Болашақ әскери ұшқыштар әуеге көтерілді.
Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 4-курс курсанттары L-39 оқу-жаттығу ұшағымен алғашқы ұшу жаттығуларын орындады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Практикалық даярлық әскери ұшқыш-нұсқаушылардың жетекшілігімен өтті. Бұл кезеңде курсанттар аудитория мен тренажерларда меңгерген білімдерін нақты ұшу жағдайында қолдануға көшеді.

Алғашқы ұшуға дейін тапсырмалар пысықталды
Әуеге көтерілер алдында курсанттар ұшу тапсырмаларын мұқият зерделеп, нұсқаушылармен бірге жаттығудың негізгі кезеңдерін талқылады.
Ұшу барысында олар бірнеше негізгі дағдыны пысықтады:
- әуе кемесін басқару;
- кеңістікте бағдарлау;
- штаттық жағдайда дұрыс шешім қабылдау.
Ұшу аяқталған соң әр курсанттың әрекетіне талдау жасалды. Нұсқаушылар орындалған тапсырмаларды бағалап, кәсіби даярлықты одан әрі жетілдіру қажет бағыттарды анықтады.

«Ұшақты басқарып, өзім қондым»
4-курс курсанты Әлішер Кеңес үшін бұл күн әскери ұшқыш мамандығын меңгерудегі маңызды кезең болды.
«Бұл менің алғашқы ұшуым. Бүгін ұшақты басқарып, өзім қондым. Мен үшін бұл – үлкен тәжірибе әрі болашақ мамандығымды меңгерудегі маңызды қадам», – деді курсант Әлішер Кеңес.
Алғашқы ұшу курсанттың теориялық даярлықтан нақты ұшу тәжірибесіне көшуін білдіреді. Мұнда ұшақты басқарумен қатар әуедегі жағдайды бағалау, бағдарды сақтау және шешім қабылдау қабілеті пысықталады.

Неліктен курсанттар L-39-да жаттығады
L-39 Қазақстанда әскери ұшқыштарды бастапқы даярлау үшін қолданылатын оқу-жаттығу ұшақтарының бірі.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі бұл ұшақтарда курсанттар пилоттау техникасын меңгеріп, кейін қарапайым және күрделі пилотажға, маршрут бойынша, бұлт ішінде және төмен биіктікте ұшуға кезең-кезеңімен жіберілетінін хабарлаған.
Қазақстан Қарулы күштеріндегі L-39 ұшақтарының бір бөлігі жаңғыртудан өткен. Оларға цифрлық авионика, байланыс және объективті бақылау құралдары, сондай-ақ жаңартылған катапульттеу жүйесі орнатылған.
Осы типтегі ұшақтарда курсанттардың тәжірибелік даярлығы бұрыннан жүргізіліп келеді. Мәселен, 2022 жылы Балқаш оқу-авиациялық орталығында 4-курс курсанттары жаңғыртылған L-39 Albatros ұшақтарымен жаттығып, оқу орнын бітіргенге дейін 80 сағаттан астам ұшу тәжірибесін жинауы жоспарланған еді.

Әскери ұшқыштарды Ақтөбеде даярлайды
Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты Ақтөбеде орналасқан және Қазақстан Қарулы күштеріне авиациялық мамандар даярлайды.
Курсанттар тек L-39-пен шектелмейді. Институттың оқу базасында басқа типтегі әуе кемелері де пайдаланылады. Мәселен, 2024 жылы «Ақтөбе» әуеайлағында L-410 ұшақтарымен алғашқы оқу ұшулары басталған. Оған дейін нұсқаушылар Чехияда үш айлық даярлықтан өтіп, тиісті сертификаттар алған.
Әскери авиациядағы даярлықтың түпкі мақсаты — курсантты оқу ұшағынан жауынгерлік бөлімдегі техникаға кезең-кезеңімен көшіру. Қазіргі жас әскери ұшқыштардың тәжірибесі де осы жолды көрсетеді: институтта L-39-ды меңгерген түлектер кейін Су-30СМ секілді жауынгерлік ұшақтарға даярлықтан өтеді.
18 қыркүйектегі жаттығуда 4-курс курсанттары осы жолдың практикалық кезеңдерінің бірін орындады — L-39 ұшағын әуеде басқарып, ұшу тапсырмаларын нұсқаушылардың бақылауымен пысықтады.
Бұған дейін біз Ақтөбедегі әскери институттың авиациялық паркі жаңарып, L-410 ұшақтарымен алғашқы ұшулар басталғаны туралы жазған едік. «L-410-ға алғашқы рейстер: Ақтөбедегі әскери институт авиациялық паркті жаңартты».