Қазақстан мен Қытай денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты қоғамдық денсаулық сақтау, медициналық кадр даярлау, ғылыми зерттеулер, цифрлық медицина және жасанды интеллект сияқты бағыттарда кеңейтуді көздеп отыр. Бұл мәселелер Астанада өткен «Жаһандық медицина көшбасшылары: инновация, тұрақтылық және ортақ пайдалану» халықаралық семинарында талқыланды.
Іс-шараны GX Foundation, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі және Назарбаев Университеті бірлесіп ұйымдастырды. Семинарға Қытай мен басқа елдерден 15 жетекші медицина сарапшысы және денсаулық сақтау саласының 100-ден астам өкілі қатысты.
Қазақстанның Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, GX Foundation-ның әртүрлі елдердегі денсаулық сақтау және гуманитарлық жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі мол.
GX Foundation-ның әртүрлі елдерде денсаулық сақтау және гуманитарлық жобалар бойынша айтарлықтай тәжірибесі бар. Бұл тәжірибе Қазақстанмен қоғамдық денсаулық сақтау, медицина мамандарын даярлау, ғылыми зерттеулер, медициналық технологиялар және төтенше жағдайларға дайындық бағыттарында ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді ол.
Вице-министр бүгінгі семинар баяндамалар алмасумен ғана шектелмей, ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындап, өлшенетін нәтижелері бар бірлескен жобаларды әзірлеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Біздің ортақ мақсатымыз қарапайым: медициналық көмекті барынша қолжетімді, орнықты әрі тиімді ету, сондай-ақ халқымыздың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту, – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Қытайдың Қазақстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Чэн Кэфань Қазақстан мен Қытай арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың соңғы жылдары жаңа бағыттармен толыққанын атап өтті.
Оның айтуынша, екі ел қоғамдық денсаулық сақтау, дәстүрлі медицина, телемедицина және кадр даярлау бағыттарында жан-жақты ынтымақтастық жүргізіп келеді.
Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың цифрлық медицина, жоғары технологиялық медициналық визуализация және жасанды интеллект көмегімен диагностика жасау сияқты жаңа бағыттардағы ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді, – деді Чэн Кэфань.
Ол екі елдің медициналық жоғары оқу орындары оқытушылар мен студенттер алмасуын, клиникалық дағдыларды дамыту және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді жалғастырып жатқанын айтты.
Дипломат 2020 жылғы пандемия кезінде Қытай үкіметінің Қазақстан тарапының шақыруымен медициналық сарапшылар тобын жібергенін еске салды. 15 күн ішінде сарапшылар қазақстандық әріптестерімен 44 бейнебайланыс және офлайн кездесу өткізіп, 35 оқыту семинарын ұйымдастырған. Оларға 10 790 адам қатысып, мамандар эпидемияның алдын алу және бақылау, клиникалық диагностика мен емдеу тәжірибесімен бөліскен.
Сондай-ақ ол екі елдің денсаулық сақтау органдары 2025-2027 жылдарға арналған Қазақстан-Қытай денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың іс-қимыл жоспарына қол қойғанын атап өтті.

Қазір Астанада Қазақстан-Қытай дәстүрлі медицина орталығы жұмысын бастаған. Сонымен қатар оның Алматыда филиалын ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Фудань университетінің акушерлік және гинекология ауруханасы, Қытайдың азаматтық авиация корпорациясы (COMAC) және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп, Қазақстанда «Ұшатын аурухана 99» медициналық миссиясын жүзеге асырған.
Ал Гуанчжоу медициналық университеті Астана медицина университетімен бірге пульмонология және реаниматология дәрігерлерін жүйелі даярлауға арналған шетелдік оқу орталығын құрған.
GX Foundation төрағасы Лян Чжэнь-ин Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылы дәл Назарбаев Университетінде «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасын ұсынғанын атап өтті.
Оның айтуынша, GX Foundation мен Назарбаев Университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум кәсіби тәжірибе алмасуға, бірлескен іс-шаралар, тағылымдамалар мен ғылыми зерттеулер жүргізуге негіз болды.

Бүгін біз GX Foundation мен Назарбаев Университеті арасындағы ынтымақтастық негізінде осы семинарды ұйымдастырғанымызға қуаныштымыз. Болашақта қол жеткізген нәтижелерімізді одан әрі дамытамыз деп үміттенеміз, – деді Лян Чжэнь-ин.
GX қорының бас директоры, Қытай Гонконг университеті медицина факультетінің декан орынбасары және профессоры Чан Ин-ян технология мен жасанды интеллект медициналық қызметке қолжетімділігі шектеулі қауымдастықтар үшін жаңа мүмкіндік бере алатынын айтты.
Жасанды интеллект пен телемедицина бұрын медициналық көмек пен диагностикаға қол жеткізуде қиындық көрген қауымдастықтарға мүмкіндік береді, – деді ол.
Алайда профессор технологияның өзі барлық мәселені шеше алмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, нақты жағдайға сәйкес шешім әзірлеу үшін жергілікті деректер мен сол ортадағы тәжірибе қажет.
Егер біз тек цифрлық технологияға немесе жасанды интеллектке сүйенсек, олар мәселені сипаттап бере алады. Бірақ кей жағдайда шешім ұсына алмайды. Өйткені қажетті дерек жоқ немесе қолда бар ақпарат нақты жағдайға сәйкес келмеуі мүмкін, – деді Чан Ин-ян.
Ол Тынық мұхитындағы Тонга елін мысалға келтірді. Бұл елде табиғи апаттар мен климаттың өзгеруі, сондай-ақ семіздік пен қант диабеті сияқты мәселелер бар. Сонымен бірге денге безгегі сияқты аурулардың таралу қаупі де өзекті.
GX Foundation мұндай жағдайларда денсаулық сақтау жүйесімен, медициналық нысандармен, көлік және әуежай инфрақұрылымымен бірлесіп жұмыс істеп, ауру таратушы жәндіктердің таралуына тосқауыл қою бағытында жұмыс істейді.
Профессор сондай-ақ қордың катарактаға қатысты жобалары барысында 32 мыңнан астам сәтті операция жасалғанын айтты. Бұл пациенттер кейін операциядан кейінгі нәтижелерді бақылауға мүмкіндік беретін деректер базасының бір бөлігіне айналады.
Чан Ин-ян алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде де деректер жинаудың маңызын атап өтті. Осы мақсатта GX Foundation «Clinic in a Box» жобасын әзірлеген.
Егер біз нақты әрі пайдалы шешімдер ұсынғымыз келсе, сол жерде болуымыз керек. Астана, Гонконг, Лондон сияқты ірі қалаларда болсын немесе Сенегалдағы, Тонгадағы шағын ауылдарда болсын, нақты дерек жинайтын адамдар қажет, – деді ол.
Оның пікірінше, цифрлық әлемде жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен серіктестер деректерді, шешімдер мен білімді қалыптастыруға қатысуы керек.
Ал Қытай Гонконг университетінің вице-канцлері әрі президенті, профессор Ло Юк-мин медицинадағы жаңа технологиялардың қатерлі ісікті ерте анықтаудағы мүмкіндіктері туралы айтты.

Ғалымның айтуынша, зерттеудің алғашқы кезеңінде адам геномының ерекшеліктерін пайдаланатын инвазивті емес пренаталдық тест әзірленген. Қазір бұл әдіс акушерия саласында кеңінен қолданылады. Мысалы, Даун синдромын анықтауда тесттің дәлдігі 99%-дан асады.
Кейін ғалымдар осы технологияны қатерлі ісікті ерте анықтауға қолдануды зерттеген. Алғашқы зерттеу нысаны ретінде Қытайдың оңтүстігінде, әсіресе Гуандун провинциясында кең таралған мұрын-жұтқыншақ обыры алынған.
Бізге қатерлі ісікті анықтайтын маркер қажет болды. Мұрын-жұтқыншақ обыры жағдайында мұндай маркер бар, өйткені бұл ауру вирустық инфекциямен байланысты. Ісік жасушаларынан Эпштейн-Барр вирусының ДНҚ-сын анықтауға болады, – деді профессор.
Гонконгта 20 мыңнан астам адамды қамтыған зерттеу жүргізілген. Қатерлі ісік қаупі жоғары 40-60 жастағы ер адамдарға басымдық берілген.
Зерттеу нәтижесінде скринингтен өтпеген адамдардың шамамен 80%-ында қатерлі ісік үшінші және төртінші сатыларда анықталса, тест қолданылған топтағы науқастардың шамамен 70%-ында ауру бірінші және екінші сатыларда анықталған.
Профессордың айтуынша, скринингтен өткен топтағы өлім-жітім деңгейі шамамен 3%-ды құраған. Бұл қатерлі ісіктен қайтыс болу қаупін шамамен он есеге төмендеткен.
Кейін зерттеушілер технологияны қатерлі ісіктің басқа түрлерін анықтауға бейімдеген. Бұл бағытта эпигенетикаға, яғни ДНҚ тізбегінен бөлек, оның жасушада қалай реттелетініне назар аударылған.

Бір тест арқылы қатерлі ісіктің бірнеше түрін анықтауға болады. Сонымен қатар адам ағзасының әртүрлі мүшелеріндегі эпигенетикалық ерекшеліктер әртүрлі болғандықтан, сол тест арқылы ісіктің қай ағзада орналасқанын да анықтауға мүмкіндік бар, – деді Ло Юк-мин.
Қазір бұл технологияны жасанды интеллект көмегімен одан әрі жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғалымдар генетикалық деректерден эпигенетикалық өзгерістерді анықтау үшін нейрондық желі мен трансформерге негізделген AI моделін әзірлеген. Профессордың айтуынша, модельдің екінші буынында дәлдік деңгейі 99%-ға жеткен.
Дегенмен ғалым технологияны клиникалық практикаға толық енгізу үшін әлі де зерттеу қажет екенін атап өтті. Атап айтқанда, тесттің тиімділігін әрі қарай зерттеп, ұзақ мерзімді өмір сүру көрсеткіштері бойынша деректер жинау қажет.
Бұл технология клиникалық практикаға енгізілсе, болашақта қатерлі ісіктен болатын өлімді азайтуға мүмкіндік береді, – деді профессор.
Семинар барысында медициналық технологиялар, денсаулық сақтау жүйесін басқару, дәстүрлі медицина, жұқпалы аурулар, адам өмір сүретін орта, апаттарға ден қою, медициналық білім беру және гуманитарлық көмек көрсету үшін кадр даярлау мәселелері де талқыланды.

Іс-шара аясында Назарбаев Университеті мен GX Foundation арасындағы 2025 жылғы қарашада қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру мәселелері де қаралды. Құжат кәсіби тәжірибе алмасу, бірлескен іс-шаралар, тағылымдамалар және ғылыми зерттеулер жүргізуге негіз болады.