«Отанды қорғау – абыройлы міндет»: Ұлттық ұлан офицерлері оқушылармен кездесті

868
Фотосурет: Ұлттық ұлан

2026 жылғы 20 қарашада Астана қаласының Сарыарқа ауданындағы мектептердің 11-сынып оқушыларына арналған «Отанды қорғау деген мамандық бар» атты әскери-патриоттық іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, Отан алдындағы жауапкершілікті сезіндіру, әскери қызметтің маңызын түсіндіру және әскери мамандыққа деген қызығушылықты арттыру.

Кездесу барысында 5573 әскери бөлімінің офицерлері оқушылармен жүздесіп, Ұлттық ұланның қызметі мен негізгі міндеттері, әскери қызметтің ерекшеліктері, әскери оқу орындарына түсу мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар, жасөспірімдерге әскери тәртіп, жауынгерлік даярлық, әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігі мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапты міндеттері түсіндірілді.

Офицерлер өз сөздерінде Отан қорғау – жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін абыройлы қызмет екенін атап өтті. Кездесу оқушылардың әскери өмірге деген қызығушылығын оятып, олардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап алуға мүмкіндік берді.

Кездесуге қатысқан 11-сынып оқушысы Дастан Смайлов мұндай шаралардың жас ұрпақ үшін маңызы зор екенін жеткізді.

«Бүгінгі кездесу біз үшін өте қызықты әрі тағылымды болды. Ұлттық ұлан офицерлерінің әңгімесінен әскери қызметтің қыр-сырын, Отан алдындағы борыш пен жауапкершіліктің маңызын тереңірек түсіндік. Әсіресе, әскери мамандықтың үлкен тәртіпті, батылдықты және табандылықты талап ететіні ерекше әсер қалдырды. Осындай кездесулердің арқасында әскери қызметке деген қызығушылығымыз артып, болашақ мамандығымызды таңдауға бағыт аламыз. Біз үшін Отан қорғау – үлкен құрмет әрі азаматтық парыз», – деді Дастан.

Мұндай әскери-патриоттық кездесулер жас буынның бойында елге деген сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, олардың азаматтық ұстанымы мен болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Өйткені елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Ал Отанға қызмет етуге деген құрмет пен жауапкершілік тәрбиеден басталады

Лейтенант Айгерім Балтабаева. 5573 әскери бөлімінің тілшісі

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -