Берлиндегі уағдаластықтар жалғасын таппақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қазанда Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мен Федералдық Канцлері Фридрих Мерцті Германия бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мемлекет басшысы құттықтау жеделхаттарында жуырдағы Германияға ресми сапарына тоқталып, Берлинде қол жеткізілген уағдаластықтар қазақ-герман стратегиялық серіктестігін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Тоқаев Германия тарапына ризашылығын білдірді
Президент Германия бірлігі күнін елдің табанды әрі жасампаз күш-қуатын, өркендеу жолындағы нық қадамын танытатын айтулы күн деп бағалады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға жасаған ресми сапары кезінде көрсетілген жылы қабылдау мен қонақжайлық үшін ризашылығын білдіріп, келіссөздердің мазмұнын жоғары бағалады.
Қазақстан Президенті Берлинге 29 қыркүйекте ресми сапармен барған болатын. Германия үкіметінің мәліметінше, Фридрих Мерцпен келіссөздер нәтижесінде тараптар 2026–2028 жылдарға арналған өнеркәсіп, технология және шикізат салаларындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасын келісті.
Германия Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі
Берлиндегі келіссөздерде экономикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Германия үкіметі Қазақстанды Германияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі деп атады. Тараптар өнеркәсіп, технология, шикізат, энергетика және логистика салаларындағы байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.
2026–2028 жылдарға арналған жол картасы бірлескен жеткізу тізбектерін дамытуға және екі елдің кәсіпорындары үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған. Сонымен бірге Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді дамыту мәселесі көтерілді.
Берлиндегі баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев Германияны Қазақстан үшін Еуропалық одақтағы жетекші серіктестердің бірі деп атап, екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді.
Бірлескен жобаларға басымдық беріледі
3 қазандағы құттықтау жеделхатында Мемлекет басшысы Берлинде қол жеткізілген уағдаластықтарға тағы да назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл келісімдер қазақ-герман стратегиялық серіктестігін кеңейтуге және басым салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға жол ашады.
Ресми келіссөздер кезінде энергетика, машина жасау, химия өнеркәсібі, жаңартылатын энергия, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, жасанды интеллект және геологиялық барлау перспективалы бағыттар ретінде аталды.
Германия тарапы да экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Фридрих Мерц Қазақстанның Еуропаның мұнаймен қамтамасыз етілуіне үлес қосып отырғанын айтып, энергетикалық әріптестік пен тұрақты логистикалық тізбектерді дамытудың маңызын атап өтті.
Тоқаев Германия халқына бақ-береке тіледі
Қасым-Жомарт Тоқаев Германия басшыларын ұлттық мерекемен Берлиндегі сапары кезінде де құттықтаған болатын.
29 қыркүйектегі бірлескен баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті Фридрих Мерц пен Германия халқына алдағы Германия бірлігі күніне орай ізгі тілегін білдірді.
3 қазанда жолданған құттықтау жеделхаттарында Мемлекет басшысы Франк-Вальтер Штайнмайер мен Фридрих Мерцке жауапты мемлекеттік қызметтерінде табыс, ал Германия халқына бақ-береке және одан әрі өркендеу тіледі.