Алғашқы күн — алты медаль.
Қазақстан құрамасы Айти–Нагоядағы XX жазғы Азия ойындарының бірінші жарыс күнін төрт алтын және екі қола жүлдемен аяқтады. Алтындардың екеуін велошабандоздар, тағы екеуін каратэшілер жеңіп алды, деп хабарлайды DKNews.kz.
20 қыркүйектегі жарыстарда Рината Сұлтанова, Алексей Луценко, Жоламан Биғабыл және Софья Берульцева чемпион атанды. Арлан Жаңабай триатлоннан, ал ерлер құрамасы қазіргі бессайыстан қола жүлде иеленді.
Алғашқы екі алтынды велошабандоздар әкелді
Қазақстанның Азиададағы алтын медальдар есебін Рината Сұлтанова ашты.
Ол әйелдер арасындағы тасжол велоспортынан жекелей уақыт жарысын 36:23.72 нәтижесімен аяқтап, бірінші орын алды. Қытайлық Чжан Хао одан 4,86 секундқа қалып, күміс жүлдеге ие болды. Оңтүстік Корея өкілі Син Джиын үшінші орынға тұрақтады.
Көп ұзамай Алексей Луценко ерлер арасындағы жекелей уақыт жарысында Қазақстанға екінші алтынды әкелді. Ол мәреге 41:24.05 нәтижесімен жетті. Жапониялық Сюнсукэ Имамура екінші, моңғолиялық Жамбальямц Сайнбаяр үшінші болды.
Бұл — Луценконың Азия ойындарындағы бесінші алтын медалі. Сонымен бірге ол жекелей уақыт жарысында қатарынан төртінші Азиадада жеңіске жетті: бұған дейін 2014, 2018 және 2022 жылғы ойындарда осы сайыста чемпион болған.
Жарыстан кейін 34 жастағы велошабандоз Айти–Нагоядағы дода өзі үшін соңғы Азия ойындары екенін мәлімдеді.
Каратэшілер бір күнде екі алтын қосты
Қазақстанның үшінші алтынын Жоламан Биғабыл жеңіп алды.
55 келіге дейінгі салмақтағы кумитэ финалында ол Өзбекстан өкілі Хумоюнмирзо Халимовпен кездесіп, қарсыласын 9:1 есебімен жеңді.
Бірінші күннің төртінші алтынын Софья Берульцева әкелді. 68 келіден жоғары салмақта сынға түскен қазақстандық каратэші финалда Таиланд өкілі Маниван Бутсуванды 8:0 есебімен ұтты.
Берульцева осымен екінші рет қатарынан Азия ойындарының чемпионы атанды. Бұған дейін Ханчжоудағы Азиадада да осы салмақта алтын алған. Ол — Токио Олимпиадасының қола жүлдегері.
Осылайша, Қазақстан алғашқы жарыс күніндегі төрт алтынның екеуін тасжол велоспортынан, екеуін каратэден алды.
Екі қола — триатлон мен қазіргі бессайыстан
Қазақстанның алғашқы қола медалін Арлан Жаңабай жеңіп алды.
Ерлер арасындағы триатлонда ол 53:11 нәтижесімен үшінші болып мәреге жетті. Жапониялық Такауми Ходжо 52:56 нәтижесімен чемпион атанса, қытайлық Чжан Сюжуй 53:05 көрсеткішімен екінші орын алды.
Жаңабайдың нәтижесі Қазақстан үшін Азия ойындарындағы триатлоннан тарихтағы екінші жүлде болды. 2026 жылы ол Тайчжоудағы Азия кубогы кезеңінде қола, Түркістандағы кезеңде күміс алған еді.
Екінші қола қазіргі бессайыстан ерлер арасындағы командалық есепте келді. Қазақстан құрамасы 4647 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады.
Командалық нәтижеге Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин және Лев Чувашовтың көрсеткіштері енді. Жекелей финалда Әбдірайымов жетінші, Варехин тоғызыншы, Чувашов 13-орын алды. Кирилл Стадник жарысты 18-орында аяқтады.
ММА-дан үш қазақстандық жартылай финалға шықты
Алғашқы күн тек алты медальмен шектелген жоқ. Қазақстанның бірнеше спортшысы келесі кезеңдерге жолдама алды.
Ушу-саньдадан 75 келіге дейінгі салмақта Абдурашид Абдуллаев ширек финалға өтті. Әйелдер арасында 52 келіге дейінгі салмақта Аян Тұрсын да жарысты жалғастырады.
ММА-дан бірден үш қазақстандық жартылай финалға шықты. 71 келіге дейінгі modern MMA санатында Қадырбек Шынбаев Бахрейн өкілі Құрбан Идрисовты жеңді. 65 келіге дейінгі traditional MMA санатында Санжар Әділов ирандық Афшин Салими Тупгардан басым түсті. 77 келіге дейінгі traditional MMA санатында Еркінғали Бүркіталин Оңтүстік Корея өкілі Юн Тэёнды жеңді.
Жартылай финалдық жекпе-жектер 21 қыркүйекте өтеді.
Командалық спортта нәтиже әртүрлі болды
Үстел теннисінен Қазақстанның ерлер құрамасы топтық кезеңдегі екінші жеңісіне жетті. Сингапур 3:1 есебімен ұтылды. Бұған дейін қазақстандықтар Бангладешті 3:0 есебімен жеңген болатын.
Әйелдер құрамасы алғашқы кездесуінде Оңтүстік Кореядан 0:3 есебімен жеңілді.
Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы Сингапурды 12:7 есебімен жеңіп, турнирді сәтті бастады.
Ал әйелдер волейболының ширек финалында Қазақстан Оңтүстік Кореяға 0:3 есебімен жол берді. Гандболдан ерлер құрамасы Бахрейннен 20:43 есебімен жеңілсе, 5х5 баскетболдан әйелдер құрамасы Жапониядан 23:88 есебімен ұтылды.
Жағажай волейболында Сергей Богату мен Кирилл Гурин Индонезия жұбын 2:1 есебімен жеңді. Мұхаммад Абдулмажид пен Дмитрий Яковлев Жапония дуэтіне 1:2 есебімен есе жіберді.
Жүзуден Айбат Мырзамұратов финалға жетті
Жүзуден Айбат Мырзамұратов 200 метрге кешенді жүзудің финалына шығып, шешуші бәсекеде 2:00.37 нәтижесімен жетінші орын алды.
Максим Клименко, Әділбек Мусин және Александр Румынский іріктеу кезеңінен кейін жарысты аяқтады.
10 метр қашықтықтан пневматикалық мылтықпен нысана көздеуден Александра Ле, Елизавета Безрукова және Софья Шульженко өнер көрсеткен Қазақстан әйелдер құрамасы алтыншы орынға тұрақтады.
Әйелдер арасындағы триатлонда Диана Ержанова 1:04:13 нәтижесімен 17-орын алды.
XX жазғы Азия ойындары Айти–Нагояда 4 қазанға дейін жалғасады.
Пару күн бұрын біз Қазақстан құрамасының осы Азиададағы басты үміттерінің бірі Софья Берульцеваның жолы туралы жазған едік. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Жапонияда чемпиондық атағын қорғап, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанды. Оның 8:0 есебімен аяқталған финалы туралы бұған дейінгі материалымыздан оқуға болады.