«Ақ жол» мәслихат сайлауына 430-дан астам кандидат ұсынды

742
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: Ақ жол партиясы

«Ақ жол» партиясы сайлауалды науқанын қорытындылады. Үгіт-насихат барысында тұрғындар көтерген мәселелер партия атынан сайланатын мәслихат депутаттарының алдағы жұмыс жоспарына негіз болмақ.

Партияның мәліметінше, 27 қарашада Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының отырысы өтіп, сайлауалды науқанның қорытындысы мен болашақ депутаттардың міндеттері талқыланды.

Өңірлерде 1,5 мыңға жуық іс-шара өткізілді

Сайлауалды науқан кезінде партияның өңірлік филиалдары сайлаушылармен тікелей кездесуге басымдық берген.

Еңбек ұжымдарымен 580-ге жуық, кәсіпкерлермен және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен 165-ке жуық кездесу ұйымдастырылған. Кандидаттар жастармен, қоғамдық ұйым өкілдерімен және жергілікті тұрғындармен де жүздескен.

Тұрғындар жол, газ және дәрігер тапшылығы мәселелерін көтерді

Өңірлердегі кездесулерде жол жөндеу, ауылдарды газдандыру, қоғамдық көлік тапшылығы және аулаларды абаттандыру мәселелері көтерілген.

Әлеуметтік салада тұрғындарды емханаларға түсетін шамадан тыс жүктеме, дәрігерлердің жетіспеушілігі және мектептердегі орын тапшылығы алаңдатады.

Кәсіпкерлер салық жүктемесі мен отандық өнімді өткізуге байланысты қиындықтарды алға тартқан.

Партияның хабарлауынша, жиналған өтініштер жергілікті атқарушы органдарға жолданады.

Кандидаттар құрамы жаңарды

Құрылтай Төрағасының орынбасары, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева биылғы сайлауға ұсынылған кандидаттар құрамының жаңарғанын атап өтті.

«Біздің кандидаттарымыздың арасында тәжірибелі депутаттар да, жаңа есімдер де, өз ісінің кәсіби мамандары мен кәсіпкерлер де бар», — деді ол.

Партия төрағасы өңірлік филиалдардың қызметкерлеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, кандидаттарға сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін еске салды.

Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашада өтеді.

Бұған дейін біз Қазақстанда мәслихаттардың өкілеттігі қалай кеңейетінін және сайлаудан кейін жергілікті депутаттардың жұмысында қандай өзгерістер болатынын жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -