Қазақстанда Орталық актуарий құрылады: сақтандыруда не өзгереді

869
Фотосурет: Gov

Сақтандыру тәуекелдерін бағалау жүйесі өзгереді. Қазақстанда Орталық актуарий құру жоспарланып отыр. Жаңа тәуелсіз институт сақтандыру тарифтері мен ұзақ мерзімді міндеттемелерді есептеуде бірыңғай тәсіл қалыптастыруға тиіс, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл бастама Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеп жатқан Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының жобасына енгізілген. Агенттіктің ресми мәліметіне сәйкес, бүгінде Қазақстанда 69 лицензияланған актуарий жұмыс істейді.

Алматыда сақтандыру нарығының кадрлық әлеуетін арттыру талқыланды

Қазақстанға Орталық актуарий не үшін қажет

Актуарийлер сақтандыру компаниялары үшін болашақ тәуекелдерді, ықтимал төлемдерді, резервтер мен тарифтердің негізділігін математикалық модельдер арқылы бағалайды.

Сондықтан олардың есептеулері сақтандыру компаниясының қаржылық орнықтылығына ғана емес, клиент төлейтін сақтандыру сыйлықақысының мөлшеріне де жанама немесе тікелей ықпал етеді.

Алматыда сақтандыру нарығының кадрлық әлеуетін арттыру талқыланды

Қазір реттеуші осы салада тәуелсіз сараптама институтын қалыптастыруды көздеп отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, Орталық актуарий сақтандыру нарығы мен зейнетақы жүйесіне арналған актуарлық сараптаманың мамандандырылған орталығына айналуға тиіс.

Оның негізгі функцияларының қатарында:

  • тәуекелдерді бағалаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеу;
  • ұзақ мерзімді міндеттемелерді бағалау;
  • міндетті сақтандыру түрлері бойынша тарифтерді есептеуге қатысу;
  • тарифтерді қайта қарауға қатысу;
  • сақтандыру резервтері бойынша тәуелсіз талдау жүргізу;
  • кәсіби стандарттарды дамыту қарастырылып отыр.

Реттеушінің консультативтік құжатында қазіргі нарықта сақтандыру тарифтері мен резервтері бойынша объективті, нарықтан тәуелсіз актуарлық есептеулер жүргізетін дербес орталықтың жоқтығы жеке мәселе ретінде көрсетілген.

Алматыда сақтандыру нарығының кадрлық әлеуетін арттыру талқыланды

69 актуарий бар, енді мамандарды даярлау жүйесі өзгереді

Реформаның екінші бөлігі кадрларға қатысты.

Сақтандыру форумы аясында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Әсел Әмірбаева ACTEX Learning операциялық директоры Джоана Амориммен және Халықаралық актуарийлер қауымдастығының (IAA) өкілі Гаянэ Арсенянмен кездесті.

Тараптар актуарийлерді халықаралық тәжірибе бойынша даярлау мен сертификаттауды, осы модельдерді Қазақстанға бейімдеу мүмкіндіктерін және кәсіби білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты талқылады.

Бұл мәселенің маңызы нарықтағы мамандар санына байланысты да артып отыр. Реттеушінің дерегінше, Қазақстанда 25 жыл ішінде өзіндік актуарлық мектеп қалыптасқанымен, қазіргі уақытта елде небәрі 69 лицензияланған актуарий бар.

Сақтандыру мамандарына жеке құзырет орталығы ашылмақ

Кездесуде тағы бір институт — Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры жанындағы Кәсіби құзыреттілікті дамыту орталығын құру мәселесі қаралды.

Оның негізгі міндеттері сақтандыру саласындағы мамандарды оқыту және кәсіби сертификаттау болмақ.

Бұл бағытта алғашқы инфрақұрылым қазірдің өзінде қалыптасып келеді. Агенттіктің 16 қыркүйекте жариялаған дерегіне сәйкес, 2025 жылы Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры реттеушінің қолдауымен 10 курстан тұратын «Актуарий» онлайн-платформасын іске қосты. Содан бері платформада 346 қатысушы тіркеліп, 26 сертификат берілген.

Келесі кезеңде оқыту, кәсіби сертификаттау және мамандардың құзыреттерін дамыту бір жүйеге біріктірілмек.

Жаңа жүйе сақтандыру тарифтеріне де әсер етуі мүмкін

Орталық актуарийдің құрылуы тек сақтандыру компанияларының ішкі есептеріне қатысты өзгеріс емес.

Жоспар бойынша жаңа институт міндетті сақтандыру сыныптары бойынша тарифтерді есептеуге және қайта қарауға қатысады. Есептеулер үшін Бірыңғай сақтандыру дерекқорымен интеграцияланған иесіздендірілген салалық деректер массивін қалыптастыру көзделген.

Мұның практикалық мәні — тарифті есептеу кезінде нарық бойынша салыстырмалы деректер мен тәуекелдің нақты деңгейіне көбірек сүйену.

Мәселен, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін реформалау кезінде де тарифтерді тәуелсіз актуарлық бағалауға негіздеу ұсынылып отыр. Бұл модельде Орталық актуарий базалық мөлшерлемелерді есептеп, тарифтер мен резервтердің жеткіліктілігін бағалауға қатысуы тиіс.

Осылайша, Қазақстан сақтандыру саласында бір мезгілде екі инфрақұрылымдық мәселені шешуге кірісіп отыр: тәуекелдерді тәуелсіз бағалайтын институт құру және сол есептерді жасайтын мамандарды халықаралық талаптарға сай даярлау.

Бұған дейін біз Қазақстанның сақтандыру нарығын 2030 жылға дейін жаңғырту жоспары және саладағы жаңа реттеу тетіктері туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -