Бала аман-есен отбасына оралды.
Жаңаөзендегі «Мұнайшы» саябағында патрульдік қызмет атқарған Ұлттық ұлан сарбаздары қараусыз жүрген баланы байқап, оның ата-анасын анықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оқиға кешкі сағат 20:30 шамасында болған. Бұл туралы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының ресми хабарламасында айтылды.
Баланы патрульдік жасақ байқаған
Сол уақытта «Мұнайшы» саябағында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5548 әскери бөлімінің қызметшілері қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген.
Әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Ердәулет Базарбай мен патрульдеуші қатардағы жауынгерлер Ерназ Еспусинов және Есболат Болысбек ересектердің қарауынсыз жүрген баланы байқайды.
Ұландықтар алдымен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті шараларды қабылдаған. Кейін ата-анасы анықталып, бала оларға аман-есен табысталды.
Ұландықтар қоғамдық тәртіпті күн сайын қадағалайды
Ұлттық ұлан жауынгерлері патрульдік қызмет кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, түрлі жағдайға тап болған тұрғындарға да көмек көрсетеді.
Ресми мәлімет бойынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында ұландықтар қоғамдық тәртіпті қадағалау бойынша 1,3 мыңнан астам міндетті орындаған.
Мұндай қызмет кезінде жоғалған немесе қараусыз қалған балаларға көмектесу жағдайлары да кездеседі. Ұлттық ұланның ресми материалдарында әскери қызметшілердің ата-анасынан адасып қалған балаларды тауып, жақындарына табыстаған оқиғалары бірнеше рет тіркелген.
Жаңаөзендегі жағдайда да патрульдің баланы дер кезінде байқауы оның қысқа уақыт ішінде отбасына оралуына мүмкіндік берді.
Бұған дейін де осындай жағдай тіркелген еді. 2025 жылдың қарашасында Оралда «Батыс» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары ата-анасының қарауынсыз жүрген баланы байқап, оны анасына аман-есен табыстаған болатын. Бұл оқиға туралы бұған дейін жазған едік