Мемлекеттік қызмет — тек аздаған таңдаулылар шоғырланған тұйық кеңістік емес, керісінше, прогрессивті көзқарасы бар өршіл жастарға жол ашатын серпінді сала. Мемлекеттік аппарат тарапынан жасалып жатқан жүйелі реформалар нәтижесінде терең білімді әлі креативті жас буын өзінің туған өлкесін гүлдендіруге белсене араласуға мүмкіндік алды. Өңірлерді дамытудың ең жауапты тоғысында жемісті еңбек етіп, артқан үмітті сәтті ақтап жүрген жас мамандардың нақты нәтижелері — осы дара кадрлық стратегияның өміршеңдігін айқын дәлелдейді.
Мәселен, мемлекеттік аппаратың кәсіби әлеуетін арттыру мақсатында қолданыстағы заңнама аясында «Б» корпусының кейбір әкімшілік лауазымдарына конкурссыз тікелей тағайындау механизмі қарастырылған. Осы нормаға сәйкес, жоғары оқу орнын үздік тамамдаған (GPA кемінде 3,33) жас мамандар оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігіне ие. Егер 2023 жылы қабылданған бұл реформа бастапқыда тек мемлекеттік тапсырыспен оқыған жастарды қамтыса, 2026 жылғы заңнаманың соны редакциясы ақылы негізде білім алған дарынды түлектерге де осы мүмкіндіктің есігін айқара ашты.
Аталған құқықтық норма іске қосылған сәттен бастап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті тарапынан 73 жас маманды конкурстан тыс тағайындауға келісім берілді:
- 2023 жыл — 12 түлек;
- 2024 жыл — 13 түлек;
- 2025 жыл — 10 түлек;
- 2026 жыл — 38 түлек.
Статистикалық деректер аталған тетіктің өңірде біртіндеп кеңінен қолданысқа еніп, жастардың мемлекеттік қызметке келуіне ықпал етіп отырғанын көрсетеді. Әсіресе, 2026 жылы келісілген түлектер санының 38-ге жетуі заңнаманың жаңа редакциясымен енгізілген өзгерістің осы бағыттағы жұмыстың жандануына елеулі ықпал еткенін аңғартады.
Келісім берілген түлектер еліміздің бірқатар жетекші жоғары оқу орындарында білім алған. Олардың қатарында:
- С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті — 31 түлек;
- Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті — 10 түлек;
- Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті — 9 түлек;
- Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті — 7 түлек;
- Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті — 2 түлек;
- Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті — 2 түлек;
- Астана халықаралық университеті — 2 түлек;
- М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті — 2 түлек;
- Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті — 1 түлек;
- М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті — 1 түлек;
- Есіл университеті — 1 түлек;
- Нархоз университеті — 1 түлек;
- Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті — 1 түлек;
- Қ.И. Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті — 1 түлек;
- Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті — 1 түлек;
- Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті — 1 түлек.

Келісілген кандидаттардың 45-і жергілікті атқарушы органдарға, оның ішінде 15-і ауылдық елді мекендерге, ал 28-і орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріне орналасу үшін келісілген. Бүгінгі күні олардың 63-і тиісті лауазымдарға тағайындалып, қызметтерін абыроймен атқаруда. Қалған түлектерді тағайындау жұмыстары жүргізілуде.
Жас мамандарды конкурстан тыс тағайындау тетігі мемлекеттік аппаратты жаңа буын кадрларымен толықтырумен қатар, аудандық және ауылдық деңгейлердегі кадрлық әлеуетті нығайтуға, жергілікті жерлердегі мамандар тапшылығын азайтуға және жастардың мемлекеттік басқару ісіне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Жас мамандар үшін бұл — кәсіби қабілетін шыңдап, азаматтардың игілігі үшін еңбек етуге, туған өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға және ел болашағы үшін жауапкершілік алуға берілген маңызды мүмкіндік.
Жазира Сейтмағанбетова, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы