Қарағандылық спортшылар әлемдік додада топ жарды. Жігер Алматай кәсіпқой джиу-джитсудан әлем чемпионы атанса, Ариана Байсеркеева күміс медаль иеленді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қос спортшы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Abu Dhabi World Professional Jiu-Jitsu Championship – 2026 әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғады. Екеуі де халықаралық жарыстарға қатысып, спорттық мансабын Қарағандының жоғары оқу орындарындағы біліммен ұштастырып жүр.
Жігер финалда атақты португалиялық спортшыны жеңді
Жігер Алматай қоңыр белбеу иегерлері арасында 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Шешуші белдесуде қазақстандық спортшыға Grand Slam сериясындағы турнирлердің үздік спортшыларының бірі қарсы тұрды.
«Жарыс өте жақсы өтті. Қарсыластарым мықты болды, әсіресе финалда. Шешуші белдесуде екі жылдан бері Grand Slam сериясындағы барлық турнирлерде жеңіске жетіп жүрген португалиялық спортшымен кездестім. Белдесу оңай болған жоқ, бірақ жеңіске жеткеніме қуаныштымын», — деді Жігер Алматай.
Спортшы MARIOBROS BJJ KAZAKHSTAN академиясының атынан өнер көрсетеді. Ол Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде білім алады.
Джиу-джитсумен сегіз жылдан бері айналысып жүрген Жігер 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем және Азия чемпионы атанған. Сондай-ақ ересектер арасындағы Азия чемпионаттарында жүлде алып, Ислам ынтымақтастығы ойындарында жеңіске жеткен.

Ариана Байсеркеева Абу-Дабиге алтын алу үшін барды
Қарағанды облысының қоржынына екінші медальді Ариана Байсеркеева салды. Ол күлгін белбеу иегерлері арасында 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Ариана OA JJ академиясының атынан өнер көрсетеді және академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің шет тілдері факультетінде оқиды.
Спортшы джиу-джитсумен 15 жасынан бастап айналысады. Ол — спорт шебері, ересектер мен 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы, Еуропа мен Азиядағы халықаралық турнирлердің жеңімпазы әрі жүлдегері.

Әлем чемпионатына алтын медаль алуды мақсат етіп барған Ариана күміс жүлдені алдағы жеңістерге бастайтын қадам деп қабылдайды.
«Финалда өте мықты әрі лайықты қарсыласпен кездестім. Мұндай деңгейде кездейсоқ спортшылар болмайды. Меніңше, осындай белдесулерде ұсақ-түйектің өзі шешуші рөл атқарады: бір тактикалық шешім немесе шағын қателік белдесудің нәтижесіне әсер етуі мүмкін. Қазір өз өнерімді объективті түрде талдап, осал тұстарымды анықтап, қай бағытта жұмыс істеу керегін түсіну маңызды. Бұл нәтижені жеңіліс деп емес, спорттық жолымның кезекті кезеңі деп қабылдаймын. Әлем чемпионатының күміс жүлдесі — үлкен жетістік. Алға қойған мақсатымды білемін және қол жеткізген нәтижемен шектеліп қалмаймын», — деді Ариана.
Абу-Дабидегі әлемдік додадан кейін қос спортшы Қазақстан чемпионатына дайындықты қолға алмақ.
Бұған дейін Қарағанды облысының спортшылары Абу-Дабидегі джиу-джитсудан әлем чемпионатында бес медаль жеңіп алғанын хабарлаған едік.
