Болашақ офицерлер кітапты бірге талқылайды. Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында екінші және үшінші курс курсанттарына арналған клуб ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, клубқа 200-ден астам курсант өз еркімен қосылған. Кездесулер апта сайын блогер әрі кітап оқуды насихаттаушы Данияр Жігітбектің қатысуымен өтеді.
Курсанттар кейіпкерлердің шешімін талқылайды
Клубта классикалық шығармалар мен заманауи кітаптарды оқу жоспарланған. Курсанттар оқығанын талдап, пікір алмасады және жылдам оқу әдістерін меңгереді.
Талқылауда жауапкершілік, көшбасшылық, патриотизм және адамгершілік таңдау тақырыптарына назар аударылады. Шығарма кейіпкерлерінің әрекетін әр қырынан қарастыру болашақ командирлерге өз ұстанымын дәлелдеуге және өзгенің пікірін тыңдауға жаттығуға мүмкіндік береді.

Мирас Бисембаев 50-ден астам кітап оқыған
Үшінші курс курсанты Мирас Бисембаев тарихи шығармалар мен фэнтезиге қызығатынын айтты. Ол кітап оқу клубына қуана жазылған.
«Мен кітап оқығанды өте жақсы көремін, әсіресе тарихи шығармалар мен фэнтези жанры қызықтырады. Осы уақытқа дейін елуден астам кітап оқыдым. Атап айтсам, олардың қатарында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» және Бауыржан Момышұлының барлық шығармалары бар. Сондықтан кітап оқу клубына қуана жазылдым. Институтымызда кәсіби дайындыққа ғана емес, біздің қызығушылықтарымызға да көңіл бөлініп, дүниетанымымызды кеңейтуге және жан-жақты дамуға мүмкіндік беріліп жатқаны қуантады», — деді Мирас Бисембаев.

Клуб Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқу мәдениетін дамыту бастамасы мен «Оқитын ұлт» жобасын қолдау үшін құрылған. Институт әдеби шығармаларды тұрақты талқылауды болашақ офицерлер даярлығының бір бөлігіне айналдыруды жоспарлап отыр.
Бұған дейін біз Қазақстандағы мерзімді әскери қызметшілердің кітап оқу талабы туралы жазған едік: олардың әрқайсысы қызмет барысында кемінде бес кітап оқуы тиіс.