Алматыда сайлау сыйлықтармен басталды. Таңертең ерте дауыс беруге келген тұрғындарға естелік кәдесыйлар мен тәттілер ұсынылып жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
29 қарашада Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр.
Алғашқы сайлаушыларды қалай қарсы алды?
Алмалы және Түрксіб аудандарында дауыс берудің алғашқы минуттарынан бастап тұрғындар белсенділік танытуда. Жексенбілік таңын сайлау учаскесіне барудан бастаған алматылықтарға шағын сыйлықтар дайындалған.
Бұл игі дәстүрді мегаполистің өзге аудандары да қолдады. Естелік кәдесыйлар, тәттілер мен жылы лебіздер сайлау учаскелерінде мерекелік көңіл күй қалыптастырды.
Алматыда 670 сайлау учаскесі ашылды
Қала тұрғындарына сайлау күні тіркеуден өту мүмкіндігі де қарастырылған.
Алматыда тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтар үшін 41 сайлау учаскесінде бір күндік тіркеу қызметі қолжетімді.
Мегаполисте барлығы 670 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Бұған дейін біз Қазақстанда мәслихаттардың өкілеттігі қалай өзгеретіні және жаңа депутаттардың алдында қандай міндеттер тұрғаны туралы жазған едік.