Тоқаев Сеулде Кореяның бес қайраткерін «Достық» орденімен марапаттады

836
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Ақорда

Бес тұлға мемлекеттік награда алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде Корея Республикасының саясат, білім, ғылым және медицина саласының өкілдеріне II дәрежелі «Достық» орденін табыстады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Рәсім Мемлекет басшысының Корея Республикасына сапары аясында өтті. Президент наградаларды екі ел арасындағы байланысты нығайтуға қосылған үлестің және Қазақстан халқының корей қоғамына деген құрметінің белгісі деп атады.

«Корея – Қазақстанның стратегиялық серіктесі»

Тоқаев марапаттау рәсіміндегі сөзінде екі елді географиялық қашықтыққа қарамастан өзара құрмет пен ортақ мүдде жақындастыратынын айтты.

«Екі елдің арасы алшақ болғанымен, бізді өзара құрмет пен ортақ мүдде жақындастарды. Корея экономикасы айналасындағы бәсекелестік пен сын-қатерлерге қарамастан ойдағыдай дамуда. Бұл – халықтың еңбекқорлығы мен ірі кәсіпкерлердің арқасы. Қазақ халқы мен билік өкілдері достас Корея еліне шынайы сыйластықпен қарайды. Корея Республикасы – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде білеміз. Бүгінде мемлекеттеріміздің сан қырлы ынтымақтастығы жыл санап нығайып келеді. Осыдан бес жыл бұрын Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы мәлімдеме қабылдаған едік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазір саяси диалогпен қатар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар да кеңейіп келеді.

Машина жасау мен технологиядағы жобаларға назар аударылды

Тоқаев Қазақстан мен Кореяның экономикалық байланыстары бірнеше ірі индустриялық бағытты қамтып отырғанын атап өтті.

«Сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатыр. Біз машина жасау, энергетика, металлургия, озық технология және басқа да салада бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Әлемге танымал корей компаниялары елімізде табысты жұмыс істеуде. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз да күшейді», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстандағы корей капиталының ең көрнекті мысалдарының бірі — автомобиль өнеркәсібі. Бұған дейін Тоқаев KIA Qazaqstan зауытын іске қосу кезінде Қазақстанда Кореяның 800-ден астам компаниясы жұмыс істейтінін айтқан еді. Сол кезде Президент автомобиль жасауды екі ел арасындағы өзара тиімді ықпалдастықтың маңызды бағыты деп бағалады.

Қазақстандағы 100 мыңнан астам корейдің рөлі аталды

Екі ел арасындағы қарым-қатынастың тағы бір ерекшелігі — Қазақстандағы корё-сарам қауымдастығы.

Президенттің мәліметінше, қазір елде 100 мыңнан астам корей ұлтының өкілі тұрады.

«Қазір Қазақстанда жүз мыңнан астам корей ұлтының өкілдері тұрады. Олардың еліміздің экономикасы мен қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі орасан зор. Елімізде барлық этностар үшін қолайлы жағдай жасалған. Корё-сарам қауымдастығы да қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп, еліміздің ынтымақ-бірлігін арттыруға мол үлес қосып отыр. Қазақстанда Корей мәдени орталықтары қызмет етеді. Алматыдағы академиялық корей театры көрерменнің көзайымына айналды. Сондай-ақ корей тілінде газет шығады, арнайы радиохабар таратылады», – деді Тоқаев.

Бұл фактор Қазақстан мен Корея қатынастарын тек инвестиция және саудамен шектемей, тарихи әрі гуманитарлық деңгейде байланыстырып отыр.

«Достық» орденін кімдер алды

II дәрежелі «Достық» орденімен Корея Республикасының бес өкілі марапатталды:

  • Ұлттық жиналыстың 22-шақырылым депутаты Мэн Сон Гю;
  • Ұлттық жиналыстың 22-шақырылым депутаты Ли Чжэ-кан;
  • Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Сан Гюн;
  • Хангук шет тілдері университетінің профессоры, Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ён Хун;
  • Hyundae General Hospital көпбейінді клиникасының директоры Ким Бу Соп.

Осы құрамның өзі марапаттау рәсімінің саяси дипломатиямен ғана шектелмегенін көрсетеді. Тізімде парламент өкілдерімен бірге білім, Орталық Азияны зерттеу және медицина саласындағы мамандар бар.

Тоқаев награданы Қазақстанның құрмет белгісі деп атады

Президент марапаттау туралы шешімін екі халықтың достығын нығайту қажеттілігімен байланыстырды.

«Бүгін қазақ-корей қарым-қатынасы үшін маңызды күн деп санаймын. Мен осы сапарымның аясында Корея Республикасының бірқатар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – қазақ жұртының өздеріңізге деген шынайы құрметі, риясыз көңілінің белгісі. Сіздер алдағы уақытта да екі ел арасындағы байланысты нығайтуға сүбелі үлес қоса бересіздер деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Достық» орденінің шетелдік қайраткерлерге берілуі Қазақстан дипломатиясында екіжақты қатынастарға қосқан жеке үлесті атап өтудің қалыптасқан құралдарының бірі. Мәселен, 2026 жылы Тоқаев Сингапурдың аға министрі Ли Сянь Лунды екі ел ынтымақтастығына қосқан елеулі үлесі үшін I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаған.

Кореямен экономикалық байланыстың жаңа кезеңі бұған дейін де байқалған. Біз кореялық бизнестің Қазақстандағы жаңа жобаларға қызығушылығы артып келе жатқанын жазған едік: тараптар инвестиция, өнеркәсіп және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылаған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -