Жүздеген жүргізуші интернет-алаяқтардың арбауына түскен. Қарағандыда автокөлік бөлшектерін сату арқылы тұрғындарға 212 миллион теңге шығын келтірді деген күдікпен 35 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қарағанды полициясының мәліметінше, қылмыстық іс бойынша Қазақстанның түрлі өңірінен 219 жәбірленуші анықталған.
Шағын аударымдардан миллиондаған шығынға дейін
Тергеу мәліметінше, күдікті 2024 жылдың ақпанынан бастап интернетте қолында жоқ автокөлік бөлшектерін сату туралы хабарландырулар жариялаған.
Бастапқыда ол сатып алушылардан аз мөлшерде ақша алып, болмашы шығын үшін олардың полицияға жүгінбейтініне сенген.
Кейін аударым сомалары өсе бастаған. Күдікті сатып алушылардың ақшасын алған соң байланысқа шықпай, телефон нөмірлерін ауыстырып отырған.
Жәбірленушілер саны 219 адамға жетті
Азаматтардан түскен арыздар негізінде Ә. Бөкейхан атындағы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктіні ұстады.
Анықталған қылмыстық эпизодтар бойынша жалпы шығын 212 миллион теңгеге жеткен. Бұл әр жәбірленушіге шаққанда орта есеппен бір миллион теңгеге жуық қаражатты құрайды.
Тергеу-жедел тобы интернет-алаяқтықтың жаңа эпизодтарын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жәбірленушілер саны мен жалпы шығын көлемі әлі де өсуі мүмкін.
Бұған дейін біз Алматыда киім сату желеуімен жасалған интернет-алаяқтықтың қалай әшкереленгені туралы жазған едік.