Қазақстанда есірткі саудасына тосқауыл күшейді. 2026 жылдың алғашқы он айында полиция 32 тоннадан астам есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол бермей, мыңдаған интернет-ресурс пен банк шотын бұғаттады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап, Polisia.kz хабарлады. Жыл басынан бері есірткіге қатысты 6,5 мың құқық бұзушылық анықталған. Оның 3 мыңнан астамы – қылмыстық құқық бұзушылық.
14 мыңға жуық банк картасы мен шот бұғатталды
ІІМ есірткі бизнесіне қарсы күресті интернет кеңістігінде де күшейтті. Полиция заңсыз контент тарататын интернет-ресурстарды анықтап, есірткі саудасында пайдаланылатын қаржы арналарына тосқауыл қойып жатыр.
Он ай ішінде «Киберқадағалау» жүйесіне 30 мыңға жуық интернет-ресурс енгізілген. 11 мыңнан астам сайт пен жалпы сомасы 283 млн теңгеден асатын 14 мыңға жуық банк картасы мен шот бұғатталды.
Бұл шаралар есірткі бизнесінің екі негізгі тетігін – интернет арқылы есірткі таратуды және заңсыз ақша айналымын шектеуге бағытталған.
Қазақстанда 117 есірткі және фитозертхана жойылды
Заңсыз айналымға жіберілмеген есірткінің бір тоннадан астамы синтетикалық заттар болған.
Құқық қорғау органдары 23 есірткі зертханасы мен 94 фитозертхананы жойды. Сегіз ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Олардың бірі трансұлттық деңгейде әрекет еткен.
ІІМ мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топтардың жетекшілері деген күдікпен 10 адам және 43 қатысушы ұсталған.
Есірткі контрабандасының 147 дерегі анықталды
Есірткі тасымалына қарсы күрес халықаралық деңгейде де жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары халықаралық ынтымақтастық аясында екі сыртқы бақыланатын жеткізілім операциясын өткізсе, ел аумағында осындай 18 операция жүргізген.
ІІМ есірткіні заңсыз өндірумен және таратумен айналысатын қылмыстық топтардың қызметін тоқтату жұмыстарын жалғастырмақ.
«ІІМ есірткі қылмыстарының жолын кесу бойынша кешенді жұмысты жалғастырады», – деді ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Мадияр Сейтжағыпар.
Бұған дейін біз ҰҚК есірткі тасымалдайтын сегіз халықаралық арнаның жолын кесіп, үш ай ішінде 1,3 тоннадан астам есірткі затын тәркілегені туралы жазған едік.