Ұлттық ұланда алғаш рет кинолог қыз қызметке кірісті. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде қызмет ететін қатардағы Аружан Жүнісова ведомство тарихындағы алғашқы әйел кинолог атанды. Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдегендей, ол қазір орыс аңшы спаниелі тұқымындағы қызметтік итті есірткі заттарын іздеуге үйретіп жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл бастаманың тағы бір ерекшелігі бар. Ұлттық ұланда орыс аңшы спаниелі тұқымындағы ит алғаш рет осындай арнайы дайындықтан өтуде. Осылайша, Аружан Жүнісова кинология қызметіндегі екі жаңа бағыттың басы-қасында жүр.
Бала күнгі қызығушылық әскери мамандыққа ұласты
Аружан Жүнісова жануарларды бала кезінен жақсы көреді. Ол көшеде қараусыз қалған иттер мен мысықтарды үйіне әкеліп, оларға қамқорлық жасайтын.

Мектептен кейін Алматыдағы медициналық колледжді тәмамдады. Кейін өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында екі жыл жұмыс істеді.
Дегенмен әскери қызметке деген қызығушылығы басылған жоқ. Ұлттық ұланға әйел кинологтарды қабылдау басталғанын естіген Аружан мамандығын өзгертіп, көптен бергі арманын жүзеге асыруға шешім қабылдады.

Үш айлық Чарли есірткі іздеуге үйретіліп жатыр
Бүгінде жас кинологтың басты серігі – Чарли есімді үш айлық орыс аңшы спаниелі. Аружан оны күн сайын тамақтандырып, денсаулығын бақылап, арнайы жаттығулар өткізеді.
Қызметтік итті даярлаудың негізгі мақсаты – есірткі заттарын іздеуге қажетті дағдыларды қалыптастыру. Чарли әзірге дайындық кезеңінде, сондықтан оны толық даярланған іздестіру иті деп айтуға ерте.
Аружанның айтуынша, спаниель тұқымының шағын дене бітімі мен ширақ қимылы тар кеңістіктерді тексеру кезінде артықшылық береді. Мұндай ерекшелік қызметтік иттерді әртүрлі жағдайға бейімдеп даярлауда ескеріледі.

Ұлттық ұлан кинологиясында жаңа тәжірибе басталды
Аружан Жүнісованың қызметке келуі – ведомствоның кинология бағытындағы жаңа тәжірибесі. Ол әскери қызмет пен жануарларға деген сүйіспеншілігін бір мамандықта ұштастырып отыр.
Ал Чарлидің арнайы дайындықтан өтуі Ұлттық ұланда бұрын қолданылмаған ит тұқымының мүмкіндіктерін іс жүзінде бағалауға жол ашады.
Қазір жас кинолог пен оның төрт аяқты серігінің алдында күнделікті жаттығу мен кәсіби машықтарды меңгеру міндеті тұр. Олардың жұмысының нәтижесі қызметтік иттің дайындық деңгейіне қарай анықталады.

Бұған дейін біз Ұлттық ұланның 6654 әскери бөліміндегі кинология орталығы қызметтік иттерді даярлау және асылдандыру бағытындағы жұмысын кеңейтіп жатқанын жазған едік. Сол кезде орталық ІІМ кинологиялық қызметіне малинуа тұқымындағы үш итті табыстаған болатын.