Салық жүйесі автоматтандырылады. Digital Qazaqstan аясында салықты автоматты есептеу, есептілікті алдын ала толтыру және бюджет қаражатын төлем жасалған сәтте бақылау тетіктерін енгізу көзделіп отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл міндеттер Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланғаны туралы Қазақстан Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады.
Салықты мемлекет өзі есептеуі тиіс
Digital Qazaqstan стратегиясындағы азаматтар мен бизнеске тікелей әсер ететін бағыттардың бірі — салықтық әкімшілендіруді өзгерту.
Үкіметтің көзқарасы бойынша, мемлекетте азаматтар мен компаниялар туралы қажетті деректердің едәуір бөлігі қазірдің өзінде бар. Сондықтан салық жүйесі сол ақпаратты қайта-қайта сұратпай, барынша сервистік форматқа көшуі керек.
Жаңа модельде:
- салықтар автоматты түрде есептелуі;
- есептілік алдын ала толтырылуы;
- бақылау нақты тәуекелдерге шоғырлануы;
- мемлекеттік деректер мен тәуекел модельдері негізінде бірқатар шешім автоматты қабылдануы тиіс.
Қаржы министрлігіне екі ай ішінде автоматты шешім қабылдауға болатын басым бюджеттік, салықтық және бақылау процестерін анықтап, оларды іс жүзінде енгізуге кірісу тапсырылды.
Цифрлық теңге бюджет қаражатын бақылауға көмектеседі
Қаржы саласында бұзушылықты ақша жұмсалып болғаннан кейін анықтау тәсілінен бас тарту көзделіп отыр.
Бюджеттік жоспарлау, қазынашылық атқару, мемлекеттік активтерді басқару және аудит бірыңғай цифрлық жүйеге біріктірілуі тиіс.
Цифрлық теңге осы жүйенің құралдарының біріне айналады.
Оның көмегімен:
- бюджет қаражатының қозғалысын толық қадағалау;
- смарт-келісімшарттарды пайдалану;
- қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау;
- төлем жасалған сәтте бақылау жүргізу көзделіп отыр.
Яғни негізгі өзгеріс постфактум тексеруден операция жасалып жатқан кездегі цифрлық бақылауға көшуді білдіреді.
12 кен орнында цифрлық телнұсқа іске қосылады
Digital Qazaqstan мұнай-газ секторына да нақты міндет қойып отыр.
Жасанды интеллект пен кен орындарының цифрлық телнұсқалары өндірістік процестерді басқарудың негізгі стандартына айналуы тиіс.
Энергетика министрлігіне «Самұрық-Қазына» және «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп бұл технологияларды өндірістік активтерге кеңінен енгізу тапсырылды.
Нақты мерзім де белгіленді: 2028 жылдың соңына дейін 12 негізгі кен орнында цифрлық телнұсқалар толық іске қосылуы керек.
Энергетика саласындағы негізгі нысандар мен ақпараттық жүйелер де бірыңғай цифрлық контурға біріктіріліп, деректер Energy Command Center жүйесіне шығарылуы тиіс.
2026 жылдың соңына дейін негізгі нысандарға цифрлық түгендеу жүргізіліп, салалық деректердің құрамы, сапасы және берілуіне ортақ талаптар белгіленуі керек.
Өнеркәсіптің деректері Data Lake жүйесіне жиналады
Өнеркәсіп саласында негізгі өндірістік ақпаратты бірыңғай Data Lake жүйесіне біріктіру жоспарланып отыр.
Бұл жасанды интеллектіні кәсіпорындарға кеңінен енгізудің технологиялық базасына айналуы тиіс.
Үкімет цифрландырудан нақты экономикалық нәтиже күтеді:
- еңбек өнімділігін арттыру;
- өндірістік шығындарды азайту;
- процестерді тиімді басқару;
- кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту.
Сонымен бірге отандық цифрлық технологияларға ішкі сұраныс қалыптастыру міндеті қойылды.
Өнеркәсіп министрлігі екі ай ішінде қазақстандық цифрлық шешімдер бірінші кезекте енгізілетін кәсіпорындар мен технологиялық процестерді анықтауы керек.
Мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға отандық роботты техника мен пилотсыз шешімдерге ұзақмерзімді сұраныс қалыптастыру міндеті де жүктелді.
Ауыл шаруашылығы деректер арқылы басқарылмақ
АӨК-те әртүрлі ақпараттық жүйелер мен деректерді бір экожүйеге біріктіру көзделген.
Жаңа ұлттық цифрлық жүйе:
- жердің жай-күйі;
- ауыл шаруашылығы өндірісі;
- шаруашылықтардың цифрлық профилі;
- мемлекеттік қолдау;
- өнімді өткізу туралы деректерді байланыстыруы тиіс.
Мақсат — саланы әркелкі әкімшілендіруден деректер негізінде басқаруға көшіру.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір ай ішінде цифрлық профильдегі ақпарат негізінде проактивті форматқа бірінші болып көшірілетін мемлекеттік қолдау шараларын анықтау тапсырылды.
Қалалардағы көлік нақты уақытта басқарылмақ
Digital Qazaqstan көлік жүйесіне де жаңа модель ұсынады.
Көлік министрлігі ұлттық ауқымдағы бірыңғай цифрлық көлік жүйесін құруы қажет.
Ол:
- көлік активтерін толық есепке алуға;
- қозғалысты нақты уақытта басқаруға;
- жүктемені алдын ала болжауға;
- ықтимал тәуекелдерді анықтауға мүмкіндік беруі тиіс.
Көлік министрлігі мен әкімдіктерге екі ай ішінде ірі қалалардағы көлік ең көп жүретін учаскелерді анықтау тапсырылды.
Сол жерлерде қозғалыс легін интеллектуалды басқару пилоттық режимде сыналады. Нәтижесі тиімді болған технологиялар кейін басқа учаскелерге таратылмақ.
«Қазақстан темір жолы» бір ай ішінде тасымалдар туралы деректерді бірыңғай деректер қоймасына беруді аяқтауы керек.
ҚТЖ-ға тасымалды басқаруда отандық технологияларға кезең-кезеңімен көшу міндеті де қойылды.
Мемлекеттік қызметтер азаматтан өтініш күтпеуі керек
Үкімет мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың келесі кезеңін проактивті модельмен байланыстырып отыр.
Қазір көптеген қызметті онлайн режимде алуға болады. Ендігі мақсат — азаматтың мемлекетке бірнеше рет өтініш беріп, бір деректі қайта ұсынуына қажеттілікті азайту.
«Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің ықпалымен экономиканың барлық саласында және жалпы адам өмірінде түбегейлі өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Сондықтан жаңа технологиялар мен сервистер озық қарқынмен дамуы тиіс. Digital Qazaqstan стратегиясын біз айтарлықтай цифрлық базамен жүзеге асыруға кірістік. Ел аумағын интернетпен қамту деңгейі жоғары болды, электрондық қызметтер мен сервистер кеңінен қолданылып жатыр. Осының барлығы енді жекелеген процестерді цифрландыру кезеңінен мемлекетті дамытудың жаппай цифрлық моделінің бірыңғай жүйесіне көшуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Премьер-министр.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне осы жұмысты жеделдету және цифрлық қызметтердің өзінде артық бюрократияның пайда болуына жол бермеу тапсырылды.
Бірдей мемлекеттік IT-жобалар бірнеше рет қаржыланбайды
Үкімет мемлекеттік органдардың цифрлық және жасанды интеллект жобаларын да қайта қарамақ.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне екі ай ішінде жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобаларға ревизия жүргізу тапсырылды.
Мақсат — бірін-бірі қайталайтын шешімдерді анықтап, оларды бірыңғай архитектура мен ортақ мемлекеттік платформаларға біріктіру.
«Стратегияны жүзеге асыру үшін айтарлықтай қаржылық және технологиялық ресурстар қажет. Бұл ретте олардың көптеген шашыраңқы бастамаларға тиімсіз бөлінуіне жол бермеу керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жыл соңына дейін Жасанды интеллект министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп цифрлық жобаларға басымдық беруі тиіс.
Жаңа бюджеттік өтінімдер Digital Qazaqstan архитектурасына сәйкестігімен қатар, күтілетін экономикалық әсері бойынша да бағаланатын болады.
Нәтиже жоба санымен емес, көрсеткішпен өлшенеді
Digital Qazaqstan мемлекеттік жоспарлау жүйесіне тікелей енгізілмек.
«Digital Qazaqstan стратегиясы мемлекеттік жоспарлау жүйесімен нақты байланысты болуға тиіс. Жасанды интеллект министрлігі Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін стратегияның нысаналы индикаторларын мемлекеттік органдардың, өңірлердің және квазимемлекеттік сектор ұйымдарының барлық даму жоспарларына жіктеп енгізсін. Стратегияны жүзеге асыру іске қосылған жобалардың саны бойынша емес, белгіленген көрсеткіштердің нақты орындалуына қарай бағалануы қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Стратегияның әр бағыты бойынша нақты жобалар, көрсеткіштер, мерзімдер және жауапты орындаушылар бекітілген. Бірінші басшылар нәтижеге тікелей жауап береді.
Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жүктелді.
Осылайша, Digital Qazaqstan жекелеген мемлекеттік қызметтерді онлайнға көшірумен шектелмейді. Негізгі өзгеріс — салықты автоматты есептеуден және бюджет қаражатын төлем сәтінде бақылаудан бастап, 12 кен орнының цифрлық телнұсқалары мен қалалық көлікті нақты уақытта басқаруға дейінгі процестерді бір деректер архитектурасына көшіру.
Бұған дейін біз Қазақстанның жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды экономиканың негізгі салаларына енгізу бағыты туралы жазған едік.