Қарағанды қаласындағы «Қарабас» полигонында Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелері арасында «Күрең берет – 2026» сынағы өтті.
Бір аптаға созылған күрделі сынақ барысында еліміздің әр өңірінен келген 101 үміткер бақ сынады. Олардың қаншасы мәреге жетті, қандай кедергілерді еңсерді? Осы туралы арнайы репортаждан оқыңыз.
Бірінші күнгі бөгет
Сайдың тасындай іріктелген жігіттер Сарыарқаға бекерге келген жоқ. Бәрінің де көздегені — күрең берет. Осы бір қастерлі бас киім үшін «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері басын бәйгеге тігіп, барын беруге әзір. Ал жараулы аттай жорыққа ынта білдірген жүйріктердің шама-шарқын «Күрең берет» кеңесі әзірлеген сынақтар мен кедергілер ғана анықтай алады. Сол үшін де жігіттер бірнеше топқа бөлініп, біресе білек күшін, біресе білім көзін көрсетуге тырысты.
Сынақтың бірінші кезеңінде үміткерлер небір норматив түрлерін орындайды. Мысалы, алғашқы күні үміткерлер үш шақырымға жүгіру бойынша норматив тапсырды. Бұған бірде жоғары, кейде төмен түсетін жол таңдалыпты. Жауынгерлер үшін бұл анау айтқандай кедергі емес. Бірақ мұнда біз сезбейтін ерекше құбылыс әр қатысушыны етектен тартып, сүрінуге кесірін тигізеді. Ол — үміткерлердің өз-өзімен күресі! Ішкі арпалыс.
Күрең беретке қол жеткізу үшін алға қойған мақсатынан айнымай, үздіксіз дайындық пен қажыр-қайрат танытып келген кез келген үміткер дәл осындай ірілі-ұсақты сынақта білгенінен жаңылып, сасқалақтап қалатын кездері болады. Ал мұның салдары басталмай жатып, жарыс жолынан шығып қалуға әкеледі. Бұл жолы мәреге межелі мерзімнен небәрі 1 секунд кешігіп қалғандар сан соғып қалды. Дегенмен бұл да сайыстың заңдылығы. Мұндай сәтсіздіктер көп болған, бұл болып та тұрады. Бірақ бастысы — сәтсіздікке сынбау! Сүрінген тұстан қайта тұрып, келесі жолы қатардан қайта табыла білу — шарт.
Ал мызғымас дайындығын көрсеткен мықтылар бірден бел темірге жабыса кетті. Бойынан биік қойылған темірден білек күші арқылы басын кемінде 18 мәрте иегіне дейін емін-еркін шығара алуы тиіс. Мұнда да басым бөлігі тапсырманы мүлтіксіз орындап шықты. Бұдан кейін үміткерлер қоян-қолтық жекпе-жегінің бірнеше тәсілін жеке және әріптесінің көмегімен көрсетуге тиіс болды. Бұл арқылы олардың дене жаттығулары мен жауынгерлік өнерді қалай меңгергендерін бағалауға мүмкіндік береді. Бір қуантарлығы бұл жерде нұсқаушылардың сынына іліккендер аса көп бола қойған жоқ.
Бұл кезде үміткерлердің кей тобы биіктен түсу нормативі бойынша сынақтан өтті. Бұл бірінші кезеңнің ең бір күрделі тапсырмаларының бірі болды. Себебі, ауа райының салқындығынан бөлек, бүйірден ұрған суық жел беліне арқан байлап алғандарға еркін қимылдауға ерік бермегендей. Не керек, биіктен арқан көмегімен бірнеше тапсырманы орындай отырып, қателіксіз төмен түсу жігіттерге оңай соқпады. Олар әр қабаттағы нысаналарды жойып, сақ қимылдауы қажет. Жігіттер күрең беретті иелену үшін барын салады. Дегенмен қара күшке салмай, ақылға да жүгіну керек. Өйткені алда әлі де күрделі сынақтар күтіп тұр.

Күрең берет сынағындағы жаңа талап
Біз бүгін қару-жарағын асынып, үнемі тау-тас кезіп жүретін жауынгер жігіттердің ойлы-қырлы жерлерде жүргенін емес, лагерьде құрылған арнайы шатыр ішінде партада отырғандарын көрдік. Мұның да өзіндік мәні бар. Ала таңнан оянған үміткерлер сана сергек, ми тыныш шақта тест тапсырды. Қолына қалам алып, ақ парақ құшақтап отыру артта қалған. Полигон деген аты ғана, әйтпесе, мұндағы үміткерлер тестті компьютерде онлайн тапсырып, нәтижесін де әп-сәтте көріп отырды. Мұндай цифрландыру жұмыстарын жетілдіру Ұлттық ұланның басты назарында.
Теориялық тестілеу алпыс сұрақ бойынша өткізілді. Сынақтан өткісі келген қатысушы сол сұрақтардың 85%-ына дұрыс жауап бере білуі керек. Мұнда олар Қазақстан Республикасының заңнамаларына, Әскери қызметшінің жауынгерлік және арнайы даярлығына, нормативтік талаптарға және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесіне қатысты сұрақтарды қаншалықты білетінін байқатты.
Бұдан шыққан топ күрек лақтыру сынағына келді. Мұндағы қабілетін былтыр үміткерлер тек қана күрек лақтыру бойынша көрсетсе, биыл мұнда да әралуандылық байқалады.
Биылғы Күрең беретте жаңашылдық көп. Солардың бірі — үміткерлердің ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару бойынша сынақ түрі. Бұл — әскери қызметшілер үшін қазіргі заманның аса қажет талаптарына жатады. Өйткені FPV дрондар қазіргі жауынгерлік қызметтің ажырамас бөлігіне айналды.
Қызықтың көкесі үміткерлердің медициналық нормативті орындауы кезінде көрінді. Олай дейтін себебіміз: аты-жөні аталған үміткер ортаға келгенде нұсқаушы оны бір орында шыр айналдырды. Одан соң мең-зең болып тұрған үміткердің басына әдейі пакет кигізіледі. Сонда олар жауынгер жараланған сәтте кешетін күйге тап болады. Бастың айналуы мен оттегі жеткіліксіздігі — адам денесіне ауыр жарақат түскен кезде туындайтын сезім.
Дәл осы кезде екінші нұсқаушы күтпеген жерден не оң жақ аяқты, не болмаса сол жақ қолдың жараланғаны туралы тосыннан шартты түрде хабар айтады. Міне, осы бір сындарлы сәтте үміткер аталған дене мүшесінің қан тамырын 20 секундта медициналық турникеттің көмегімен буып үлгеру керек. Бұл күре тамырдан кеткен қан ағымын тежеу үшін қажет. Бұл жиырма секунд нұсқаушыларға жылдамдық көрсететін ғана сәт емес, бұл өмірді сақтап қалуға болатын ең қысқа уақыттың мүмкіндігін пайдалана алу деңгейі. Жігіттер сол деңгейге сай екендіктерін көрсете білді. Дегенмен сәтсіздікке ұшырағандар да бар. Сайыстың екінші күні 11 үміткер жарысты тоқтатты.
Мүлт кеткен мүмкіндік
Келесі күні атыс алаңына қарай адым басқан азаматтардың көңіл күйі ала-құла көрінді. Себебі тактикалық атыс дайындығы бойынша орындалатын тапсырмалар күтпеген нәтижеге толы. Бұл жолы ату төрт түрлі бағдарламада ұйымдастырылған. Кімнің қай номерлі жаттығуды орындайтыны алдын ала жасалған жеребе көмегімен анықталды. Ең қиыны — нысананы көздейтін тұсқа жеткенше, тұла бойға тыныштық жоқ. Әп дегенде-ақ уақыт үшін барыңды салып жүгіресің, я болмаса денеге физикалық жүктеме түсіруге тура келеді. Тек содан соң ғана нысананы әлсіреген қолмен көздеп көріңіз. Бір сөзбен айтқанда үміткерлер алдында өте қиын сынақ тұрды.
Мәселен, бұл жолғы атыс жаттығулары бірқалыпты темпте өткен жоқ. Себебі, атыс жүргізбес бұрын жауынгерлердің жүйкесіне де, қол және аяқ бұлшық еттеріне де қосымша жүктеме берілді. Кей жаттығу алаңында үміткер 24 келілік гір тасын 20 рет қолдың жігі жазылғанша бастан асыра көтеруге тиіс болса, енді бірде басталмай жатып кедергілерді еңсеруге көп күш жұмсады. Бұған қоса рубеждер арасындағы аралықты 50 келілік манекенді көтеріп өтті. Ал кейде туннель астынан өтіп, жолдағы есікті бұзып өтуге тура келді. Енді бірде ауыр 40 келі болатын дөңгелекті сүйреді. Мұның бәрі үміткердің нысанды дәлдеп атуына, жылдамдығын тежеуге бағытталған жанама кедергілер болатын. Соған қарамастан дайындығы мығым жігіттер, барын салып сәтті өнер көрсетті.
Бұдан бөлек атыс кезіндегі позиция да алуандығымен есте қалды. Біресе нысандарға тұрған қалпы қос қапталдан оқ атса, енді бірде бүйірлей жатып, арнайы қабырғаның төменгі тұсынан ату жаттығуын орындады. Сондай-ақ әр нүктеде әртүрлі атыс қалпын ұстанған үміткердің алдында арақашықтығы әртүрлі және фигурасы бөлек нысандар тұрды. Бұл да кандидаттың көзін арбап, төзімін тауысатын, бірақ шеберлігін байқатуға болатын таптырмас мүмкіндік болды.

Сол үшін де мұнда әр атылған оқтың сұрауы болады. Әсіресе, «попер» аталып кеткен көздеу нысаны әр үміткердің зәре-құтын қашырды. Үміткерлерге төрт «попер» қойылған рубежге келгенде барлығы бес оқ беріледі. Берілген осы мүмкіндікте барлық попер құлауға тиіс. Егер кандидат бес мүмкіндікпен үш нысанды ғана құлатқан болса, келесі нүктеге жылжи алмайды. Себебі, ол дәл осы жерден-ақ жарыс жолын аяқтауға мәжбүр. Үміткердің попері құламаса, үміті құлайды. Зая кеткен оқтың сұрауы бар. Арман алға қанша сүйрегенмен, мақсат мүлт кеткен мүмкіндікті кешірмейді. Күрең берет осынысымен сынақ.
Әркімнің сынақтағы жолы әртүрлі. Мақсатына жетіп атыс алаңынан масаттана шыққандар да, салы суға кетіп, ұңжырғасы түскендер де болды. Бірақ бауырмал жігіттер бір-біріне қолдау танытып жатты. Нәтижелі оралғандардан қошеметтерін аямады. Бұл «Бүркіттің» бірлігін көрсеткен сәт болды. Ұлттық ұлан арнайы жасағының жігіттері осындай ынтымағымен, асқан шеберлігімен құнды. Сонысымен үлгі.
Осымен кезекті бір күн артта қалды. Енді олар мандаттық комиссияның шешімін күтіп, одан әрі жорыққа аттанады.

Трасса
Полигонда қаннен қаперсіз жатқан арнайы жасақ жауынгерлерін ұйқысынан тарс-тұрс еткен автомат дауысы оятты. Аяқ асты лагерь маңы абыр-сабыр болды да қалды. Бұл — шартты түрде тұтқиылдан жасалған шабуыл. Мұндайда палаткаларынан атып шыққан жауынгерлер қорғаныс шебін құрып, ыңғайлы тұсқа бекініп алады. Бұл жорыққа аттанатын үміткерлерді ширатып алу үшін әдейі ұйымдастырылған тәсіл.
Бұдан соң арнайы техникаға жайғасқан жігіттер полигоннан ұзамай жатып, десанттық тәсілмен таратылды. Ә дегеннен-ақ үміткерлер 5 шақырымға жүгіру бойынша норматив тапсырды. Қатардағылардан жылдамдығымен ерекшеленген қарағандылық үміткер шашасына шаң жұқпаған жүйрік аттай жүйтки жөнелді. Өзге топтарда да өзгелерден оқ бойы оза шапқан таланттар болды. Әрқайсысының дәл осы нормативке жақсы дайындалғандары көрініп тұрды. Нәтижесінде межелі мәреге бәрі де уақытылы келді.
Ары қарай топ-топқа бөлінген жігіттердің алғашқы легі Сарыарқа төсін бетке алды. Бұл мекен ойлы-қырлы жер бедерімен ерекше. Ұйымдастырушылар арнайы жасақ жауынгерлерін бірден жоталы жолдар мен биік төмпешіктерге салды. Бастапқыда қару-жарағын асынған азаматтар жараулы аттай адымын ширақ алып, алғашқы сәттегі арынын байқатты да. Алайда қанша жүйрік болсаң да биікке қарай беттеу адамды шаршатпай қоймайды. Тауға қарай өрлеймін деп тауы шағылғандардың тұралап қалған кездері де осы сәт. Сапары сәтсіз басталған бірнеше жігіт жорықты осы жолда аяқтады.
Бұл кезде табаны таусылғанымен, үміті таусылмаған үміткерлер де болды. Меселі қайтып, үміт жібін қиындық атты қайшыға қидырғалы тұрған кей кандидатқа нұсқаушылар жігер беріп, күш сыйлады. Болдырған аттай басы салбырай бастаған кей жігіттерге мұның өзі үлкен қуат еді.
Көкжиектен көтерілген күн. Тау бөктерінің төбесінде желе жортқан жауынгерлер. Төменде желмен жарысқан жылқы жарықтық! Осының бәрі қазақ даласының ғажайып көрінісіне айналып сала берді. Алайда асқақ арман үшін белді бекем буған жауынгерлердің көз алдындағы жалғыз картина — Күрең берет. Осы бір тәтті үміттің жетегіндегі жігіттер алғашқы нүктеге де келіп жетті. Мұнда оларға жаралы қаруласын сүйреп өту міндеттелген.
Жанға батқан жүгірістен кейін бұл бір қиын тапсырма еді. Көнбеске шара жоқ. Олар жаралы деп саналған жан серігін ғана емес, болашаққа деген сенімін де сүйрегендей еді. Бірін-бірі күтіп тұрған сәтте аз-маз дамылдаған жауынгерлер жүгірісін қайта жалғады. Дегенмен оларды ұйымдастырушылардың «тосын сыйы» тосып тұрды. Биіктегі бірқалыпты жүріске жолда кезіккен торуыл кедергі келтірді. Сондықтан тұтқиылдан жасалған кезекті шабуылдан қорғана жүріп, тау бөктерін айналып өтуге тура келді. Бір биіктен, екінші биікке ауысу да олардың күшін сарқып, төзімін тауысты.
Кезекті нүктеге жеткенде ентігін әрең басқан әр үміткер газтұмылдырық киіп 400 метр жүгірді. Жолда олар улы газ бен қою түтінге тап болды. Бұдан кейінгі кезек окоп қазуға келді. Осы тұсқа дейін 20 үміткердің алтауы ғана жетті.
Ор қазуға мүмкіндік алғандар жорықтың жарты жолын жүріп өткен болатын. Сондықтан болар, босаңси бастаған жігіттердің арасында келесі нүктеге өте алмай қалғандар табылды. Басты себеп — окоп қазу кезіндегі салғырттық. Әсіресе, осы жерге дейінгі ең ауыр жолдың бәрін еңсеріп, өз тобында көш бастап келген қарағандылық үміткердің жарыстан шығып қалуы күтпеген жағдай болды. Осындай өзекті өртеген өкініш әлсін-әлсін әр нүктеге жақындаған тұста болып тұрды. Мәселен, окоп қазу тапсырмасынан кейін алтаудан қатарда қалғаны төрт-ақ жауынгер.
Кандидаттар алдыңғы шептен шабуылға тойтарыс беру нормативін тапсыру кезінде біліктіліктерін барынша байқатты. Бауырымен жорғалап, нұсқаушылардың әр сөзін екі етпеді. Тәртіп пен талапқа көндіккен олар күрең берет үшін кез келген тапсырманы орындауға дайын тұрды.
Бұл жолы олардың уақыты мен жолын ұзартқан тағы бір тапсырма болды. Ол — топография еді. Үміткерлер азимут бойынша қозғалысқа арналған деректерді дайындауға және іс жүзінде онысын дәлелдеуге тиіс болды. Бұл да болса энергияны қажет ететін. Көп ұзамай тынымсыз жүріс қайта басталды.
Кенет, жер жолды жағалай жүгірген семейлік үміткер аяғын ақсаңдай басты. Сырттай бақылап жүргендер тағы бір үміткердің үміті үзілетін болды-ау деп топшылаған. Бірақ ол бір шақырымдай жерді теңселе басып өтсе де, қаруластарынан қалған жоқ. Қайта тартылған аяққа жан бітіп, белсенділігі артты. Енді бір тұста ол алдыңғы сапта кетіп бара жатты.
Келесі нүктеде олар күздің қоңыржай суын кешті. Әдетте ыстық дене, салқын суға тигенде бұлшық етті тырыстырып, аяқ-қолдың тартылуын тудыратын. Осы кездегі ауа райының қолайлы болуы, керісінше үміткерлерді сергітіп, екінші тынысын ашқандай. Себебі бөгет суын кешіп өткен жауынгерлер біршама еңсе тіктеп жорықты жалғастырды.
Ұзаққа созылған жүгіру тек түнгі қосын орнына келгенде ғана саябырсыды. Бұл орынға өзге топтардың құрамында құламай келе жатқан жауынгерлер түгел жиналды. Олар өздеріне тынығатын орын әзірлеп, демалуға мүмкіндік алды. Алайда түнде оларға тағы да тыныштық берілмеді. Бұл да сынақтың бір бөлігі болатын.

Жалғыз оқтың жаңғырығы
Ауыр да күрделі алпыс бес шақырымдық жолдың түйіні кедергілер алаңында түбегейлі аяқталмақ. Сол үшін де мәреге таяған сәтте олар оқ-дәрі жәшіктерін сүйреуде аса қатты қиналмады. Тек кедергілер алаңына келгенде ғана, кешелі бергі шаршау мен босаңсып қалған бұлшық еттің әсері байқала бастады.
Биік баспалдақты місе тұтпай өткен жігіттер, шынжырлы қабырғадан да қаймықпай асты. Жігіттер жан-жақтағы жарылысқа да, қолқаны қапқан қою қара түтінге де мән берер емес. Тар туннельде түтінге тұншыққан үміткерді көргенде қашан шыққанша жаныңды шүберекке түйіп боласың. Одан қалды алдарынан тас қамал кедергі боп тұрып алды. Әл-дәрмені азайған жігіттер бұл кезде бірлік танытып, бірін-бірі қолдады.
Абырой болғанда, сынақтың қай түріне болса да бәрі бірдей шыдап шықты. Қарша бораған оқтың астынан өтті. Сондай-ақ өздерімен бірге құмда да, суда да алып жүрген қаруының оқшантайында жасырынған жалғыз оқты атуы тиіс болды. Әр атылған оқ әр үміткердің құлақ түбінде жаңғырып жатты. Ең маңызды осындай сәтте жерге қарап қалған ешкім болған жоқ.
Үміткерлер үшін ең соңғы шешуші, әрі ең ауыр сәттердің бірі — алаңдағы төбелес. Мұнда жорық жолынан бірге келген жауынгерлер бір-бірімен аяусыз жұдырықтасты. Күрең береттің ережесі осындай. Тіпті бұрындары күрең берет алған әскери қызметшілердің өзі де үміткерлерге сес көрсетіп, біршама сабап алды. Олар соңғы секундтарға дейін шыдап берген, ержүрек үміткерлерді соңғы сәтте иықтарына асып, алаңнан көтеріп алып шықты.
Міне, осынша сынаққа берілмей, күш-қайрат көрсеткен он үш үміткер Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтың қолынан күрең берет иеленді.

Бұл олардың ұзақ та, машақатқа толы дайындығының нәтижесі болды. Ал сол күрең беретті Бас қолбасшының қолынан алуы олар үшін екі есе абырой еді. Осылайша, бір аптаға созылған Күрең берет іс-шарасында «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері бауырмалдықтың жарқын үлгісін көрсетті. Қазақ жігіттерінің қайтпас қайсар мінезін танытты.
Сөйтіп әскердің күреңбереттілер қатары 13 жауынгермен толықты.
Лейтенант Жанболат Кенжеғұл