Талғар бөгетін бақылау автоматтандырылды. Жеті түрлі 31 датчик пен екі бейнекамера бөгет пен іргелес тау бөктеріндегі өзгерістерді тәулік бойы тіркеп, мамандарға ықтимал тәуекелдерді бағалауға көмектеседі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, пилоттық жоба «BEIDOU KAZAKHSTAN» ЖШС қатысуымен іске асырылған. Сонымен бірге Алматы облысының Талғар шатқалындағы «Қазселденқорғау» диспетчерлік пункті жаңартылып, AIR 112 авиациясына арналған тікұшақ алаңы салынды.
Датчиктер топырақтың жылжуы мен дірілді тіркейді
Автоматтандырылған жүйе селұстағыш бөгет пен тау бөктерінің жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылайды. Жабдықтар бірнеше көрсеткішті өлшейді:
- топырақтың жылжуын;
- еңістігін;
- дірілді;
- ылғалдылықты және басқа да параметрлерді.
Осы деректер мамандарға өзгерістерді уақтылы анықтап, олардың ықтимал қаупін бағалауға мүмкіндік береді. Жүйе Талғар өзені бассейніндегі гидрометеорологиялық жағдайды бақылайтын диспетчерлердің жұмысын үздіксіз өлшеулермен толықтырады.

Бөгеттің техникалық жай-күйі мен тұрақтылығы бөлек зерттеліп жатыр. Кешенді зерттеуді «Танс Инжиниринг» компаниясы жүргізуде.
AIR 112 үшін жаңа тікұшақ алаңы салынды
Жаңа алаң таулы жерлердегі төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге арналған. Ол диспетчерлік пунктті жаңғырту аясында салынған.
2005 жылы бой көтерген ғимараттың шатыры, инженерлік желілері мен жылыту жүйесі ауыстырылды. Қасбеті мен ішкі бөлмелері де жаңартылды.

Қызметкерлер үшін жұмыс кабинеттері, келіссөздер бөлмесі, ас үй және душы бар санитариялық тораптар жабдықталды. Сондай-ақ терраса мен бақылау алаңы жасалды.
Іргелес аумаққа шыршалар отырғызылып, Қазақстанның таулы табиғатын бейнелейтін қар барысының мүсіні орнатылды.
Нысанды жаңғыртуға 11 меценат қолдау көрсетті
Жұмыстарға түрлі бағытта көмек көрсеткен 11 меценат қатысты. Жаңартылған нысанға барған Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов оларды медальдармен және алғыс хаттармен марапаттады.

Сапар барысында «Қазселденқорғау» қызметкерлерінің біріне қызметтік пәтердің кілті табысталды.
Сел қаупі бар учаскелерде тұрғындар мен келушілерге арналған ақпараттық белгілер де орнатылған. Қауіп төнгенде қалай әрекет ету керектігі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде көрсетілген.

Бұған дейін Талғар өзені бассейнінде төрт автоматтандырылған бақылау станциясы іске қосылғаны туралы жазған едік.