-60%-ға дейін) болғандықтан, отынды пайдалану тиімділігі артады. Сондай-ақ біз қоршаған ортаға жылу шығынын азайту үшін бу құбырларында, ыстық су құбырларында және қазандық агрегаттарының элементтерінде заманауи энергия тиімді жылу оқшаулағыш материалдарды (минералды мақта төсеніштері, қорғаныс жабындары) пайдалануға көшіп жатырмыз.
Қазір «АлЭС» өндірістік нысандарында турбиналардың ағынды бөлігінің тығыздағыштарын қайта жаңарту және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар будың ішкі ағуын азайтуға және турбоагрегаттардың ПӘК-ін арттыруға бағытталған.
Электр станцияларының өзіндік ерекшелігі – қайталама жылу ресурстарын пайдалану мүмкіндігінің болуы. Атап айтқанда, бұл – шығатын газдардың жылуын кәдеге жарату. Осы мақсатта компанияда қоректендіру суы мен қазандықтардың оттығына берілетін ауаны алдын ала жылыту үшін түтін газдарының температурасын пайдаланатын экономайзерлер мен ауа жылытқыштар қолданылады. Сондай-ақ компанияда конденсатты қайта пайдалану тәжірибеге енгізілген.
«Тазартылған конденсатты технологиялық циклге қайтару деаэрацияланған су мен оны жылытуға кететін энергия шығынын азайтады,» – деп толықтырды маман.
Жабдықтың энергия аудиті
Өндірістің энергия тиімділігіне қол жеткізу құралдарының бірнеше санаты бар. Солардың бірі – энергия аудиті және жабдықты таңбалау. Бұлардың қойылған міндеттерге қол жеткізуге қалай ықпал ететінін Қайнарбек Керімқұлов егжей-тегжейлі түсіндіріп берді: «Қазақстан заңнамасына сәйкес, «АлЭС» АҚ отын-энергетикалық ресурстарды жылдық тұтынуы мен тасымалдауы нормативтік шектен – 1500 тонна шартты отыннан – едәуір асып кететіндіктен, Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің (МЭТ) ең ірі субъектісі болып саналады.
«Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңның 16-бабында мұндай кәсіпорындарға бес жылда кемінде бір рет міндетті энергетикалық аудиттен өту тікелей жүктелген.»
Кәдімгі кеңсе ғимаратымен немесе шағын зауытпен салыстырғанда, ЖЭО мен ГЭС-тегі энергия аудиті – 12 айға дейін созылатын әрі негізгі кезеңдерге бөлінетін күрделі инженерлік процесс. Біріншіден, бұл – екі маусымдық өлшеу кезеңі. Өнеркәсіптік кәсіпорындарға энергия аудитін жүргізу ережелері бойынша қысқы және жазғы кезеңдерде талдау жасау міндетті. Қыста, яғни жылыту маусымының қайнаған шағында аудиторлар қазандық агрегаттарының, турбиналардың, желілік сорғылардың жұмыс режимдерін өлшеп, магистральдардағы жылу шығынын және 1 Гкал/кВт·сағ өндіруге жұмсалатын отын шығынын бағалайды.
Жазда, яғни жылыту маусымдары аралығында, жабдықтың негізгі режимдердегі жұмысы бағаланады. Сондай-ақ су тасқыны немесе су жіберу кезеңінде жоспарлы жөндеу жұмыстары мен су электр станцияларының (бізде бұл – Қапшағай ГЭС-і мен ГЭС каскады) жұмысы жүргізіледі. Осы жұмыстардың нәтижесі бойынша энергетикалық баланс пен талдау жасалады. Аудиторлар барлық деректі бірыңғай матрицаға жинақтайды. Оның ішінде станциялардың көмір, газ, мазут шығыны мен өз мұқтаждықтары да бар. Сондай-ақ босатылған электр және жылу энергиясына жұмсалатын отынның үлестік шығыны анықталады.»
Аудиторлар жұмысының нәтижесі жай ғана есеп емес, алдағы бес жылға арналған энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жоспары болып табылады. Онда нақты техникалық шешімдер көрсетіледі, мысалы: оттық құрылғылары мен қазандық агрегаттарын жаңғырту немесе ауыстыру; қуатты сорғылар мен түтінсорғыштарға жиілікпен реттелетін жетектерді енгізу; бу құбырлары мен қазандықтардың жылу оқшаулауын оңтайландыру.
ЭКЕАЖ мен ЖЭКЕАЖ не береді?
«АлЭС» АҚ-да басқару жүйелерін автоматтандыру және жаңғырту жұмыстары жүйелі сипатқа ие және мамандар тарапынан аса табысты әрі өте қажетті деп бағаланады. Бұл әсіресе Алматының негізгі ЖЭО-ларын көмірден табиғи газға ауқымды көшіру аясында өте маңызды.
АлЭС-ті автоматтандырудың негізгі бағыты – қазандық, турбина және жалпы станция тораптарын технологиялық процестерді басқарудың жаңа автоматтандырылған жүйелерімен (ТП БАЖ) жарақтандыру. Бұдан бөлек, 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО-да бу-газ қондырғыларын салу жобалары жоғарғы және төменгі деңгейдегі толық функционалды микропроцессорлық ТП БАЖ-ды енгізуді көздейді.
«Бұл газ-турбина және бу қондырғыларының жұмысын нақты уақыт режимінде адам факторының ықпалын барынша азайтып басқаруға мүмкіндік береді, – деп түсіндіреді ЭКЕАЖ қызметінің бастығы Орынбасар Құлданбаев. – Сондай-ақ компанияда коммерциялық және техникалық есепке алудың цифрлық жүйелері сәтті жұмыс істеп тұр. Біріншіден, электр энергиясын есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (ЭКЕАЖ). Ол баланстық қателіктер мен өндірістік емес шығындарды мейлінше азайта отырып, электр энергиясының ағыны мен өндірілуін нақты уақыт режимінде тіркеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, жылу энергиясын есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (ЖЭКЕАЖ). Ол технологиялық процесті дәл бақылауды және ЖЭО мен Батыс жылу кешені коллекторларынан алынатын жылу энергиясының коммерциялық есебін жүргізуді қамтамасыз етеді, сол арқылы қаланың жылу желілерінің гидравликалық режимін оңтайландырады."
Құрылыс және инженерлік шешімдер
Жеке бір бағыт – құрылыс. Компанияда құрылыс және инженерлік шешімдер үздіксіз қолданылады, себебі бұл – компанияның барлық үш ЖЭО-сы, Қапшағай ГЭС-і, ГЭС каскады және БЖК сияқты нысандарын пайдаланудың, жөндеудің және жаһандық қайта құрудың негізгі бөлігі. Әсіресе қазір, ауқымды декарбонизация және станцияларды табиғи газға көшіру аясында жаңа инженерлік-құрылыс технологиялары белсенді түрде енгізіліп жатыр.
«Бұл жерде іргелі құрылыс және конструктивті шешімдердің үш ірі блогын атап өтуге болады. Оның біріншісі – сейсмикаға төзімді құрылыс. Алматының сейсмикалық белсенділігі жоғары – 9 балға дейін жететін аймақта орналасқаны баршаға мәлім. Сондықтан барлық жаңа нысан – газ турбиналы қондырғылардың қаңқасы, газ реттеу пункттері, жаңа эстакадалар – сейсмикаға төзімділігі күшейтілген темірбетон және металл конструкцияларымен жобаланып салынады, – дейді А. Жақұтов атындағы 2-ЖЭО Күрделі құрылыс бөлімінің бастығы Арман Исаев. – Екінші блок – жабық және шудан қорғайтын ғимараттар салу. Мәселен, жаңа газ блоктарын жобалау кезінде қоршаған ортаға түсетін акустикалық және дірілдік жүктемені барынша азайту үшін турбиналар мен генераторлардың астына арнайы шуды бәсеңдететін панельдер мен дірілді оқшаулайтын іргетастар қолданылады. Ал үшінші блок – коррозия мен судан қорғау. Градирнялардың темірбетон тостағандарын, түтін мұржаларын, техникалық су арналарын және ГЭС гидротехникалық құрылыстарын шайылудан, сілтісізденуден және химиялық коррозиядан қорғау үшін біз заманауи полимерлік және композиттік материалдарды пайдаланамыз.»
Сонымен қатар, компания алдағы жылдары жылу энергиясына деген өскелең қажеттілікті жабу үшін БЖК-ға іргелес аумақта қуаты сағатына 200 Гкал болатын жаңа су жылыту қазандығын салу жоспарланып отырғанын хабарлады. Алматы әкімдігі жобалауға қатысты шартқа отырып та қойған.
Сондай-ақ, «АлЭС» АҚ техникалық кеңесінің хаттамалық шешіміне сәйкес, ЗТК-да электр энергиясына деген өз қажеттілігін жабу және оның артығын қалалық электр желісіне беру үшін ГТҚ базасында электр өндіретін қуаттарды іске қосу жоспарлануда. ГТҚ-ның жалпы қуатын кезең-кезеңімен 40 МВт-қа дейін жеткізу көзделіп отыр.


