Кореялық капитал жаңа кезеңге шықты.
Қазақстан Alatau City үшін бір мезетте энергетика, электр желілері және қонақүй инфрақұрылымын қамтитын бірнеше ірі жобаны Оңтүстік Кореяның жетекші компанияларымен пысықтап жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Корея Республикасына жұмыс сапары кезінде вице-премьер Қанат Бозымбаев KEPCO, Lotte Hotels & Resorts, Doosan Enerbility және Global Green Growth Institute (GGGI) басшылығымен келіссөз жүргізді.
Негізгі айырмашылық — тараптар енді жалпы инвестициялық қызығушылықты емес, қуаты, құны және ықтимал іске асыру тетігі көрсетілген нақты жобаларды талқылап отыр.
Alatau City-ге 500 МВт өз генерациясы қажет
Энергетикалық келіссөздердің ең ірі жобасы — 2×250 МВт, яғни жалпы қуаты 500 МВт болатын газ электр стансасы.
Жоба Doosan Enerbility және GGGI басшылығымен талқыланды. Электр стансасын кейіннен сутегі отынына көшіру мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Алдын ала модель бойынша оны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Алайда әзірге құрылыс басталған жоқ: қаржыландыру мен жобаны іске асыру механизмі әлі пысықталуға тиіс.
Корей серіктесін таңдаудың технологиялық негізі де бар. Doosan Enerbility өзінің даму стратегиясында газ турбиналары мен сутегі энергетикасын компанияның төрт негізгі жаңа өсу бағытының қатарына енгізген. Компания Кореяның алғашқы отандық газ турбинасын жасағанын да көрсетеді.
Егер Alatau City жобасы осы технологиялық модельмен жүзеге асса, жаңа қаланың энергетикалық жүйесі газ генерациясынан басталып, кейін көміртегі шығарындылары төмен отын түрлеріне бейімделу мүмкіндігін алады.

KEPCO қаланың электр желілеріне қатысуы мүмкін
Өз электр стансасын салу мәселенің бір бөлігі ғана. Өндірілген энергияны жаңа қаланың ішінде таратып, Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесімен байланыстыру қажет.
Сондықтан KEPCO компаниясымен жеке энергетикалық инфрақұрылым пакеті қаралды.
Келіссөздерде корей корпорациясының:
- электр энергиясын беру және тарату жүйелерін жобалауға;
- қосалқы стансалар салуға;
- Alatau City жүйесін ұлттық электр желісімен интеграциялауға;
- қаланың жергілікті электр желілерін қосуға
қатысу мүмкіндігі талқыланды.
Бұл мәселе Alatau City инвестициялық портфелі ұлғайған сайын маңызды бола түседі. Қаланың ресми инвестициялық пулында қазір 67 жоба бар, олардың жалпы құны шамамен $6,9 млрд. Жобалар жүзеге асса, шамамен 55 мың жұмыс орны құрылуы мүмкін. Бұл көрсеткіштерді Alatau City Authority-дің ресми деректері де растайды.

Lotte $200 млн-нан астам инвестиция салуы мүмкін
Корей бағыты энергетикамен шектелмейді.
Lotte Hotels & Resorts компаниясымен Alatau City-де L7 by Lotte қонақүйі бар көпфункционалды кешен салу мүмкіндігі талқыланды.
Жобаның болжамды құны — $200 млн-нан астам.
Кешен құрамына:
- 180 нөмірлі қонақүй;
- кеңсе кеңістіктері;
- тұрғын апартаменттер
кіруі мүмкін.
Бұл Lotte үшін жаңа формат емес. Компанияның ресми халықаралық портфелінде L7 брендімен Сеул, Пусан және Чикагода жұмыс істейтін қонақүйлер көрсетілген, ал жалпы желісі Кореядан бөлек АҚШ, Жапония, Вьетнам, Өзбекстан және басқа нарықтарды қамтиды.
Alatau City үшін мұндай жоба қонақүй нөмірлерін көбейтуден кеңірек мәнге ие. Егер қала халықаралық компаниялар, технологиялық орталықтар мен инвесторларды тартатын іскерлік хабқа айналса, кеңсе, тұрғын үй және hospitality инфрақұрылымына сұраныс қатар қалыптасады.
«Бірлескен жобаларды нақты пысықтауға дайынбыз»
Қанат Бозымбаев келіссөздер кезінде Alatau City-дің Қазақстан үшін ұлттық деңгейдегі жобалардың бірі екенін атап өтті.

«Alatau City – Қазақстанның басты ұлттық жобаларының бірі. Бүгінде қала үшін арнаулы инвестициялық және реттеушілік орта қалыптастырылып, заманауи инфрақұрылым құрылуда. Біз жетекші корей компанияларымен ұзақ мерзімді әріптестікке мүдделіміз және бірлескен жобаларды нақты пысықтауға дайынбыз», – деді Қанат Бозымбаев.
Қалада инвесторлар үшін арнайы орта қалыптастыру жұмысы қазірдің өзінде жүріп жатыр. Alatau City Authority мәліметінше, қыркүйекте прокуратура органдарымен инвесторлардың құқықтарын қорғау, проблемаларды ерте анықтау және мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру жөніндегі меморандум жасалды.
$6,9 млрд портфель енді инфрақұрылым талап етеді
Корей компанияларымен келіссөздердің негізгі экономикалық мәні осы жерде көрінеді.
Alatau City инвестициялық портфелі 67 жобаға және $6,9 млрд-қа жеткен. Жұмыспен қамту әлеуеті шамамен 55 мың жұмыс орны деп бағаланады.
Инвестициялық портфельдің ұлғаюы қаланың базалық инфрақұрылымына түсетін болашақ жүктемені де арттырады. Өндіріс орындарына электр энергиясы, инвесторларға инженерлік желілер, ал іскерлік белсенділікке қонақүй, кеңсе және тұрғын үй қажет.
Сондықтан KEPCO, Doosan Enerbility және Lotte-мен жүргізілген келіссөздерді бір-бірінен бөлек үш жоба ретінде емес, Alatau City-дің инвестициялық портфеліне қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру әрекеті ретінде қарастыруға болады.
Қалада мұндай жұмыс қазірдің өзінде басталған. Alatau City Authority-дің тамыздағы есебінде PepsiCo және Sunny Paper жобалары белсенді кезеңде екені, Mars Petcare KZ, Griffin Logopark, «ДанаФлекс» және G-Trans Service өндірістік-логистикалық жобалары бойынша жұмыстар басталғаны көрсетілген.

Корея Alatau City-де бұрыннан жеке бағыт қалыптастырып келеді
Қазіргі келіссөздер нөлден басталған жоқ.
Alatau City-де Оңтүстік Корея тәжірибесіне негізделген K-Smart City бағыты бұрыннан пысықталып келеді. Жоспар бойынша 330 гектар аумақта смарт-технологияларға негізделген пилоттық аудан қалыптастыру көзделген. Корейлік девелоперлердің құрылысқа 2027 жылы кірісуі жоспарланған.
Енді осы бағытқа энергетика мен hospitality жобалары қосылуы мүмкін.
Бұл жерде келіссөз бен бекітілген инвестицияны ажырату маңызды. 500 МВт электр стансасы да, $200 млн-нан астам Lotte кешені де әзірге пысықтау кезеңінде. Тараптар қаржыландыру моделін, техникалық параметрлерді және іске асыру тетіктерін анықтау бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.
Оны Alatau City Authority салалық мемлекеттік органдармен және әлеуетті инвесторлармен бірге үйлестіреді.
Бұған дейін біз Alatau City инвестициялық портфелінің 67 жобаға дейін өсіп, жалпы көлемі $6,9 млрд-қа жеткенін егжей-тегжейлі жазған едік. Ол кезде корейлік K-Smart Town, KAIST және Hyundai бағыттары да қарастырылған. Енді Кореямен келіссөздер қаланың ең базалық қажеттіліктеріне — 500 МВт генерацияға, электр желілеріне және $200 млн-нан астам қонақүй-іскерлік кешеніне дейін жетті.