Қазақстанда шипажайда емделуді қолжетімді ету көзделіп отыр. Депутаттар медициналық қызмет сапасын арттыру, жолдама алу мүмкіндігін кеңейту, инвестиция тарту және табиғи емдік ресурстарды тиімді пайдалану мәселелерін қамтитын жеке заң әзірлеу мүмкіндігін қарастыруда, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бастама «Әділет» партиясының адами капиталды дамыту, әлеуметтік қолдау және жастар саясаты жөніндегі жобалық кеңсесінің отырысында талқыланды. Жиынға Құрылтай депутаттары, салалық министрліктердің, ғылыми қауымдастық пен бизнес өкілдері қатысты.
Шипажайлар қызметі жеке заңмен реттелуі мүмкін
Қазақстанда санаторий-курорт саласында 333 ұйым тіркелген. Олардың 86 пайызы жекеменшікке тиесілі. Сонымен қатар елімізде мыңнан астам минералды су көзі бар, оның 600-ге жуығының емдік қасиеті ғылыми тұрғыдан дәлелденген.
«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жилкибаевтың айтуынша, саланы дамыту үшін медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, жеке инвестиция тарту және халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін кеңейту қажет.
«Азаматтардың барлық санаты үшін санаторийлік емнің қолжетімді болуы — ұлт денсаулығын нығайту мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды шарты. Ол үшін шипажайлардың инфрақұрылымы мен медициналық жабдықтарын жаңартып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың емделу мүмкіндігін кеңейту және жеке инвестициялар тарту қажет. Сонымен қатар санаторий-курорт саласын дамыту бірегей табиғи кешендерді сақтаумен, экопарктер құрумен және табиғи емдік ресурстарды ұқыпты пайдаланумен қатар жүруі тиіс», — деді Ержан Жилкибаев.
Құрылтай депутаты Шолпан Каринованың айтуынша, заңнамалық өзгерістерді зерделеуге төрт бейінді комитеттің депутаттары кіріскен.
«Сарапшылардың пікірінше, жеке заң жобасын және табиғи аймақтарға, жер қойнауы мен емдік суларға қатысты ілеспе түзетулерді әзірлеу мәселесі қарастырылуы мүмкін», — деді депутат.
Нарықтың басым бөлігін құрайтын жекеменшік шипажайлар үшін медициналық стандарттармен қатар табиғи ресурстарды пайдалану, нысандарды жаңғырту және инвестиция тарту шарттары да маңызды болмақ.
Медициналық оңалту мен санаторийлік емді ажырату ұсынылды
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық оңалту мен санаторий-курорттық емдеу ұғымдарын заңнамалық тұрғыдан ажыратуды ұсынды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың түсіндіруінше, медициналық оңалту ауыр сырқаттан, жарақаттан немесе операциядан кейін адамның денсаулығын қалпына келтіруге бағытталса, санаторийлік ем аурудың алдын алу мен денсаулықты нығайтуды да қамтиды.
Министрлік санаторий-курорттық емдеудің жеке стандартын әзірлеуді және Қазақстанның табиғи емдік ресурстарының бірыңғай дерекқорын құруды ұсынды. Онда минералды сулардың құрамы, емдік қасиеттері мен медициналық көрсетілімдері туралы ақпарат қамтылуы мүмкін.
Мұндай дерекқор азаматтарға шипажайды жолдама бағасы мен орналасқан жеріне ғана емес, денсаулық жағдайына қарай таңдауға көмектесер еді.
Қазақстандықтарға 151 мыңнан астам жолдама берілген
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде санаторий-курорттық емделуге 151 мыңнан астам жолдама берілген. 103 мыңнан астам азамат ем қабылдап үлгерген.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға 26 мың жолдама ұсынылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Айнұр Әбдірахманованың айтуынша, азаматтар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шипажайды өз бетінше таңдай алады. Қазір порталда 146 қызмет көрсетуші тіркелген.
Дегенмен жаңа заңды талқылау жеңілдікпен жолдама алатын азаматтар санаты бірден кеңейеді дегенді білдірмейді. Емделу қолжетімділігін арттырудың нақты тетіктерін депутаттар мен бейінді ведомстволар әлі анықтауы тиіс.
Шипажайларды жыл бойы жұмыс істейтін бизнеске айналдыру көзделуде
Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, 2023 жылы Қазақстанның шипажайлары 413 мыңнан астам адамды қабылдаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп.
Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұрбол Байжанов жұмыс істеп тұрған шипажайлар туралы мәліметтерді жаңартуды, инвесторларға қолайлы жағдай жасауды және жыл бойы сауықтыру туризмін дамытуды ұсынды.
Өңірлердегі кәсіпкерлер үшін бұл туристік маусымнан тыс уақытта да табыс табуға мүмкіндік береді. Мұның игілігін шипажайлармен қатар қонақүйлер, қоғамдық тамақтану орындары, жергілікті өндірушілер мен туристік компаниялар да көре алады.
Саланы дамытудың тағы бір бағыты — белгілі бір ауруларды емдеуге маманданған шипажайлар құру.
Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтының директоры Саягүл Қайыргелдинаның айтуынша, мұндай мекемелердің емдеу бағдарламаларын жергілікті табиғи ресурстардың қасиеттеріне қарай әзірлеуге болады.
Қазақстандағы заманауи шипажайларға қойылатын талаптар мен сәулет саласындағы жаңа үрдістер да кәсіби ортада талқыланып жүр.
Шипажайларда емдеу мен қаржыландыру цифрландырылмақ
Жиынға қатысушыларға пациенттерді есепке алуға және санаторийлік емдеуді қаржыландыру барысын бақылауға арналған отандық «e-Шипажай» цифрлық платформасы таныстырылды.
Жүйе «Бурабай» шипажайында 515 пациенттің қатысуымен сынақтан өткен. Жобаны жүзеге асыруға бюджет қаражаты жұмсалмаған.
Салаға қажетті мамандарды даярлау мәселесі де көтерілді. Қазақстанда 281 колледж туризм және қонақжайлылық саласы бойынша маман даярлайды. Оқу-ағарту министрлігі шипажайлардың қажетті кадрларды оқыту, оның ішінде кейіннен жұмысқа орналастыру жөніндегі өтінімдерін қарауға дайын.
Құрылтай депутаты Нұржан Ниязалиев денсаулық сақтау, туризм, инвестиция және табиғи емдік ресурстарды қорғау мәселелерін біріктіретін санаторий-курорт саласын дамытудың ұлттық тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды.
Жиын қорытындысы бойынша «Әділет» партиясының жобалық кеңсесі Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, салалық министрліктер мен сарапшылардың қатысуымен пысықталатын ұсыныстар әзірлейді. Шипажайлар туралы жеке заң қабылдау мәселесі әзірге талқылау сатысында.
Бұған дейін біз Рахман қайнарына апаратын жаңа жолдың Шығыс Қазақстандағы туризм мен инвестициялық жобаларға ықпалы туралы жазған едік.