Бас жүлде бүлдіршіндерге бұйырды. Астана қаласындағы №56 «Береке» балабақшасының «Қошақан» мектепалды тобы «Х Абай оқулары» мерейтойлық әдеби байқауында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығында өткен байқауға еліміздің әр өңірінен 217 адам қатысты. Ең кішкентай қатысушы — үш жаста.

Абай мұрасын балалар да, ересектер де дәріптеді
Он жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан байқау Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған. Биыл оған балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, түрлі ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да ақын мұрасына қызығушылығын танытты. Қатысушылар өлең оқу мәнерімен қатар шығармашылық ізденісі және жаңашыл жобалық жұмыстарымен ерекшеленді.
Байқауды Президент Іс басқармасына қарасты бірқатар ұйымның ұжымы қолдады:
- «Қарлығаш» балабақшасы;
- Медициналық орталықтың «Ұлттық госпиталі»;
- «Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы»;
- Қазақстан Республикасы Құрылтайының қызметін шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің автошаруашылығы;
- Президент Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы;
- Президент Іс басқармасының автошаруашылығы.
Мектеп оқушылары арасында кімдер жеңді?
Бірінші орынды Шымкент қаласындағы М. Х. Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназияның 10-сынып оқушысы Сүлеймен Аспандияр иеленді.
Екінші орынды екі қатысушы бөлісті:
- Тельман Нұриман — Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Қарасу жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы;
- Сүлеймен Адия — Шымкенттегі М. Х. Дулати атындағы №8 гимназияның 7-сынып оқушысы.
Үшінші орынға:
- Рабай Аяулым — Н. Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 8-сынып оқушысы;
- Нохат Алина — Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушысы ие болды.
Ересектер арасындағы жеңімпаздар
Ересектер арасында бірінші орын Президент Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясының қызметкері Зұлхарнаев Асқарға бұйырды.
Екінші орынды Қарағанды индустриалдық университетінің студенті Сайдуллақызы Жасмина алды.
Үшінші орынды Қазақстан Республикасы Құрылтайының қызметін шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің автошаруашылығы ұйымдық құрылымының қызметкерлері иеленді.
Арнайы номинациялар кімдерге берілді?
Байқауда негізгі жүлделерден бөлек, көркем сөзге құштарлығы, орындау ерекшелігі және ізденісімен көзге түскен қатысушылар марапатталды.

Арнайы номинация иегерлері:
- Жандосқызы Айсәуле, Астанадағы №56 «Береке» балабақшасының «Қошақан» тобының тәрбиеленушісі — «Жарық жұлдыз»;
- Мұхтар Хақназар, «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиеленушісі — «Ең кішкентай қатысушы»;
- Мыңайдар Ахмет, «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиеленушісі — «Дарынды бала»;
- Қалдыбек Мансұр, «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиеленушісі — «Ең талапты қатысушы»;
- Несина София, Қостанай облысындағы №1 Ұзынкөл жалпы білім беретін мектебінің 6-сынып оқушысы — «Ең талапты қатысушы»;
- Семейдегі №6 мектеп-гимназияның 10 «А» сынып оқушылары — «Ізденімпаздығы үшін»;
- Осетрова Алина, Қостанай облысы Алтынсарин ауданындағы Докучаев жалпы білім беретін мектебінің оқушысы — «Көркем сөзге ынтасы үшін»;
- Жұмағали Нұрбек, Оралдағы С. Сейфуллин атындағы №11 мектеп-лицей-интернаттың 11-сынып оқушысы — «Ерекше образы үшін»;
- Теміртаев Нұрдәулет, осы мектептің 6-сынып оқушысы — «Мәнерлі дауыс иесі»;
- Тілекқызы Кәусар, 9-сынып оқушысы, және Серікжан Айзере, 11-сынып оқушысы, Семейдегі №3 арнайы мектеп-интернат — «Өнерге құштарлығы үшін»;
- Казиев Темирлан, Оралдағы №2 облыстық арнайы мектеп-интернаттың 10-сынып оқушысы — «Өнер сөздің патшасы»;
- Шапауова Саулеш Аштайқызы, қазақ тілі педагогі, және Тұрлыбекова Марал Әділбекқызы, Астанадағы «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиешісі — «Ұстаздық еткен жалықпас».
Марапатталған қатысушылар қатарында Медициналық орталықтың «Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы» АҚ ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі маманы Абжами Қуатжан да аталды.

«Даналық сөздерді кейінгі ұрпаққа жеткізу — ортақ парызымыз»
Президент Іс басқармасы Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы, Президенттік орталық директорының кеңесшісі Серік Сыдықов Абай шығармаларының бүгінгі қоғам үшін де маңызды екенін айтты.

«Абай мен оның шығармашылығы қазіргі жаһанданған әлемде де өзінің өзектілігін жоғалтпайды. Біз қазір де көптеген сұрақтардың жауабын оның шығармаларынан табамыз. Абайдың шығармашылық әрі зияткерлік мұрасын жан-жақты насихаттау қашанда маңызды. Әр сөзімен ұлттың санасын өсіруді көздеген кемеңгер тұлғалардың даналық сөздерін кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің ортақ парызымыз».
Мерейтойлық байқау Абай шығармашылығына қызығушылықтың әр буынды біріктіретінін көрсетті. Ал мектепалды топтың бас жүлдені алуы әдеби мұрамен танысу балабақшадан басталатынын айқындайды.

Байқаудың бұрынғы жеңімпаздары мен шығармашылық бағыттары туралы VIII «Абай оқуларының» қорытындысына арналған жарияланымымызда жазып, әдеби дәстүрдің жалғасуына тоқталған едік.