Цифрлық активтер эксперимент шеңберінен шығып келеді. Үкімет 10 бағыт бойынша 65 іс-шарадан тұратын жоспарды мақұлдап, ендігі міндетті криптонарықты реттеуден нақты активтерді токенизациялауға, цифрлық теңгені кеңейтуге және халықаралық есеп айырысуларға дейін жеткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Цифрлық активтер саласын дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды. Жұмысты Ұлттық банк үйлестіріп, белгіленген мерзімдердің орындалуын бақылайды.
Жоспардың экономикалық мәні — цифрлық активтерді жеке инвестициялық құрал ретінде ғана емес, Қазақстанға капитал тартудың және нақты секторды қаржыландырудың жаңа арнасына айналдыру.
«Ұлттық банк мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мемлекет басшысының цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі Жарлығында белгіленген шаралардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі тиіс. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін әрбір басшының дербес жауапкершілігі көзделген. Осыған баса назар аударамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
$700 млн крипторезервтен кейін келесі кезең басталды
Қазақстанда цифрлық активтер нарығы үшін базалық инфрақұрылым қалыптасып келеді.
Ұлттық стратегиялық крипторезерв көлемі $700 млн-ға жетті. Ұлттық банктің реттеушілік ортасы аясында 34 бизнес-жоба сынақтан өтті.
Крипторезерв бойынша $700 млн көрсеткішін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те жақында растаған. Бұған дейін резервті Ұлттық банктің алтын-валюта активтері мен Ұлттық қор қаражаты есебінен қалыптастыру тетігі қарастырылған болатын.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 мамырдан бастап Қазақстанда жалпы юрисдикция шеңберінде цифрлық қаржы активтерін реттеу режимі жұмыс істейді. Ал 7 шілдеде Мемлекет басшысы цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі Жарлыққа қол қойды.
Үкімет енді осы базаны тұтас қаржы экожүйесіне айналдырмақ.
«Мемлекет басшысы еліміздің технологиялық жаңғыруына қатысты маңызды міндеттер қойды. Цифрлық активтер саласы Қазақстан экономикасында мүлдем жаңа бағыт болып отыр. Оның дамуына қажетті негізгі жағдайлардың бәрі жасалды. Енді толыққанды экожүйені қалыптастыру кезеңі жүріп жатыр. Яғни, бұл инвестициялар мен жаңа технологияларды тартып, отандық қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ғимараттар мен инфрақұрылым цифрлық үлестерге бөлінуі мүмкін
Жоспардағы экономикалық тұрғыдан маңызды бағыттардың бірі — нақты активтерді токенизациялау.
Мұнда цифрлық активтің артында нақты экономикалық құны бар мүлік немесе жоба тұрады. Үкімет ірі инфрақұрылымдық жобаларды, жылжымайтын мүлікті, шикізаттық және басқа активтерді осы тетік арқылы қаржыландыру мүмкіндігін қарастырып отыр.
Қарапайым мысалда салынып жатқан нысан цифрлық үлестерге бөлінеді. Инвестор сол үлесті сатып алу арқылы жобаны қаржыландыруға қатыса алады.
Бұл капитал тартудың дәстүрлі банк кредиті немесе облигациядан бөлек жаңа арнасын қалыптастыруы мүмкін.
Бірақ мұндай модель активті бағалау, инвестор құқығы, цифрлық үлестің заңдық мәртебесі, мәміленің орындалуы және активті сақтау мәселелерін нақты реттеуді талап етеді.
Сондықтан Ұлттық банк бірінші кезекте цифрлық нысанға айналдырылатын нақты активтердің тізімін айқындауы тиіс. Үкімет мәмілелер қауіпсіздігіне кепілдік беретін тетік қажет екенін де атап отыр.
Цифрлық теңге мемлекеттік ақшаны бақылау құралына айналмақ
Екінші ірі бағыт — цифрлық теңгенің қолданылу аясын кеңейту.
Оның криптовалютадан принципті айырмашылығы бар: цифрлық теңгені Ұлттық банк шығарады және ол заңды төлем құралы болып саналады.
Үкімет цифрлық теңгенің маңызды нәтижелерінің бірі мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру болуы тиіс деп есептейді.
Мұнда бағдарламаланатын төлемдердің мүмкіндігі маңызды. Цифрлық шарттар мемлекеттік сатып алу мен корпоративтік операциялардағы есеп айырысуларды автоматтандыруға жол ашады.
Қаржы министрлігіне Ұлттық банкпен және басқа мүдделі тараптармен бірлесіп цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейту шараларын пысықтау тапсырылды.
Бұл бағыт қазірдің өзінде жеке пилоттардан кең ауқымды қаржы инфрақұрылымына қарай қозғалып келеді. Жақында жарияланған деректер бойынша, 2026–2027 жылдары цифрлық теңгемен жүргізілетін операциялар көлемі 2 трлн теңгеге жетуі мүмкін.
Қазақстан цифрлық активтер арқылы капиталды қайтарғысы келеді
65 іс-шараның тағы бір мақсаты — капиталды Қазақстанның ашық қаржы айналымына тарту.
Үкімет жоспарды жүзеге асыру цифрлық активтерді төлемдер мен нақты секторды қаржыландыруда пайдалануды кеңейтіп, жаңа инвестициялық құралдар қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтеді.
Сонымен бірге клиенттер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау және цифрлық қаржы қызметтерінің экспортын дамыту көзделген.
Бұл жерде мемлекет үшін екі міндет қатар тұр: цифрлық капиталды заңды нарыққа шығару және жаңа қаржы құралдары алаяқтықтың жаңа арнасына айналмауын қамтамасыз ету.
Мәселенің өзектілігін осы айда Қаржылық мониторинг агенттігі криптовалюта түрінде шағын несие беру деген желеумен жүргізілген заңсыз әрекетті тоқтатқан жағдай да көрсетті.
Сондықтан Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Ұлттық банкке киберқауіпсіздық және заңнаманы жетілдіру бағытындағы жұмысты күшейту міндеті қойылды.
Майнинг үшін газ бен көмір генерациясы қарастырылады
Цифрлық активтер саясаты майнинг саласын да өзгертпек.
Халықаралық зерттеу деректері бойынша, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан жаһандық биткоин майнингіне қатысу үлесі бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына енген.
Бірақ Үкімет ендігі міндетті есептеу қуатын жай ғана көбейту деп қарастырмайды.
Мемлекеттік саясат энергия тұтынуды бақылауға, салық салудың ашықтығына және майнингті жаһандық цифрлық экономикамен байланыстыруға бағытталуы тиіс.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне Блокчейн және цифрлық майнинг қауымдастығымен және мемлекеттік органдармен бірлесіп қосымша шаралар әзірлеу тапсырылды.
Мақсат — биржа, цифрлық құралдар, токенизация, активтерді сақтау және төлем шешімдерін қамтитын толыққанды индустрия құру.
Энергетика министрлігі майнинг орталықтарын электрмен қамтамасыз ету үшін газ және көмір генерациясын пайдалану тетігін де пысықтайды. Қазақстанда цифрлық активтерге сұраныстың өсуіне байланысты жаңа генерацияны уақтылы іске қосу қажеттігін Үкімет бұған дейін де көтерген.
Қазақстан халықаралық төлемдерде цифрлық құралдарды сынамақ
Жоспардың тағы бір бағыты тікелей қазақстандық бизнеске қатысты.
Ұлттық банк мүдделі тараптармен бірге цифрлық қаржы құралдарын халықаралық есеп айырысуларда қолдану мүмкіндігін пысықтауы тиіс.
Егер мұндай тетіктер реттелген жүйеге айналса, трансшекаралық есеп айырысу уақытын қысқарту және бизнестің төлем мүмкіндігін кеңейту үшін қосымша арна пайда болуы мүмкін.
Бірақ Үкіметтің жоспары цифрлық активтерді тек сатып алу, сату немесе сақтау нарығын кеңейтумен аяқталмайды.
Ұлттық экономика министрлігі цифрлық активтер нарығында бәсекелі жағдай қалыптастыруы тиіс. Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру жеделдетіледі.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірге отандық технологиялық компаниялар мен мамандарды даярлауға жағдай жасау тапсырылды.
Мақсат — Қазақстанды шетелдік цифрлық активтер айналым жасайтын алаң ретінде ғана қалдырмау. Елде блокчейн, сақтау жүйелері, төлем технологиялары және басқа цифрлық қаржы өнімдерін әзірлей алатын компаниялар мен мамандар қалыптасуы тиіс.
Қазақстанның қаржы нарығы бұл кезеңге бірнеше бағыттан қатар келіп отыр. Бұған дейін біз төлем ұйымдары, цифрлық активтер және цифрлық теңге арасында қалыптасып жатқан жаңа қаржы архитектурасы туралы жазған едік. Онда реттеушілік ортадағы 34 жоба, $700 млн крипторезерв және цифрлық теңгені масштабтау жоспарлары да қамтылған.