Оқу орнына 30 жыл толды.
Щучинскідегі Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж 1996 жылдан бері 4 мыңға жуық кәсіби сержант даярлап, Қазақстан армиясының кіші командалық құрамын қалыптастыратын негізгі оқу орындарының біріне айналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мерейтойға арналған салтанатты шараға Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов, Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов, Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев, Қарулы күштердің бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықов, ардагерлер мен түлектер қатысты. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше

Алғашқы түлектер небәрі 63 сержант еді
Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің тарихы 1996 жылдан басталады. Оқу орны Қазақстан Президентінің Жарлығымен Кадет корпусы ретінде құрылды.
Алғашқы 63 кәсіби сержант 1999 жылғы 29 шілдеде оқуын аяқтады. Сол жылы оқу орнына Жауынгерлік Ту табысталып, 2000 жылы оған қазақ ғалымы әрі офицері Шоқан Уәлихановтың есімі берілді. 2020 жылы Кадет корпусы Әскери колледж болып қайта аталды.
1996–2025 жылдар аралығында мұнда 4 мыңға жуық кәсіби сержант даярланған. Қазір колледж 11-сыныптан кейін талапкерлер қабылдайды, оқу мерзімі — бір жыл 10 ай.
Министрдің орынбасары қызметін осы жерден бастаған
Мерейтойға келген қонақтардың бірқатары үшін колледждің жеке маңызы бар.
Қарулы күштердің ардагері генерал-майор Жомарт Қуанғалиев оқу орнының құрылуы мен қалыптасуының бастауында тұрып, оның алғашқы бастығы болды.
Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов әскери оқу орнын аяқтағаннан кейін лейтенант шеніндегі офицерлік қызметін осы жерден бастаған. Ал бүгінде Қарулы күштердің бас сержанты қызметін атқаратын шебер-сержант Темірбек Халықов кезінде осы колледждің кадеті болған.
«Отыз жыл – колледж тарихындағы маңызды кезең. Осы жылдар ішінде оқу орны әскери білім беру жүйесінің маңызды буынына айналып, мыңдаған білікті сержант мамандарын даярлады. Бүгінде колледж түлектері әскери бөлімдерде абыроймен қызмет етіп, жауапты лауазымдарда еңбек етіп, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға үлес қосып келеді», – деді Әскер Бейсенов.
Бірінші курс кадеттері Әскери ант қабылдады
30 жылдық мерейтой салтанатты жиынмен ғана шектелген жоқ.
Шара Шоқан Уәлихановтың бюстіне Құрмет қарауылының сүйемелдеуімен гүл шоқтарын қоюдан басталды. Кейін бірінші курс кадеттері Әскери ант қабылдап, оқу-жаттығу алаңындағы кедергілер жолағында дене даярлығы мен әскери машығын көрсетті.
Қонақтарға әскери техника, қару-жарақ, байланыс құралдары және радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау жабдықтары таныстырылды.
Олар казарманы, медициналық пунктті, спорт залын, кітапхананы, колледж мұражайын және FPV-дрондар сыныбы орналасқан зертханалық корпусты да аралады.

Сержанттарды даярлау технологиямен бірге өзгеріп жатыр
30 жыл ішінде колледждегі даярлықтың мазмұны да өзгерді. Қазір әскери-кәсіби және дене дайындығымен бірге болашақ сержанттардың көшбасшылық, жауапкершілік және ұйымдастырушылық қабілеттеріне басымдық беріледі. Әскери бөлімдерде қызмет етіп жүрген сержанттар үшін біліктілікті арттыру курстары да өткізіледі.
2026 жылғы маусымда колледжге барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орнындағы симуляциялық қондырғылар, ұшқышсыз авиация технологиялары, Action Air даярлық алаңы және Aibyn App цифрлық платформасы таныстырылған еді. Мемлекет басшысы сол кезде колледждің кәсіби әскерилерді даярлаудағы тәжірибесіне назар аударды.

Колледж түлектерінің қызмет географиясы да кең. Олар Құрлық әскерлерінің, Әскери-теңіз күштерінің, арнайы мақсаттағы барлау бөлімшелерінің және ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне жіберіледі.
Щучинскідегі оқу орнының кәсіби сержанттарды қалай дайындайтыны туралы бұған дейін де егжей-тегжейлі жазған едік. Онда сержанттардың әскери бөлімшелерді басқаруға, техника мен қаруды қолдануға және кейін сарбаздарды үйретуге даярланатыны айтылған.
