Көкшетауда жас мемлекеттік қызметшілер бас қосты

805
Фотосурет: Ақмола облысы бойынша МҚІА

Ақмола облысында жас мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен «Елге қызмет: жауапкершілік пен мүмкіндік» тақырыбында ауқымды кездесу өтті. Кездесудің мақсаты – аға буын мен жас буын арасындағы алтын көпірді нығайту, тәжірибе алмасу және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру болып табылады.

Кездесуге мемлекеттік қызмет ардагерлері, жас мемлекеттік қызметшілер, олардың ішінде Президенттік жастар кадр резервінің, Өңірлік кадр резервінің мүшелері, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері, ауыл әкімдері және Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдаушылары қатысты.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрқат Тұрғанұлы Батырқұлов іс-шараны аша отырып, мемлекеттік қызмет саласының білімді, білікті, бастамашыл әрі жаңашыл ойлайтын жас мамандардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына кең мүмкіндік беретін маңызды институт екенін атап өтті.

Өз кезегінде мемлекеттік қызмет ардагері, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының және «Құрмет» орденінің иегері, Ақмола облысы «Демалыс және туризм индустриясының ассоциациясы» ЗТБ президенті, ҚР туризмінің құрметті қызметкері, профессор, академик Шынарбек Бүркітбайұлы Батырханов өздерінің жас мамандарға арнаған сөздерінде мемлекеттік қызметшілерге кәсіби қызметте жоғары жауапкершілік пен адалдық танытудың маңыздылығын атап өтіп, ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Іс-шарада Өңірлік кадр резервінің мүшесі, Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Нұркенұлы Мұхаметкалиев баяндама жасады. Нұрсұлтан Мұхаметкалиев 2024 жылы Өңірлік кадр резервіне іріктеліп, Қосшы қаласы әкімдігінің инспекторлық және аумақтық жұмыс бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды. Өзін жоғары білікті маман ретінде көрсете отырып, 2025 жылы Қосшы қаласы әкімдігінің аппарат басшысы лауазымына ауысты. 2026 жылдың қазан айында ауысу тәртібімен Қосшы қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Өз сөзінде спикер кадр резервінің мүмкіндіктері, мемлекеттік қызметтегі мансаптық ілгерілеу тетіктерінің артықшылықтары туралы айтты.

Зеренді ауданы Троицк селолық округінің әкімі Бауыржан Жанболатұлы Жолданғар жас мамандарды бюрократиядан аулақ болуға, бастама көтеруден қорықпауға шақырды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – халықтың сенімін ақтау.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бас маманы Аяулым Талғатқызы Нұрлан және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің түлегі, Зеренді ауданы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұрсұлу Сұлтанбекқызы Айткенова өздерінің білім шыңдау және мемлекеттік қызметтегі лауазымдарға конкурссыз орналасу тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара соңында қатысушылар арасында сындарлы пікірталас орнады. Естеріңізге сала кетсек, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтегі жастар үлесінің артуына барынша жағдай жасалуда. Өңіріміздің мемлекеттік аппаратының 27,5% жастар құрайтыны – мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа буын өкілдерінің белсенді тартылып, олардың әлеуетіне басымдық беріліп отырғанының айқын дәлелі. Болашақта ел тізгінін ұстайтын кәсіби кадрлар даярлау мақсатында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Президенттік жастар кадр резерві, Өңірлік кадр резерві және Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі бар. Сонымен қатар 2027 жылдан бастап Мемлекеттік қызметке даярлау институты өз жұмысын бастайды. Бұл бастамалар – талантты жастарды анықтап, олардың әлеуетін мемлекеттік қызметте тиімді қолдануға бағытталған.

Жазира Сейтмағанбетова, мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -