Өскеменде 5518 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері қыркүйек айында Потанин көшесін патрульдеу кезінде қаладағы тұрғын үйлердің бірінің ауласынан алпысқа жуық күмәнді орама тауып алды. Олардың ішінде ұнтақ тәрізді белгісіз зат болған. Қырағылық үлгісін танытқан сарбаздың бірі қатардағы жауынгер Давид Хасенов болды. Мерзімді әскери қызметшімен аз-кем сөз өрбітіп, жауынгерлік қызметі жайында сұхбат алдық.
Әскери жасақ құдды құзар биіктен қиырды шалған қырандай қырағы. Қашықта бұлдыраңдаған жемтігін қылт еткен қимылынан тани қоятын жыртқыш құстай күдікті атаулыға деген сезік шапшаң оянады. Өйткені, бүгінгі жасақ он ай ішінде ысылып, Отан алдындағы парызын абыроймен өтеп жүрген мерзімді әскери қызметшілер. Олардың бірі әскер қатарына Жамбыл облысы Шу ауданы Төле би ауылынан шақыртылған Давид Хасенов.
- Соңғы уақытта қоғамда синтетикалық есірткіні тасымалдайтындар өршіп барады. Алайда есірткіні көше қуыстарына жасырушыларды суық жүрісінен тану қиынға соғады. Біздің мақсат тұрғындардың бейбіт өміріне қауіп туғызбау. Сондықтан күнделікті әскери міндетімді орындау барысында әкімшілік құқық бұзған, қылмысқа қатысы бар күдіктілерді ұстауда барымызды саламыз. Өткенде танытқан қырағылық үлгісі қаланың орталық көшелерінің бірінде орын алды. Бес қабатты үйдің ауласында бой көтерген тоғайлардың қуысынан есірткі тауып алдық. Яғни, ит мұрны кірмейтін жыңғыл орман болмаса да, төменге біткен бұтақтары киіміңді жыртып кететін өткір болғандықтан ол тоғайдың арасымен көп адам жүре бермейді. Міне, біз көп адам жүрмейтін жалғызаяқ жолдардың ізін кесеміз. Нәтижесінде осындай «олжаға» кенелдік. Жауынгерлік қызметке кіріспес бұрын, саптық алаңда бұйрық беріліп, із-түссіз жоғалғандар мен іздеуде жүрген қылмыскерлер туралы ақпарат айтылады, - дейді қатардағы Давид Хасенов.
Айталық, тамыз айында әскери бөлімінің жауынгерлерімен және полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, ішкі істер органдарына түрлі құқық бұзғаны үшін жүзге жуық адамды жеткізілген. Қатардағы жауынгер Давид Хасеновтің де бұл бағытта атқарған жұмысы жетерлік. Кезекшілік барысында әскери жасақ рациясына тойтерьер тұқымды иттің ұрланғаны туралы жедел хабар келіп түседі. Оқиға болған аумақты жіті бақылауға алған әскери жасақ үштігінің ішінде ит ұрлаған күдікті Давид Хасеновтің назарына бірінші ілігеді.
- Ит ұрланған мекен-жайға дереу жеттік. Алайда үй ауласында ешкім күдікке ілінбеді. Дереу үй қапталындағы кісі нөпіріне толы көшеге қарай тартып қойдық. Біздің бұл шешіміз бұрыс болмапты. Адамдар легіндегі бір азамат маған күдікті көрінді. Күртешесінен ішінде жыбырлап жатқан тірі жанның қозғалысын аңғардым. Күдікті қолтығына қыса түскенімен, тірі жан бұлқынып, қыспаққа алушыға бағынатын емес. Мен бірден күртеше ішінде үй хайуанаты жасырынғанын біліп, әскери жасақпен күдіктіге қарай беттедім. Жалма-жан маңайын шолып қараған ит ұрлаушы бізді байқасымен жүріс бағытын кері қарай өзгертіп, қаша жөнелді. Алайда, ол әскери бөлімде ұрыс тәсілдерді жетік меңгеріп, үнемі физикалық дайындықта жүретін сарбаздардан айласын асырып кете алмады, - дейді қатардағы жауынгер.
Осылайша, Ұлттық ұлан әскері-нің тікелей атсалысуымен қылмыстың ізін-суытпай ашылып, ұсталған азамат Үлбі аудандық полициясына жеткізілді. Күдікті өз кінәсін толықтай мойындаса, ал тойтерьердің иесі ұландықтарға ризашылығын білдірді.
Жаяу жасақ құрамындағы сарбаздардың жекпе-жек ұрыс тәсілдерді жетік меңгеру деңгейлері әрдайым тексеріледі. Себебі, қызмет барысында тәртіп бұзушы қарсылық білдіріп, қол көтерген жағдайда тойтарыс беру қажет. Мерзімді әскери қызметші әсіресе, сауда орындарында сатушы мен сатып алушы арасында туындаған байбалам жұдырық алмасуға дейін жететінін жасырмады.
- Мен барлығы мамыражай күйде күн кешетін шағын ауыл баласымын. Қаладағы қарбалас өмір адамдарды ашушаң қылдырып жібергендей. Кейде оқиға орынына барып, келіспеушіліктің мән-жайын анықтағанда таң қаласың. Болмашы кезек үшін жаға жыртысуға барғандарға да куә болдым. Жалпы, адам болмысы жетіле келе тұлға ретінде қалыптасса мұндай оқиғалар болмас еді, - деп өз ойын ортаға салды қатардағы жауынгер.

Бүгін, міне, Давид тағы да жауынгерлік қызметке кірісті. Қазан айы басталысымен Өскемен аспаны жаңбырлы. Дегенмен, мұндай күн райы жауынгерлерге қолайсыздық тудыра қоймайды. Шығыстың сарышұнақ шыңылтыр аязының жанында күздің салқын жаңбыр сөз болып па, тәйірі?! Ұлттық ұлан сарбаздары ешқандай кедергіге қарамай, өздеріне жүктелген тапсырманы абыроймен атқаруы тиіс.
Өскемендіктер жауынгерлерді қоғамдық тәртіпті күзететін елдің ішкі қорғаны ғана емес, қамқоршысы деп те таниды. Өйткені, талай ашылған қылмыстар мен құрықталған тәртіп бұзушылар соның бірден бір дәлелі. Содан болар, кейде тұрғындар көшедегі қызметте жүрген жасаққа өздері келіп, алғыстарын білдіріп жатады. Әсіресе, қамкөңіл қарттар сарбаздарды өз баласындай көреді.
- Жасыратыны жоқ, кей кезде иығына асқан ауыр жүгін көтере алмай жатқан қариялар қауымына да қол ұшын беретініміз рас. Біздің де анамыз, әжелеріміз бар. Кей кезде мүгедек арбасына таңылған баласын трамвай жолынан өткізе алмай, әбігерге түскен ананы көзің шалады. Мұндай да бей-жай қарап тұру азаматтық болмысымызға қонбаған. Жалпы, жолыққан тұста жақсылығымызды аямауға тырысамыз, - дейді сарбаз.
Давид азаматтық борышымды атқарғаннан кейін елім үшін жасаған жауынгерлік қызметімді әрқашан мақтан тұтып жүремін дейді. Бүгін міне, тағы да қала көшелерін торауылдау үшін алдымен жауынгерлік міндеттері мен әскери жарғыларын, сонымен қатар ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексін тағы бір қайталап, қоғаммен жұмыс жасаудағы ескеретін маңызды тұстарына баса мән беруге тырысады.
Сайдың тасындай сарбаздар сан түрлі жағдайға сақадай сай дайын. Сырықтай ұландықтар қала көшесін бетке алып бара жатыр. Олардың бойларындағы жауынгерлік қайтпас да қайсар рухтың артында Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі менмұндалап тұрғандай. Отанын сүйген азамат қана ел болашағының дамуына өзіндік кірпіші болып қаланары анық.
Лейтенант Рүстем Мұхамет-Рақым