Жасанды интеллект мектептегі әлімжеттікті анықтауға көмектеседі. Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары бейнебақылау камералары арқылы итеру, соққы жасау және төбелес сияқты әрекеттерді анықтап, жауапты мамандарға хабарлама жіберетін жүйе әзірлед, деп хабарлайды DKNews.kz.
AI Guardian жобасының авторлары — Алматы-Наурызбай NIS мектебінің 11-сынып оқушылары Ерасыл Құдайбергенов пен Абдраш Абзал. Олар ересектердің назарынан тыс қалуы мүмкін әлімжеттік белгілерін ерте анықтауды мақсат еткен.
«Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында және телеарналарда мектептердегі буллинг жағдайлары туралы хабарламалар жиі жарияланып жүр. Біз оның алғашқы белгілерін қалай анықтауға болатынын ойластырдық», — дейді оқушылар.
Итерген сәттен бес секундтан кейін хабарлама келеді
Мектептегі әлімжеттік бір қарағанда елеусіз көрінетін әрекеттерден басталуы мүмкін. Бірін-бірі итеру, әдейі соқтығысу немесе жанжалға итермелеу уақыт өте келе жүйелі қысымға ұласуы ықтимал. Ал қысым көрген балалардың барлығы бірдей бұл туралы ересектерге айтуға дайын емес.
Алматылық оқушылардың жобасы мектептерде орнатылған бейнебақылау камералары арқылы ықтимал жанжалдарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.
«Мектептерде бейнебақылау камералары орнатылған. Алайда жазбаларды үздіксіз қарап отыру мүмкін емес, оған көп уақыт пен қосымша ресурс қажет. AI Guardian — бейнежазбаларды өздігінен талдап, физикалық агрессияның ықтимал белгілерін анықтайтын бағдарлама. Жасанды интеллект итеру, соққы жасау және арпалысу әрекеттерін танып, ұзақтығы 10–15 секунд болатын бейнеүзіндіні жібереді. Хабарлама буллингке қарсы бағдарламаны үйлестіруге жауапты адамның мобильді қосымшасына түседі», — деп түсіндірді жоба авторлары.
Мектеп психологы бірнеше сағаттық бейнежазбаны қарап отырмай-ақ, оқиға болған сәттің қысқа үзіндісін алып, жағдайды бағалай алады.
Оқушылар жүйенің прототипін мектеп камераларымен арнайы түсірілген көріністер мен күнделікті мектеп өмірінің бейнежазбалары арқылы сынақтан өткізген.
«Арнайы қойылым ретінде түсірілген көріністерде хабарлама оқушыны итергеннен кейін шамамен бес секундта келеді», — дейді Ерасыл Құдайбергенов.
200 сағаттан астам бейнежазба талданған
Жобаның ғылыми жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Мақпал Әбусалыққызы Мұқанованың айтуынша, команда жасанды интеллект моделін үйрету үшін 200 сағаттан астам бейнежазбаны талдаған.
Оқушылар адамның дене қалпын тануға, балалардың өзара әрекетін талдауға және физикалық күш қолдану белгілерін анықтауға арналған бірнеше алгоритмді пайдаланған.
Жүйе оқушылардың бет-әлпеті арқылы олардың жеке басын анықтамайды. Бағдарлама тікелей мектеп компьютерінде жұмыс істейді, бұл бейнежазбалардың құпиялылығын сақтауға мүмкіндік береді.
AI Guardian ықтимал агрессия белгілерін тіркейді. Алайда оқиғаның мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау жауапты маманның міндеті болып қала береді. Өйткені бір реттік итеру әрекетін жүйелі әлімжеттікпен теңестіруге болмайды.
Халықаралық байқаулардан мектептегі пилоттық сынаққа дейін
Алматылық оқушылардың жобасы бірнеше байқауда жоғары бағаланды. AI Guardian республикалық ғылыми жобалар конкурсының желілік кезеңінде бірінші орын мен алтын медаль, INFOMATRIX ASIA-2026 халықаралық байқауында күміс медаль және KIMEP AI Challenge-2026 қалалық жасанды интеллект жобалары байқауында екінші орын иеленді.
Ендігі кезең — жүйені пилоттық режимде енгізу. Күнделікті мектеп өмірінде жасанды интеллект балалардың қарапайым қимыл-қозғалысын агрессиядан қаншалықты дәл ажырата алатыны және мамандардың жанжалға дер кезінде араласуына қаншалықты көмектесетіні анықталмақ.
Бұған дейін біз Қазақстанда миллион оқушыны буллингтен қорғауға бағытталған ауқымды бастама туралы жазған едік.