Сайлауға қатысу 425 мың теңгеге түсуі мүмкін. Мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін белгіленген сайлау жарнасының мөлшері осындай. Алайда сайлауда жеңіске жетпеген үміткерлердің де бұл ақшаны қайтарып алуға мүмкіндігі бар, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сайлау жарнасын төлеу және қайтару тәртібін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова ОСК отырысында түсіндірді. Бұл талаптар бірмандатты округтер бойынша сайлауға түсетін кандидаттарға да, партиялық тізіммен қатысатын саяси партияларға да қатысты.
425 мың теңгені кім төлеуге міндетті?
Аралас сайлау жүйесі бойынша мәслихат депутаттығына саяси партиялар ұсынған азаматтармен қатар, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен өзін-өзі ұсынған кандидаттар да қатыса алады.
Бірақ кандидат ретінде ресми тіркелу үшін заңда белгіленген талаптарды орындау қажет. Соның бірі – сайлау жарнасын төлеу.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 104-бабына сәйкес, жарна мөлшері ең төменгі жалақының бес еселенген көлеміне тең.
Ең төменгі жалақы 85 мың теңге болған жағдайда, сайлау жарнасы 425 мың теңгені құрайды.
Өзін-өзі ұсынған кандидаттар белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін, бірақ тіркеуден өтпей тұрып, бұл соманы жергілікті атқарушы органдардың шотына аударуы тиіс.
Ал саяси партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір кандидат үшін осындай мөлшерде жарна төлейді. Қаражат партияның өз есебінен аударылады.
Мәселен, партиялық тізімге 10 адам енгізілсе, жеңілдіктерді есептемегенде жалпы төлем 4 миллион 250 мың теңгеге жетеді.
Сайлауда жеңілсе де, ақшасын қайтарып алуға болады
Депутат болып сайланбаған кандидаттың жарнасы міндетті түрде мемлекетке өтеді деген сөз емес.
Заң бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың кемінде 5 пайызының қолдауына ие болған кандидат жарнасын қайтарып ала алады.
Депутаттық мандатқа қол жеткізген үміткерге де қаражат толық қайтарылады. Сонымен қатар кандидат қайтыс болған жағдайда да жарнаны қайтару қарастырылған.
ОСК мүшесі Әсел Жанәбілова бұл тәртіпті былай түсіндірді:
«Сайлау қорытындысы бойынша саяси партия дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың кемінде 5 пайызының дауысын жинаса, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда сайлау жарнасы партияға қайтарылады. Кандидат мәслихат депутаты болып сайланса немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың кемінде 5 пайызының дауысын алса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда жарна қайтарылады. Қалған барлық жағдайда төленген сайлау жарнасы қайтарылмайды және республикалық бюджеттің кірісіне аударылады», – деп түсіндірді Әсел Жанәбілова.
Бұл – орыс тіліндегі мәлімдеменің қазақша аудармасы.
Демек, өзін-өзі ұсынған кандидат депутат бола алмаса және сайлаушылардың 5 пайызынан аз дауысын жинаса, төлеген 425 мың теңгесінен айырылады.
Мұндағы 5 пайыз округ тұрғындарының жалпы санынан емес, нақты дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың санынан есептеледі.
Кейбір партиялар сайлау жарнасынан толық босатылады
Саяси партияларға қатысты талап өзгеше. Олар үшін жарна мөлшері алдыңғы мәслихат сайлауында жинаған дауыс санына байланысты белгіленеді.
Бұрынғы сайлауда жеткілікті қолдау тапқан партиялар келесі сайлауға қатысу үшін аз төлейді немесе жарнадан толық босатылады.
Бір кандидатқа белгіленген 425 мың теңгелік жарнаны негізге алғанда, төлем мөлшері мынадай:
|
Алдыңғы сайлауда жинаған дауыс үлесі |
Бір кандидат үшін жарна |
|---|---|
|
5% және одан жоғары |
0 теңге |
|
3%-дан 5%-ға дейін |
212 500 теңге (50%) |
|
1%-дан 3%-ға дейін |
297 500 теңге (70%) |
|
Жеңілдік қарастырылмаған жағдайда |
425 000 теңге (100%) |
Жеңілдіктер тиісті аумақтық сайлау округіндегі алдыңғы сайлау нәтижелеріне қарай қолданылады.
Мұндай тәртіп бұрыннан сайлаушылар қолдауына ие партиялардың қаржылық шығынын азайтады. Ал жеңілдікке құқығы жоқ партиялар жарнаны толық көлемде төлеуге тиіс.
Мысалы, тізімінде 10 кандидаты бар партия үшін төлем 4 миллион 250 мың теңгені құрауы мүмкін. Ал 50 пайыздық жеңілдік қолданылса, бұл сома 2 миллион 125 мың теңгеге дейін төмендейді.
Жарнадан толық босатылған партияға мұндай шығын жұмсаудың қажеті жоқ.
Қайтарылмаған жарна республикалық бюджетке түседі
Сайлау жарнасы кез келген жағдайда қайтарылатын кепілдік төлем емес.
Егер кандидат немесе саяси партия заңда белгіленген шарттарды орындай алмаса, төленген ақша республикалық бюджеттің кірісіне аударылады.
Бұл талап «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 104-бабында көзделген.
Әсел Жанәбілованың айтуынша, мұндай норма сайлау процесіне қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Дегенмен партиялар мен өзін-өзі ұсынған кандидаттардың бастапқы қаржылық жағдайы бірдей емес. Саяси партиялар алдыңғы сайлау нәтижесіне қарай жеңілдік ала алады, ал өзін-өзі ұсынған үміткерлер үшін жарнаның бірыңғай мөлшері белгіленген.
Өзін-өзі ұсынған кандидат үшін басты шарт нақты: тіркелгенге дейін 425 мың теңге төлеуі керек. Ал бұл ақшаны қайтарып алу үшін депутат болып сайлануы немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың кемінде 5 пайызының қолдауына ие болуы қажет.
Бұған дейін біз Қазақстандағы мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және кезектен тыс сайлау өткізу мәселесі туралы жазған едік.