Қаржы пирамидаларының айласы көбейді. Алаяқтар инвестициялық клубтар, криптовалюта жобалары мен жабық чаттар арқылы қазақстандықтарды тартып, аз ғана қаражат салып, мол табыс табуға болатынына сендіреді, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) азаматтарға осындай ұсыныстардың қауіпті екенін ескертті. Алаяқтар адамдардың жинаған қаражатын иемдену үшін цифрлық технологияларды, қаржылық терминдерді және психологиялық қысым көрсету әдістерін пайдаланады.
Қаржы пирамидасының 6 негізгі белгісі
Қаржы пирамидаларының сыртқы көрінісі өзгергенімен, жұмыс істеу тәсілі сол күйінде қалды. Бұрынғы қатысушыларға төленетін қаражат жаңа салымшылардың жарнасынан алынады. Жаңа қатысушылардың қатары азайған кезде пирамида күйреуі мүмкін.
Қаржы реттеушісі алаяқтық схеманы анықтауға көмектесетін алты белгіні атады:
- Жоғары әрі кепілдендірілген табыс. Ұйымдастырушылар нарықтағы көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары кіріс ұсынады және ешқандай тәуекел жоқ деп сендіреді.
- Жаңа қатысушыларды тартқаны үшін сыйақы. Салымшылардың табысы жобаға шақырған адамдардың санына және олардың салған қаражатына байланысты болады.
- Лицензия мен қаржылық есептіліктің болмауы. Компания табыс көздерін ашып көрсетпейді, ал келісімшартта салынған қаражаттың сақталуына қатысты жауапкершілік нақты жазылмайды.
- Әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнама. Клиенттерді мессенджерлер мен жабық топтар арқылы тартып, ақшаны күмәнді тәсілдермен аударуды ұсынады.
- Заңды бизнес ретінде бүркемелену. Қаржы пирамидасы инвестициялық қор, қаржы орталығы немесе болашағы зор стартап ретінде таныстырылуы мүмкін.
- Алғашқы жарнаның аз болуы. Ұйымдастырушылар бастапқыда шағын сома салуды ұсынып, кейін салым көлемін біртіндеп арттыруға көндіреді.
Алғашқы төлемдердің уақытында түсуі де жобаның сенімді екенін білдірмейді. Бұл қаражат инвестициялық қызметтен түскен пайда емес, басқа қатысушылардың ақшасы болуы мүмкін.
Алаяқтар криптовалюта мен букмекерлік ставкаларды пайдаланады
Жалған инвестициялық жобалар да ақша жымқырудың бір тәсіліне айналған. Қазақстандықтарға болашағы зор онлайн-платформалар мен криптовалюта стартаптарына қаржы салып, жоба іске қосылғаннан кейін қомақты пайда табу ұсынылады.
Қаражатты жинап алған соң ұйымдастырушылар із-түзсіз жоғалып кетуі мүмкін. Мұндай жобаларда жаңа қатысушыларды тарту міндетті бола бермейді. Сондықтан рефералдық бағдарламаның болмауы инвестицияның қауіпсіз екеніне кепілдік бермейді.
Алаяқтардың тағы бір тәсілі — спорттық бәс тігуден кепілді ұтыс ұсыну. Букмекерлік қызметке лицензиясы жоқ ұйымдастырушылар адамдардың сеніміне кіру үшін мессенджерлер арқылы жалған төлем түбіртектерін жібереді.
Тауардың болуы бизнестің заңды екенін білдірмейді
Қаржы пирамидалары желілік маркетинг атын жамылып та жұмыс істеуі мүмкін. Олардың арасындағы негізгі айырмашылық — табыс көзі.
Заңды желілік маркетингте кіріс нақты тауарлар мен қызметтерді сатудан түседі. Ал қаржы пирамидасында қатысушыларға жаңа салымшылардың ақшасы төленеді.
Сондықтан қаражат салмас бұрын компанияның неден пайда табатынын және жаңа қатысушыларды тартпай-ақ өз міндеттемелерін орындай алатынын анықтау қажет.
Ақша аудармас бұрын инвестициялық жобаны қалай тексеруге болады?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі келісімшарт жасаспас бұрын қаржы ұйымының тиісті лицензиясы бар-жоғын ресми сайттан тексеруге кеңес береді.
Ақша аудару шарттарына да ерекше назар аударған жөн. Қолма-қол ақша беруді талап ету, күмәнді электрондық әмияндарды пайдалану және төлемдердің ашық жүргізілмеуі инвесторды сақтандыруы тиіс.
Инвестицияны санаулы адамдарға ғана берілетін ерекше мүмкіндік ретінде ұсынатын жабық чаттардағы ұсыныстарға да сақтықпен қарау қажет.
Ақшаңызды алаяқтарға аударып қойсаңыз, не істеу керек?
Инвестициялық жобаның қаржы пирамидасы екеніне күмәндансаңыз, мүмкіндігінше тезірек полицияға және Қаржылық мониторинг агенттігіне (ҚМА) жүгіну қажет.
Ұйымдастырушылармен жазысқан хаттарды, келісімшарттарды, түбіртектер мен ақша аударымдарын растайтын құжаттарды сақтап қойыңыз. Олар тергеу барысында дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Сондай-ақ туыстарыңыз бен таныстарыңызға ескерткен жөн. Әсіресе оларға да осындай инвестициялық ұсыныс түскен болса, дер кезінде хабар беру маңызды.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар 12 жылға дейін сотталуы мүмкін
Қазақстанда қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Заңда көзделген ауырлататын мән-жайлар болған кезде кінәлі адамның мүлкі тәркіленіп, өзі 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жекелеген жағдайларда белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы да қарастырылған.
Жинаған қаражатыңызды алаяқтардан қорғау жөніндегі толық ұсынымдармен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтынан таныса аласыз.
Бұған дейін біз заманауи қаржы пирамидаларының қалай жұмыс істейтіні және адамдардың оларға неліктен әлі де сенетіні туралы жазған едік.